Home » Мақалалар » Зерттеушілік қызмет принциптері

Зерттеушілік қызмет принциптері

Жубаниязова Майра Куантаевна
Ақтөбе  облысы, Мұғалжар ауданы
Саға жалпы білім беретін орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 

      Мазмұны жаңартылған бағдарлама мектептегі оқыту мен оқу процесіне жаңаша серпін әкелді. Ұсынылған талаптарға сай мұғалімдердің де осы бағытта өз білімдерін жетілдіру міндеті тұр.

 

Жаңартылған білім мазмұны оқушының зерттеушілік дағдысын жетілдіруді көздейді. Зерттеу әрекеті – оқушының жеке шығармашылығына бағытталған әрекет. Мұндай әрекет оқушының жеке білім аумағын қалыптастыру арқылы оқыту мен оқудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Зерттеуге негізделген оқу кіші мектеп жасынан бастау алады. Оқушының зерттеушілік қызметін нәтижелі ұйымдастыру үшін педагогтер зерттеу принциптерін ескеруі қажет деп ойлаймын.

Ұстаздар қауымы, алдымен оқушы бойында жалпы зерттеулік ізденіске қажет білік пен дағдыны дамытуға мән бергеніміз дұрыс.

Мектептегі зерттеушілік қызмет төмендегідей  принциптерге негізделеді:

  1. Зерттеу ұғымын кеңінен түсіндіру принципі. Зерттеулік оқыту жағдайында «зерттеу» ұғымын тек эмпирикалық таныммен шектемей, оны кең ашу неғұрлым нәтижелі болатыны сөзсіз.

Мұндай шектеуліктің бірнеше себептері бар, оның бірі – «зерттеу» ұғымын жете түсінбеу. Мысалы, көптеген әдіскерлер, пән мұғалімдері, «зерттеу» ұғымын тек эмпирикамен шектелетіндігіне сенімді, нәтижесінде олар зерттеулік білік пен дағдыға, тек соның көлеміндегі тәжірибелі танымға тікелей қатысты қызметті ғана жатқызады. Ал одан тыс тұрғандарды, мысалы: проблемаларды көре білу, өзіндік ізденіс нәтижесінде материалдарды жинақтай білу, тіпті басқалармен жазылған мәтіндерді талдау кезінде түпкілікті жаңа ақпарат таба білу олардың назарынан тыс қалады.

  1. Жалпы зерттеу біліктері мен дағдыларының өзіндік құндылық принципі.

Зерттеулік оқытуда баланың жалпы зерттеу білімдері мен дағдыларын дамыту мәселесі жеке танымдық іс-әрекеті емес, өмірдің ерекше стилін қалыптастырудың негізгі жолы ретінде танылады. Мұндай өмір сүру стилінде іздену белсенділігі алдыңғы жүргізуші орын алады.

Жалпы зерттеу біліктілігі мен дағдылары табиғаттың қандай да бір қарапайым заңды іс-әрекеттерін көрсетуге ғана емес, қазіргі өзгермелі өмірге сәйкес жеке тұлғаның үнемі ауыспалы қоршаған ортаға бейімделуінің маңызды тәсілі ретінде қарастырылады.

  1. Пәнаралық байланыс принципі.

Сондықтан жеке ғылымда қолданылатын зерттеулік әдістер мен олар талап ететін зерттеу біліктігі мен дағдыларының өзіндік ерекшелігі – оларды бір ғана ғылыми пәнге жүктеп қою идеясын болдырмау. Зерттеулік ізденістің жалпы білік пен дағдыларын дамыту мәселесін тек бір пәнмен байланыстыру қате шешім болып табылады.

  1. Тренингтерге сүйену принципі.

Баланың когнитивті өрісін арнайы білімдермен байыту, оның зерттеулік ізденіс біліктері мен дағдыларын дамыту жұмысында дәстүрлі білім беруден өздігінше дербес, арнайы тренингтік сабақтар өткізу неғұрлым нәтижелі болады. Мұндай сабақтар зерттеулік ізденіс жағдайын қажет ететін арнайы білім алуға, барлық зерттеулік ізденістер мен дағдыларды өңдеп, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

  1. Импровизация принципі.

Балаларды арнайы біліммен оқытуға, олардың зерттеулік ізденіс біліктері мен дағдыларын дамытуға бағытталған сабақтарды жоспарлап жүргізу кезінде мұны қатаң, алдын ала өңделген алгоритм бойынша жасау мүмкін емес екенін ескеру қажет. Зерттеу іс-әрекеті – шығармашылық іс-әрекет. Ол икемділікті, шешім таба білуді, жедел ойлауды қажет етеді. Сондықтан да мұнда импровизация сәттерінің болғаны дұрыс.

Зерттеушілік жұмыстың негізгі компоненттері:

  • Мазмұндық бөлім. Бұл бөлім жалпы білім мен арнаулы білім, дүниетанымдық, әдіснамалық, кәсіптік тұрғыда маңызды білім мен түсініктерді қамтиды.
  • Әрекеттік бөлім. Мұнда зерттеушілік әрекетті жоспарлаудың алғашқы білік-дағдылары; эксперименттік мәліметтерді алуды жоспарлау, және алынған мәліметтерді статистикалық өңдеу; жүргізіліп отырған зерттеу жұмысының мазмұны мен нәтижелерін жазбаша түрде де, ауызша баяндама-хабарлама түрінде де қысқа әрі дұрыс баяндау, өзін-өзі бақылай алу, зерттеушілік жұмысын реттей білу қамтылған.
  • Мотивациялық-жігерлілік бөлімі. Зерттеушілік әрекетте мотивациялық бағыттылықтың жоғары болуы аса маңызды, ол алға қойылған мақсатқа жетуге деген ерекше қызығушылықпен, оның шешімін табу жолдарын белсенді түрде іздестірумен сипатталады. Зерттеушілік жұмыстың нәтижелілігіне баланың ерік-жігерінің де ықпалы зор. Табандылық, қиындықтан қажымай алға қойған мақсатынан айнымастан бастаған ісін аяғына дейін жеткізе білу, батылдық – мұның бәрі ғылыми зерттеушілікпен шұғылданушы бойынан табылатын қасиеттер.
  • Ақпараттық бөлім. Жаңа ақпараттық технологиялар оқушының зерттеушілік тиімді әрекеттерін қамтамасыз ететін ажырағысыз бөлшегі болып табылады. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану деңгейі түрліше болуы мүмкін: компьютерлік техника мен оның қосалқы жабдықтары көмекші құрал есебінде пайдаланылатын зерттеушілік және зерттеу-жобалаушылық жұмыстар; компьютерлік техника мен оның қосалқы жабдықтары зерттеу жұмыстарын орындаудың негізгі құралы болып табылатындары. Мұндай жұмыстар ғылыми жаңалығы мен жаңа технологияларды қолдану деңгейі жағынан әртүрлі болуы ықтимал.
  • Дүниетанымдық бөлім. Зерттеушілік әрекеттің маңызды тәрбиелік жағы – оқушылардың дүниетанымын айқындайтын көзқарас, ұстаным, арман-мүдделері мен түсініктерінің қалыптасуы. Оқушылар бойында берік орнаған білім дүниетанымдық қызметін ең әуелі олардың табиғатқа, ғылымға, техника әлеміне құндылықтық қарым-қатынасын әлеуметтік-саяси, экономикалық, экологиялық және қоғамдық дамудың өзге жақтарын ұғынуға байланысты қолданбалы зерттеулер жүйесінде тәрбиелеу үдерісінде атқарады.

Оқушыларға зерттеу ұғымын кеңінен түсіндіру және олардың зерттеу қабілеттерін дамыта білу педагогтердің кәсіби шеберліктерін қажет етеді. Балаларға шығармашылық іс-әрекет дағдыларын меңгерте отырып, ұстаздар қауымы әр баланың зерттеу қабілеттерінің жеке дара екенін естен шығармауымыз қажет.

Анықтамалық әдебиеттер:

  1. Савенков А.И. Путь в неизведанное. Развитие исследовательских способностей учащихся. – Москва: 2005 г. -203.
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші деңгей бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2012. Астана, 202 бет.
  3. Н.Задорожная, И. Низовская. От педагогического опыта к педагогической рефлексии. Бишкек, 2011

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.