Home » Мақалалар » Ұлттық теңге – мемлекет мерейі

Ұлттық теңге – мемлекет мерейі

«Төл теңгеміз – Елдігіміз бен Егемендігіміздің шынайы белгісі. Біз тоқсаныншы жылдардың басында негізгі нарықтық реформаларды жүзеге асырдық. Қаржы қатынастарын кешенді түрде қайта қарап, жаңғырттық. Әлемдегі озық тәжірибені ескере отырып, банк саласына түбегейлі өзгерістер енгіздік.

Еліміздің толыққанды қаржылық инфрақұрылымы жасалды». 

 

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ

ҚР Президенті

 

Ұлтты ұлық ететін, мемлекеттің мерейін өсіріп, әлемдік кеңістікте әлеуетін арттыратын бірден-бір нәрсе – ұлттық валюта. Тарихы тереңнен тамыр тарқатқан қазақ ұлтының мекен етіп келе жатқан киелі топырағында, бір жарым мың жыл уақыт ілгері теңгелер соғылған. Жазба тарихымыз соңғы кездері қазба жұмыстарының арқасында едәуір байып келеді. Мемлекеттік рәміздер әлемдік деңгейде әр ұлттың символы ретінде саналғанындай, «ұлттық валютада» әр ұлтты айшықтайтын нышаны екені анық. Ендеше мемлекетіміздің ең айшықты бедерлері өрнектелген «Ұлттық теңгеміз» хақында тарихты археологиялық, нумизматикалық, ұлттық құндылықтар бойынша сөйлетейік.

Көшпенділіктің өркениетті дәуірінде өмір сүрген ата-бабаларымыз әуелгі ғасырларда нақтылы ақшаны пайдаланбаса да төрт түлік арқылы айырбас саудасын жүргізген. Десекте қалаларда, отырықшы өлкелерде алтын, күміс, мыс теңгелер пайдаланылған. Ең алғашқы теңгелердің пайдалану уақыты Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардан қазба кезінде табылды. Сонымен қатар қытайлық буддист Сань Цзан 640 жылы жазған қолжазбасында, көрші түркілерлердің жиырма жеті қожалығында сауда жасау үшін алтын мен күмістерді пайдаланылғандығын жазады. Осы кезеңде яғни IV-V ғғ. мыс теңгелер Бұхара атырабынан табылған. Бұл мыс теңгелерді зерттеушілер, теңгелерді скифтік, деп таныды.

Ғасырлар жылжып, айлар ағып, уақыттар сырғыған кезде теңгелер мен қағаз ақшалардың да рөлі артып, түрлері көбейе бастады. Ислам дінін мемлекеттік дін деп қабылдаған Қарахан мемлекетінде дөңгелек мыс дирхемдер өте көп қолданыста болған. Орталық Азия қалаларында қалалық, қалааралық теңгелер айналым жүйесі жүрген. Мысалы Самарқанд өңірінен табылған дирхемдерде: «Самарқанд пен осы қаланың айналасында кімде-кім бұл дирхемді алмаса, ол қылмыскер» делінген.

Өркениеті өрлеген ежелгі Фараб оазисі мен Тараз атырабындағы қалаларда 1251 жылдары төл теңгелерін соға бастаған. Отырар қаласындағы монеталар үш номиналға бөлінген. Олар: фельс – мыс ақша, дирхам – күміс ақша, динар – алтын ақша.

Бүгінгі таңда біз айтып жүрген «теңге» сөзі он бесінші ғасырдың алғашқы ширегінде пайда болды деген зерттеушілердің дереккөздері бар. Бірақ ол кезде «тәңға» деп аталған екен. Дәуірі мен мезгіліне қарай теңгелердің түрі мен тұсы ауыса берсе де, негізгі мағынасы өзгермеген. Ислам діні қарқынды дамыған орта ғасырларда теңгелерге хадистер мен түрлі саудаға байланысты дұғалар жазылған. Қазақ топырағында теңгелердің көптеп пайдалануы отырықшылықтың да қарқынды дамығандығының айғағы.

Міне осылайша азды-көпті теңгенің қазақ жерінде пайда болуы мен дамуы жөнінде мағлұматтар келтірдік. Ендеше тәуелсіздік дәуіріндегі теңге туралы, оның айналым жүйесі туралы талдау жасасақ.

Жетпіс жылға жуық салтанат құрған Кеңес кезінде одаққа қарайтын барлық республикалар бір валюта қолданды. Яғни «рубль». Банкноттардың барлығы бір жерден шығарылып барлық республикалардың банктеріне құйылып отырды. Дәуір дидары бұзылып, КСРО ыдырағаннан кейін бір орталыққа бағынатын мемлекеттер жеке дербес мемлекет болып құрылып кетті.

Егемендік алған әрине ерекше бақыт. Бірақ қаржы-эканомика тұрғысынан қарағанда көптеген республикаларға оңай түсе қойған жоқ. Басында бірді-екілі банкроттар кейіннен мемлекеттік деңгейге көтеріліп кетті. 1992 жылдың басында Қазақстан Ресейдің орталық банкінен валюталарды тегін алды. Ағымдағы жылдың екінші жартысында мемлекетіміз тіптен Ресейден банконттарды алуды саябырлатып, тоқтатты десек те болады.

1992 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі Президумының қаулысы шықты. Ол қаулыда: «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі дайындық шаралары туралы» делінген. Яғни ұлттық негіздегі теңгелеріміздің алғышарты осы қаулыдан басталса керек. Араға бір ай салып, Мемлекет басшысының ұлттық валюта бойынша «Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банкінің теңге сарайын құру жөніндегі бірінші кезектегі шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік Банкінің полиграфиялық баспа фабрикасын құру туралы» құпия жарлықтары шықты. Осы жылдың маусым айында Министрлер кабинеті сол кездегі ел астанасы Алматы қаласынан Ұлттық валюта өндіретін кешен құру туралы шешім қабылдайды. Аталмыш кешен құрамына белгілі мемлекеттік белгінің баспа фабрикасы, Гохран Ұлттық банкі және де Теңге сарайы кіретін болды. Кейіннен бұл жарлық дерлік жүзеге асты деуге болады.

Ұлттық теңгені айналымға енгізуден алдын көптеген қйыншылықтар болды. Әсіресе ол банкноттардың ел аумағындағы посткеңестік кеңістікте өз беделін сақтап, банкроттың алдын алу еді.

Белгілі металлург, академиг Сауық Тәкежановтың идеясымен Қазақстан қойнауынан қазылып алынған барша алтын мен күмісті Ұлттық банкке тапсыруға міндеттелді. Академиктің бұл бастамасы кейіннен өз жемісін көрсетті. Негізінен еліміз кен бойынша әлемде алдынғы қатардан орын алады. Мысалы Ақбақай, Васильков тау-кен байыту комбинаттары мен Бақыршықтау-кен металлургия комбинатының қарамағында көптеген алтын кен орындарына белгілі мамандардың болжамынша  300-400 тонна алтын бар екендігі айтылды.

Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ресми түрде 1993 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Премьер-Министрдің төрағалығымен құрылды. Дәл осы кезде Ресей Федерациясының Орталық банкі арасында «Ұлттық банкноттарды айналымға енгізуге байланысты өзара міндеттемелер және өзара қолдау туралы» өзара келісім жасады. Ежелден бір өзеннің суын бөле ішіп келе жатқан Өзбекстан Республикасымен бір мезгілде өзінің ұлттық валютасын Қазақстанда енгізді.

Ал 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның барлық аумағында «Ұлттық валюта – теңге» айналымға енгізілді. Сол кезде Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 15 қарашада таңғы сағат 08.00-ден бастап, аталмыш жарлық өз күшіне енді. Ескі  ақша үлгілері, рубльдерді теңгелерге айырбастау 15 қараша күні таңғы сағат 08.00-ден бастап, 20 қараша күні кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізілді. Сол кездегі ақпараттар көзі бойынша 1 теңге 500 рубльге тең келді. Қарап тұрсақ әуелгідегі ақша дәрежесі мен бүгінгі күндегі ақшаның дәрежесі едәуір айырмашылықты білдіреді. Әрине ондай құлдырау тек Қазақстанда ғана емес әлемдік деңгейде болып жатқан құбылыс. 16 жастан асқан ел азаматы мың рубль төңірегінде ақша айырбастауға құқылы болды. Бес күнге созылған ақша айырбастау науқаны нәтижесінде 951 миллиард Кеңестік рубль айырбасталды. Сол кездегі комиссия құрамының жәнеде жауапты тұлғалардың бел шешіп кірісуінің арқасында 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап ұлттық теңге ел аумағындағы жалғыз заңды төлем құралы ретінде мойындалды, таралды, қолданылды.

Мемлекетіміздің мерейі саналған, ұлттық валютамыз алғаш қолға тигенде ел азаматтарының, тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Әрине халқымыздың сан ғасырлық арман, мақсатына айналған «ұлттық теңгенің» осылайша қолға тигені, кімді де болса шабынттандырмай қоймайды. Көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің төл теңгеміз туралы жыр шумақтары «Ұлттық теңге» туралы заңның шығысымен 16 қараша күні еліміздің басты үн парағы «Егемен Қазақстанның» №321 (20606) санында сейсенбі күні басты бетінде жариаланды. Алғашқы сүйінші хабарды хабарлаған ақынның жырынан осында үзінді келтірсек.

Туымды желбіретіп жел кереді,

Еліме осы еді ғой ең керегі.

Алтын орда заманынан бұл-бұл ұшып,

Тағдырым табыстырған теңгем еді.

*** *** ***

Не бір ой мүжіп жеген ой адамын,

Кеудемнен сейілгендей кей алаңым.

Телмірмей теңгем барда тебіреніп,

Енді мен тәуелсізбін дей аламын…

Расында да ел егемендігін айшықтайтын «Ұлттық теңге» мемлекетіміздің басты мерейі болып қала бермек. Әрине 1993 жылы бірден теңге өздігінен басылып шыға келген жоқ. Бұл процесс бұдан бірнеше жыл бұрын басталды. Банкноттардың дизайнымен сол кезде отандық суретшілер жұмылдырылды. Мысалы: сол кездегі Жоғары Кеңес депутаты Тимур Сүлейменов, «Қазақстан Дизайн орталығы» ЖШС басшысы Хайролла Ғабжалилов, Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Алиндер болды. Аты аталған қайраткерлер сол кезде аса құпия түрде жұмыс атқарды. Тіптен оларға Министрлер Кеңесінің саяжайы бөлініп, сол жерде жұмыс істеді. Құпия түрде жұмыс жасауының себебі, «Ұлттық теңгені» жасауда көптеген мемлекеттік құпиялылық сақталуы заңдылық болды. Алғашқы да Президенттің бейнесі бар банкноттарды да ұсынылды бірақ, Мемлекет басшысы одан үзілді-кесілді бас тартқан көрінеді. Кейіннен ұзақ талқылаудан соң, елімізге белгілі тарихи тұлғалардың бейнесі бедерленген нұсқаларға тоқталынды. Алғашқы банкноттарға ағылшын, неміс, скандинавиялық және ресейлік ғалымдардың да кескін-сызбалары пайдаланылды.

Ұлттық мемлекеттік банк басқармасы банкнот үлгілерін 1992 жылы 27 тамызда бекітті. Дәл сол кезден бастап отандық суретшілер Англяда жұмыс істей бастады. Алғашқы ақша бірліктері 1992-1993 жылдың күз бен қыс мезгілінде әзірленді. 1993 жылдың сәуір айына дейінгі мәліметтер бойынша «ұлттық валютаның» 20 пайызы дайын болды. Ағымдағы жылы Англиядан тікелей Жамбыл (Тараз) қаласына «Ил-76» ұшағымен «Ұлттық валюталар» тасымалдана бастады. Бір аптаның ішінде 19 рейс аса құпия деңгейде орындалып, ол ақшаларды банкттерге жеткізуге тағы бір апта уақыт жұмсалды.

Төл теңгеміздің айбары барша әлемді мойындатты. Мысалы халықаралық банкнот қауымдастығы (IBNS) тарапынан ең жоғары деген бағаны алып отырды. Бұл қауымдастықта тоқсаннан астам өркениетті елдердің сақа сарапшылары қатысқан болатын. Және көне түркі жазуына арналған «Күлтегін» естелік банкноты үш жыл қатарынан, 2011, 2013, 2014 үздік банкнот болып табылды.  2007 жылы 10 мың теңгелік банкнотты халықаралық қауымдастық үздік номинал теп бағалады. Ал 2016 жылы High Security Printing Europe халықаралық ғылыми конференциясында номиналы 20 мың теңгелік банкнот жоғары марапатқа ие болды. Бұдан өзге көптеген әлемдік банкноттар қатарында «Төл теңгеміз» төрден төмен орын алған жоқ.

Осылайша қарапайым қараша біле бермейтін «Ұлттық валютамыздың» қалыптасуындағы қиыншылықтар мен қызықтарды бүгінгі таңда емін-еркін айта беруімізге әбден болады. Әуелгі уақытта қайраткер ата-бабаларымыздың бейнесі бедерленген ақшалар тәй-тәй басып келе жатқан жас Республикамыз үшін үлкен ерлік ретінде өз бағасын алды. Себебі алғашқы жылдары республикада қазақ ұлтының үлесі тіптен аз болды, онымен қоса көрші Ресей мемлекетінің  ықпалы да аз болған жоқ. Соған қарамастан әрісі әл-Фараби, Абылай хан, Шоқан, Абай, Жамбылдардың төл теңгемізден жарқырап орын алуы да «біз өз тарихымызды, өз құндылықтарымызды таптық, тарихы терең ұлтпыз» деп сайрап тұрғандай көрінеді. Әринне сол кездегі ұлттық теңгеміздің авторлары мен мемлекет басшылығында отырған тұлғалардың қайраткерлігі болды деп, аттай отыз өткен соң айтуға әбден болады. Ұлттық теңгеміз – мемлекетіміздің мызғымас мерейі. Қазақ ұлтының қай кезеңдерде де, өткелдерде де өз құнын түсірмеген, сол сияқты «Ұлттық теңгеміздің» әр уақытта биік белестерден көрініп, құны арта берсін, демекпіз.

«Ұлттық теңгеміздің» орда бұзар отызы құтты болсын ағайын!

Қанат АЛТЫНБЕК

ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері,

Қазақстан авторлар қоғамының РҚБ мүшесі,

ҚР Дарынды жастарының «Алтын төсбелгісінің» лауреаты.

 

Асқар НЕСІПБАЙ

ҚР Президенттік орталығының қызметкері

Халықаралық байқаулардың лауреаты.

One comment

  1. Ұлтымыздың беделі артып, еліміздің шаңырағы биіктеп, болашағымыздың шарықтауы үшін тарихымызды осындай біліктілікпен жазылған шығармалар жиі болса нұр үстіне нұр болар еді Асқар Несіпбай үлкен Алғыс

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.