Home » Мақалалар » ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН!

ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН!

Алматыда мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын 27-мамырдан бастаған-ды.  Алатау ауданына қарасты №151 ЖББМ жанындағы «Көгершін» лагері де жаздың алғашқы күндерінде балалар үшін жайлы мекенге айналып үлгерді.  140 балаға арналған демалыс орны оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу түрлі ойын-сауықтыру бағдарламасы мен танымдық-тағылымдық іс-шаралардың тығыз жоспарын құрған. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай «Жұлдыз», «Балапан», «Қарлығаш», «Лесная сказка», «Солнышко» деп бес топқа бөлінген. Әр топқа екі топ басшысы тағайындалған. Бахаргуль Омарова мен Жадыра Жайбергенова «Жұлдызға», Санам Валиева мен Рамилям Рашитхан «Солнышкоға», Ругияна Сырова мен Азиза Абдумухаметова «Лесная сказкаға», Мизамгуль Аденова мен Шолпан Рахметбаева «Қарлығашқа», Гульзада Байменова мен Саибжамал Джалилова «Балапанға» басшылық жасап, балғындардың әр күні қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлері мен өнерлерін аямай жұмсауда.  Лагерь ашылған күні-ақ  ата-аналар мен қатысушыларға лагерь ережесі, жоспары, күн тәртібі, қауіпсіздік ережесі толық таныстырылған-ды. Сондықтан да ата-ана баласын лагерьге алаңсыз, қамсыз жіберіп жатыр. 10 күнге жоспарланған лагерьдің бір күндік тыныс-тіршілігімен танысқан кезімізде бұл жағдайға өзіміз де куә болдық.

Медбикелер Шакурам Аватова мен Гульнара Абибуллина әдеттегідей балалардың денсаулықтарын тексеріп, олармен сауықтыру шараларын жүргізген соң Әнұран шырқалды. Кішкене алақандарын жүрек тұсына қойып, көздері бал-бұл жанып ерекше патриоттық сезіммен шырқалған Әнұраннан бала түгілі үлкендер де рухтанып кеттік. Келесіде денешынықтыру мамандары Жангелді Самижанұлы мен Арман Үсенұлы таңертеңгілік бой сергіту жаттығуларын жасатып, би билетіп, денелерін сергітіп, күннің сапалы өтуіне жағдай жасады. Балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмағандықтан арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға бір мезгіл ыстық тамақ берілді.

   

«Бала күлкіге тоймас» дегендей, келесіде лагерь демалушыларына лайықталған зияткерлік ойындар ойнатылып, арнайы тақырып бойынша тапқырлық, сөзжұмбақ сайыстары ұйымдастырылды. Осыған дейін орталық музейге, циркке барып, қаланың мәдени жерлерін аралап, таным көкжиегін кеңейтіп қайтқан балалар бұл күні ботаникалық баққа барып, табиғат терапиясын қабылдап қайтпақ екен.

  • Әрине ең бастысы балалардың қауіпсіздігі болғандықтан қыдыртатын кезде міндетті түрде нұсқаулық жүргіземіз, көрсетеміз, қоғамдық орында өздерін қалай ұстауға арналған ережемен таныстырамыз. Біз сондай-ақ  балалардың дауыс беру арқылы таңдалынған киноны бірге отырып тамашалап, артынан ой-пікір алмастырамыз. Және театр фестивалін ұйымдастырып, ерекше өнер көрсеткен балдырғандарды арнайы марапаттап, белсенділіктерін арттырамыз.  Шоколадтан жасалған фонтан да балалардың есінде қалуы үшін істелінген ерекшеліктің бірі. Сонымен қатар лагерьдегі бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлерді, құндылықтар мен мәдениетті, әдет-ғұрыптарды, қолөнер дағдысын  үйретуді  де қосып қойдық, — дейді лагерь басшысы Ризвангуль Азнабакиева.

Бұдан бөлек балалардың жас ерекшелігіне сәйкес қазақ және ағылшын тілін үйрену курстары ұйымдастырылып, уақыттарын пайдалы өткізуіне жағдай жасалынған. Балнұр Маханова, Жанна Рысбекова, Ильяс Омаров мен музыка жетекшісі Алием Касымова лагерьдегі тәрбиеленушілер үшін барынша қызмет етуде.

Жаз келгелі көңілі шаттанып, қуанған балалардың бақытын еселеп, ұмытылмастай әсер қалдырып жатқан №151 мектеп жанындағы «Көгершін» лагерінің жұмысына көңіліміз толып қайтты. Балалардың саналы да сапалы демалуына, емін-еркін ойнауына барлық жағдай жасалған. Балдырғандардың қай-қайсын сөзге тартсаң да лагерьге келгеніне қуанышты екендіктерін айтып, мәз-мәйрам болады.  Гүлшат Жақсылыққызы басшылық ететін білім ошағының бала үшін әр күннің мәнді де мағыналы өтуіне және олардың жан-жақты дамуына арналған бастамаларын бұдан әрі де жалғастыра беретініне сеніп тарқастық.

Меруерт Мәулетқызы,
Алматы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.