Онгарова Б.К.
№1 Алматы қазақ мемлекеттік
гуманитарлық- педагогтік колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы
Әлемдегі Сovid-19 инфекциясының таралуы бүгінде біздің елімізде де орын алып отыр. Сондықтан санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты ағымдағы оқу жылының наурыз айынан бастап қашықтықтан оқыту форматына № 1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжі де көшті. Қашықтан оқыту, әрине, барлығымызға оңайға соқпаса керек. Алғашқыда ұстаздардың да, білім алушылардың да көкейінде көптеген сұрақтармен қоса, үрейдің де болғаны аян. Дегенмен, қашықтықтан жұмыс жасауда педагогтардың жинақтаған тәжірибесі жоқ болса да, ұстаздарға ақпараттық коммуникациялық технологиялар, цифрлық білім беру ресурстары, электронды оқулықтар мен журнал жүйелері таңсық емес.
Бүгінде түрлі әдістемелік-нормативтік құжаттарда қашықтықтан оқытуды түрлі қырларынан ашатын біраз анықтамалар берілуде. Солардың бірінде «қашықтықтан оқыту — білім алуда оқытушыға немесе оқу орнына назар аударылмайтындай, білім алушылардың жеке қажеттілігіне негізделген əдістеме» — делінген. Сөйтіп, қашықтықтан оқыту деп — кейс технологиясын, интернет технологиясын, телекоммуникация технологиясын (ТВ-технологиясын) немесе оқытудың барлық формаларында қолданылатын технологиялардың қосындысын түсінеміз. Бұл оқыту форматының технологияларын 3 категорияға бөлуге болады:
— педагогикалық технологиялар (дəстүрлі оқытудан білім алушының дəл ортада болуына көшу);
— оқытудағы ақпараттардың берілу технологиясы (баспалық технологиядан мультимедианы қолдануға көшу);
— оқытудағы ақпараттарды беру жəне оқу үрдісін қолдау технологиясы («бетпе-бет» əрекеттесуден Интернет арқылы байланысуға көшу).
Бұл ретте біздің колледж сайтында қашықтықтан оқытуға байланысты қосымша бет ашылып, әдістемелік нұсқаулықтар, ұсынымдар, жадынамалар орналастырылды. Ал информатика пәні оқытушылары педагогтарға интернет ресурстарында жұмыс жасаудың алгоритмдік қадамдарын ұсынып, «Оқушымен кері байланысты орнату», «Оқу материалдарын әзірлеу», «Бейнесабақтарды түсіру жолдары» тақырыптарында вебинарлар ұйымдастырды.
Өзім дәріс беретін «Дене тәрбиесі оқыту әдістемесімен» сабағынан «Дене шынықтыру сабағының құрылымы», «Дене шынықтыру сабағында қолданылатын әдіс-тәсілдер», «Бастауыш сыныптағы сынақтар» тақырыптарында бейнесабақтар түсіріп, Zoom бағдарламасында вебинар сабақтарын өткіздім.
Студенттер тарапынан мұндай сабақтар жақсы қабылданды: вебинар барысында берілген тапсырмаларға белсенділік танытып, кері байланыс берілді; Paragraf bilim платформасында берілген үй тапсырмаларына жауапкершілікпен қарап, шығармашылықпен орындады.
Сондай-ақ, болашақ мамандардың кәсіби және әдістемелік біліктілігін арттыруда кәсіптік тәжірибенің рөлі ерекше екені мәлім. Бұл ретте оқу тәжірибесі бойынша «Критериалды бағалау моделі», «Сауат ашу сабақтары бойынша қысқа мерзімді жоспар құру», «Математика сабақтарында қалыптастырушы бағалауды қолдану» тақырыптары бойынша бірнеше бейнесабақтар түсірілді. Кері байланыс ретінде студенттер де бастауыш сыныптарда таңдалған пәндері бойынша бейнесабақтар түсіріп, оларды интернет ресурстарына жүктеді.
Осылайша, қашықтықтан оқыту бүгінгі стандартталған білім жүйесіне жаңа толқын, жаңа дем алып келді. Қалыптасқан жағдайға сәйкес, онымен қоса, заман талабына сай, тез арада өзгерістерге дағдыланып, өз міндеттерін бұрынғыдай мүдірмей орындау әрине оңайға соққан жоқ. Дегенмен, әр оқытушы ақпараттық-коммуникативтік технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мультимедиялық ресурстармен жұмыс жасау біліктерін арттырды. Соның аясында әрбір мұғалім өз білімін үнемі көтеруге, жетілдіруге талпынды. Ал бұл еліміздің білім деңгейін көтеруге бірден-бір әсер етуші фактор. Өйткені, «білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп» демекші, еліміздің жарқын болашағын көргіміз келсе, халқымыздың білім деңгейін көтеру — біздің бірінші мақсатымыз болу қажет.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1.»Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасынң Заңы 2019 ж 27 желтоқсан туралы» Қазақстан Республикасынң Заңы 2019 ж 27 желтоқсан
№ 293-VI ҚРЗ
- Сейітбатталова А.С., Маусымбаев С.С. Построение системы дистанционного обучения педагогического вуза как фактор интеграции Республики Казахстан в мировое образовательное пространство // Вестн. КарГУ. — Сер. Педагогика. — № 3(47)/2007. — С. 79–87.
3.Егоров В.В., Жилбаев Ж.О. Проблемы дистанционного обучения в условиях непрерывного образования // Педагогиче- ские проблемы информационно-технологической подготовки специалистов высшей школы: Сб. науч. тр. — Караганды: Изд-во КарГУ, 2004. — С. 3–7.
4.Қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру. Негізгі ережелер. ҚРМЖМБС 5. 03.004 — 2006.