Home » Жаңалықтар » Балапан қанатын жайды

Балапан қанатын жайды

Ерке есілдің бойын жайлаған Рамазановтар әулетінде 2004 жылы кішкентай қара бала дүниеге келген еді. Сол қара баланың есімі Расул. Әкесі Спартак ырымдап Расул Ғамзатовтай болсын дегенде, достары сен өтірік айтасың, өз-өзіңе сенбей Рас-ұл деп отырсың, деп қалжыңға айналдыратын. Міне, содан бері табандай 15 жыл өтіпті. Зымыраған уақытты айтсаңшы. Ел болып алладан сұрап алған Расул да ержетіп қалды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық «Өнер колледжі- музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп интернатының» 9 сынып оқушысы.  Өнер Расулдың қанында жеті атасынан бері ағып жатыр десек, ол артық айтқандық емес.  Рамазановтар әулетіне өнердің киесі дарығанын күллі Теріскейліктер біледі. Әулеттен дарыған киелі өнер Расулды да айналып өтпеді. Олай дейтінім Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында 28 қазан 2 қараша аралығында өткен «JUMEIRAH SOUNDS» ІІІ халықаралық жасөспірімдер конкурсына қатысып, бас жүлделі болды. Құлының өсіп тай болды, дейді қазақ. Немесе ат тұяғын тай басар деп те жатады. Қалай айтсақта жарасады.

«Қасиетті қара домбыраны қолыма алғаныма алты жыл болды. Сол алты жылдың ішінде Қазақстанның біраз қалаларында өнер көрсеттім. Атап айтар болсам, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Алматы және Ресейдің Омбы қалалары. Бірақ, өнердегі ең үлкен жетістігім Дубайға сапарым болды. Менің осындай үлкен жетістікке жетуіне себепші болған ұстазым Тойкен Қабиқызының арқасы. Ол кісінің ақыл-парасаты, шәкіртіне деген сүйіспеншілігі мені жеңіске жетеледі. Ал, үнемі рухани дем беріп, қолдап-қолпаштап отыратын ата-анамның да еңбектері орасан. Менің осы жеңісім, осы кісілердің жеңісі»,- дейді Расул.

Расулдың армандары көп. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, ұлттық рухымызды бойына сіңіріп өскен бозбала қазақты қара домбырасы арқылы әлемге танытсам, дейді. Құрманғазының, Тәттімбеттің, Динаның, Сүгірдің күйлерін нақышына келтіріп орындап, талай сахнаны бағындырсам әке арманының, ана тілегінің орындалғаны емес пе, деген жауабы еріксіз көзіңе жас алдырады екен.

Ендеше қадамың нық болсын, арманға жетер жолдағы қанатың талмасын. Самға… Самғай түс.

 

Көкбасқызы Жазира

«BILIM AINASY»,

СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.