Home » Айтарым бар » Таланттар топ жарды

Таланттар топ жарды

 

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға.

Абай.

Солтүстіктің ырғалған қайыңдары қандай дыбыс шығарса, өсіп келе жатқан жастары да сондай дарынды, талантты. Өнер- құт дарыған елге қонады. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері сияқты өнер майталмандары дүниеге келген құт мекеннің бауыры асылын әлі жалғастырып келеді.

Теріскейдің келбетін толықтыра түсетін, жастарына шабыт пен күш беретін жақсы ұстаздың болуы қақ. Армандарды орындайтын асыл ұстазымызда бар. Ол- «Мәдениет қайраткері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі Күдерова Тойкен Қабиқызы.

Қасиетті Қызылжарға кәсіби домбыра мектебінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлесін қосқан ардақты ұстаз. Ұстаздық еңбектің ауыр жолында қасиетті қара домбыраны жанына серік ете жүріп, талай шәкіртінің талабына нұр құйды. Тойкен Қабиқызының көптеген шәкірттері республикамызға танымал күйші (домбырашы) деңгейіне көтерілді.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы «Өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының» жастарын өнер жолына тәрбиелеп келеді. Ұлағатты ұстаздың алдынан білім алған бір топ шәкірттері Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен «JUMEIRAH SOUNDS» ІІІ халықаралық жасөспірімдер конкурсына қатысып, Солтүстіктің ғана емес, Қазақстанның көк туын көгінде желбіретті. Тойкен Қабиқызының жетекшілігімен құрылған «Күдер» ансамблі бас жүлдені қанжығаларына байлаған. Ансамбль мүшелері 4 курс студенті Мақпоз Камилла, 2 курс студенттері Қуандық Алихан, Жігеров Алишер және 9 сынып оқушысы Өмірзақ Расул ата-бабамыздың асқақ өнерін осылай дәріптеп, қазақтың күйшілік өнерін насихаттауға зор үлестерін қосып үлгерді. Әлемнің он мемлекетінен барған жас дарындарға қазақ деген осындай болады дегенді тағы да дәлелдеді. Бұл төрттіктің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалап, 2020 жылы Францияда өтетін өнер додасына жолдама берген.

Ал, жасөспірімдердің жеке орындаушылығында ерекше дарындылығымен көзге түскен  4 курс студенті Мақпоз Камилла І орынды жеңіп алса, 9 сынып оқушысы Өмірзақ Расул бас жүлдегер атанған. Шәкіріттерінің бұл жеңісі – Тойкен Қабиқызының тынымсыз еңбегінің жеңісі.

Бұл менің және шәкірттерімнің ғана жеңісі емес, күллі Қазақ елінің жеңісі, қасиетті Қызылжардың жеңісі»,- дейді Тойкен Қабиқызы. Бір мемлекеттен, екінші бір мемлекетке барып өнер көрсету үшін үлкен қолдау қажет. Бірақ, өзім жұмыс жасап отырған ұжымның басшылығы тарапынан не рухани, не материалдық қолдаудың болмауы жанымды жегідей жейді, — дейді ұлағатты ұстаз. Балалардың демеушілері ата-аналары. Сондықтан бізге, біздің шығармашылығымызға сеніп, қолдау көрсеткен ата-аналарға рахмет, деп өз алғысын білдірді, Тойкен Қабиқызы.

2020 жылы Францияда болатын «SILIK  ROAD PRODUCTION» конкурсында да көк туды желбіретеді деп сенеміз. Ұстазға шығармашылық табыс, жастарға жеңістерің көп болсын дегім келеді!

 

Көкбасқызы Жазира

«BILIM AINASY»,

СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.