Home » "Абай 175 жыл" - мектептер » Абайдың қара сөздері – баға жетпес асыл қазына 

Абайдың қара сөздері – баға жетпес асыл қазына 

Аймаганбетова Гулзат Кенжебаевна
Қарағанды қаласы, «№38 гимназия» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
педагог-зерттеуші 

«Хакім, ойшыл, ғұлама, дана кеуде,

Парасаты-қара сөз, қара өлеңде.

Қазақтың төлқұжаты — Ұлы Абаймен,

Біз мәңгі мақтанамыз бар әлемге»

 

2020 жыл қазақ халқы, қазақ елі үшін айтулы жыл. Себебі, ұлылардың ұлысы, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл.

Иә, Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама, ақын, ағартушы, ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтардың  ортасынан шыққан әлемдік тұлға. Құдай берген даналық оны даралық жолына, данышпандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ еді. Ол білімді өмірдің өзінен алған. Сондай-ақ ол дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай, ашық айтқан.

Ақын өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс- тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні мен ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін «Абай әлемі» деген бірегей құбылыс болып қалыптасты.

Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр.

Шынымен де, Абайды әр оқыған  сайын «көкірек көзің оянып, жан сарайың ашыла түседі», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың.

Ақынның қай шығармасын алсаңыз да, өмірдің өзінен алынған, өз құндылығын күні  бүгінге дейін жоғалтпаған  жеке бір әлем. Қарасөздеріне мән беріп  қарасақ, не деген даналық, не деген ғұламалық деп таң қаласыз.

Мысалы он тоғызыншы сөзін алып қарайықшы, «Адам ата-анадан туғанда есті  болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады……»- дейді.

Бұл жерде ақын өзінің дүниетанымы арқылы жеке адамның дүниеге келгеннен бастап әрі қарай дамуын, ерекшеліктерін көрсеткен. Яғни, дүниеге келгеннен адамның даму жолы түптеп келгенде білім арқылы жүзеге асатынын, айналасын біліп, көре отырып, білімін шыңдай отырып, жақсы мен жаманды таниды, ажыратады, айыра біледі. Көп оқыған адамның түбінде өзі де білімді болатынын. Адамға адам болып қалуы үшін ақыл, мінез, адамшылдықты сақтайтын ұят-намыс деген дүниелерді де  ашып айтады. Яғни, Абайдың тағы бір көтерген  мәселесі бұл-ұят деген дүние. Қалай десек те Абай атамыз айналып келіп, адамгершілік, ар-ұждан мәселесін бәрінен биік қоятынына тағы да көз жеткізіп отырмыз. Өзінің Отыз алтыншы сөзінде  «Ұят деген –адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді,көңілге ой да түспейді.Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп, сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», — дей келе өз кезегінде ұяттан, ардан безгендерді сынай келіп, ұят және оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі – адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыс та, екіншісі – жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялу – ақымақтық, жамандық», — дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді. Біздің халықта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген жақсы сөз бар. Олай болса  Абайдай данышпан ғұлама да   бұл мәселеге аса көңіл бөліп, өскелең ұрпақтың ар-ұяттарын таза сақтауын арман еткен. Бұл қара сөздің бүгінгі таңда да тәрбиелік мәні зор екендігі дау тудырмайды.

Білім-ғылымға байланысты отыз екінші қара сөзінде де тамаша дүниелер айтылған. Сол білім-ғылымды үйренудің талаптары мен шарттарын нақты аша білген. «Білім маған не үшін керек, кейін оны қайда жаратамын, не мақсатпен білім үйренбекпін, сол үйренген біліміңді сақтап тұратын мінез деген сауыты болады» дей отырып, білім-ғылымның адамзат үшін  пайданың көзі емес, адамның адам болып қалыптасуының парқына терең бойлайды.

Абай Құнанбайұлының қара сөздері  әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Жиырма бесінші қарасөзінде Абай атамыз оқу-білімге байлық аямау керек дегенді айтады. «Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен.» — дейді ол. Шынымен де бұл сөздердің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші.

Ақынның Қара сөздерінің қайсын алып қарасақ та ақын білім-ғылым, өнер деген мәселелердің мәніне жете ұғынып, елінің болашағы үшін алаңдады. Қазақ елінің көзі ашық, көкірегі ояу болғанын ішкі жан-дүниесімен, бар болмысымен қалады. Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі.Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажеттілік еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.

Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артпаса кеміген жоқ. Қайта ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да арта түсті десем болады. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен туындаған шығармаларынан адам жанына күш-қуат беретін, жаныңызды жайландыратын жылы леп үнемі есіп тұрады. Осы тұста Абай шығармалары адамгершілік тәрбиесі десем қателеспеймін деп ойлаймын.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырған, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған

—  деп  төрелігін  шешкен  Абай  бүгін  жарқын  бейнесімен, жалынды  жырымен  де  бізбен  бірге.  Абай  әлемін  бүкіл дүниеге  таратушы  кемеңгер  М.Әуезов  «Мен  Абай тереңінен шөміштеп қана  іштім» деген екен. Ал біз ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен, тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын. Жақсының аты өлмейді. Абайдай дара да дана ұлы бар қазақ халқы бақытты.Ұлының ұлылығын әлемге таныта берейік!

Қорыта келгенде, Абайдың Қара сөздері оның ақындық мұрасына қосылған бағалы қазына. Қара сөздің бағасы – сол кездегі тарихи шындықты өз қалпында бұлжытпай толық танытып берді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп, көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистик, ағартушылық, әлеуметтік ойлары түрлі пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды.

Абай Құнанбайұлының қай шығармасын оқысаңыз да  тұнып тұрған даналық, адамға ақыл беретін, шабыт беретін бағыттағы, көкірек көзін ашып, санасына нұр құятын шығармалар. Абай шығармаларының тұнығына бойлау, тереңіне ену – қазақ халқына бұйырған үлкен бақ дер едім.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.