Home » Мақалалар » БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Сатбекова Айгүл  Амантайқызы
педагогика ғылымдарының
докторы,  профессор,
Қазақстан Педагогикалық
Ғылымдар Академиясының академигі
ҚазҰҚПУ, Алматы
Үстіміздегі  жылдың 1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»  атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Қазақстанды дамытуда әрбір азаматтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды.
Ел Президентінің кезекті Жолдауының мерейлі мереке – Білім күні жариялануын еліміздің азаматтары үшін тарихи мәні бар игілікті бастама деп есептейміз. Өйткені білім мен ғылым кемел елдің көркем келешегіне қызмет ететін басты құндылық. Аталған салалары дамыған мемлекеттің мәртебесі қашанда биік әрі әлеуеті жоғары болатыны ақиқат. Тәуелсіз еліміздің көркеюі білім мен ғылымнан бастау алып, экономикалық, техникалық, әлеуметтік, саяси жағдайына ықпал ететіні белгілі. Сол себепті «Білім күні» жарияланған Жолдаудан халық көп үміт күтуде.
Қ.Тоқаев Жолдауының  «Қолжетімді әрі сапалы білім» атты бесінші бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналады. Мемлекет басшысы әлеуметтік салада білім беру сапасын жақсартуға баса мән беру керектігін ерекше атады.  Жолдауда «Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» делінген. Ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетілуде.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова  «Біздің міндет – сауатты да білікті педагог даярлау» атты тақырыпта «QAZAQ» газетіне берген сұхбатында: Қыздар университеті білікті педагог кадрларын даярлаумен қатар, қазақстандық ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келеді. Оқу орны зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және оны халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында алыс-жақын шет елдердің ғалымдары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыстар атқаруда. Бүгінде университет ғалымдары 28 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жүргізуде. Осы орайда оқу орнының бастамасымен құрылған Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығының да рөлін атап өткім келеді. Қауымдастық еліміздің педагог мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру мен ғылым саласындағы болып жатқан бірқатар бастамаларды іске асыруға атсалысты. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, білім мен ғылымды ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының білім беру саласына енуіне ықпал жасау. Аталған Қауымдастық алдағы уақытта Президент Жолдауында атап көрсетілген ғылым саласын дамытуға өз үлесін қосатын болады,-деп ерекше атап өтті.
Жоғары білім беру саласының алдында кəсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің сенімін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кəсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық қауымдастығының ендігі міндеті – қазақстандық білім беру жүйесін дамыту,  әлемдік білім беру кеңістігіне  ену арқылы  білім берудегі əлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет-білім, білімді ұрпақ»,-деп ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры атады.
Мемлекет басшысының Жолдауында «Сонымен бірге, біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек» делінген.  Осы орайда, Қыздар университетінің профессор оқытушылар құрамы «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП ұйымдастыруымен 80 академиялықсағаттық «Кәсіпкерлік негіздері» курсы оқытушысының кәсіби біліктілігін дамыту» жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру курсынан өткендігі туралы және бітіруші курс студенттеріне 36 факультативтік сағат аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу жүргізілгені жайында айта кету керек.
Жолдауда жария етілген әлеуметтік саланы дамытуға, осы сала қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар жоғары оқу орындары қызметкерлерінің, ел болашағы – студент жастарымыздың өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі де жоғары сапалы деңгейде атқаруға деген құлшыныстарын арттыра түсері сөзсіз.
Жолдауда айтылған маңызды міндеттер мен айқын бағыттар еліміздің одан әрі дамуына ерекше серпін берері анық.
Президент Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында зияткер ұлт қалыптастыратын 6 қағидатты айтты: «Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу».
Елдің даму үдерісінде адами құндылықтардың өркендеуі стратегиялық маңызды мақсат болып саналады. Елдің адами капиталы тек білім арқылы көрінетіні сөзсіз. Ал, білімде серпіліс болмаса – инновациялық дамуда серпіліс болмайтыны бесенеден белгілі. Осыған орай қоғам өмірінің жаңа сапасының негізін құрайтын және елдің экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздігінің аса маңызды факторлары әрі базасы болып табылатын, қоғамдық даму деңгейінің өлшемдері ретінде, қазіргі білім беру жүйесінің, адам капиталының рөлі мен мәні арта түседі.
Білім беру саласында болып жатқан жетістіктер мен жаңалықтар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жете көңіл аударып, жан-жақты қолдау көрсетуі мен бастамалары арқасында жүзеге асып жатқанын ерекше атап айтқан жөн. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсіну, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша ыждаһаттылықпен қолдау көрсету – асқан болжампаздықтың белгісі.
Мемлекет басшысының әр Жолдауы – еліміз үшін де, жеріміз үшін де маңызды. Себебі, нақты міндеттер белгіленіп, мақсаттар айқындалады. Толайым табысқа қол жеткізу үшін де асқан ауызбіршілік пен тыныштық керек. Бұл тұрғыда еліміз әлемге бейбітсүйгіш қалпымен де үлгі көрсетіп келеді.                                          Әдебиеттер:

  1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы « ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» // «Egemen Qazaqstan» Жалпыұлттық республикалық газет №166(29895)  2 қыркүйек, сәрсенбі 2020 жыл.
  2. Алдамбергенова Г.Т. «Біздің міндет – сауатты да білікті педагог даярлау» // «Qazaq» республикалық газеті. 02.09.2020.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.