Home » Балабақша » Балабақшада кішкентай Отан қорғаушылар өсіп келеді

Балабақшада кішкентай Отан қорғаушылар өсіп келеді

Бүгін Алматы қаласы №86 бөбекжай КМҚК бала бақшасында 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған шара болып өтті.

Шара басталардан бұрын-ақ бөбекжайда әуезді әуендер ойнап,  балалардың ерекше көңіл-күйі сезіліп тұрды. Бұл шараның басты мақсаты — жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, балалардың патриоттық сезімін ояту.  Балабақша бүлдіршіндері «Кішкентай Отан қорғаушылар» ертеңгілігіне айрықша дайындықпен келіпті.  Аталмыш шараны бүлдіршіндердің өзі де асыға күткені көрініп тұр. Балалар бірінен кейін бірі өлеңдер оқыды. Одан кейін тамаша  ойындар ойнатылып,  би биленді.

«Актер» тобының тәрбиешісі Светлана Русакова мен «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Мәншүк Көкеновалардың баламен етене жақын жұмыс істеп жоғары дәрежеде еңбектене алатыны көрініп тұр. Ертеңгіліктің сценарийнің еркіндігі балалардың өзін-өзі ашық жарқын ұстауына ықпал етті.  Тек қана ұлдардан құралған топтың бір бөлек билеуі, қыздар тобының мың бұрала басып өнер көрсетуі ортаға әсем көңіл күй сылайды.

Балабақша меңгерушісі  Элмира Сапарбаеваның айтуынша,  мұндай шараларды өткізуден  тәрбиешілер де еш жалыққан емес. Балабақшаның әдіскерлері де оларға бағыт бағдар сілтеп, үнемі ізденіс үстінде отырады.

«Мұндай шаралар бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке, елді, жерді қадірлеп қастерлеуге үндейді. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөз текке айтылмаған. Баланы бала күнінен осындай шараларға қатыстырып, оның ашылуына, жан-жақты болуына мүмкіндік жасауымыз керек.  Бала кезінен сахнаға шығып, өнер көрсетіп, белсенді болған  баланың көшбасшылық қабілетін артады. Біз осы ретте әрбір шарамызға балаларды ерекше дайындықпен жіберетін ата-аналарымызға алғыс айтқымыз келеді.  Бөбекжайдағы әрбір  бала біз үшін жеке тұлға.  Әдіскерлер мен тәрбиешілеріміз сол жеке тұлғаны дамытуда ерінбей еңбек етіп келеді» дейді №86 бөбекжай бала бақшасының меңгерушісі Элмира Сапарова.

Аталмыш балабақшаның әдіскері Мақпал Естемісова да мұндай шараларды өткізудің  маңыздылығын атап өтті. Әдіскердің пайымдауынша, бөбекжай балалары ертеңгіліктер, байқаулар, тәрбие сағаттарын өткізуге әбден төселген.  Себебі бөбекжайда мұндай шаралар үнемі болып жатады. Өз кезегінде балалар да өз өнерлерін көрсетуге барын салады.

   Кішкентай Отан қорғаушылар қаймықпайды…

Жалпы,  бөбекжайда өткен ертеңгілік шара бірнеше бөлімді қамтыған.  Бірінші бөлімінде балалар  Отан, жер, ел туралы өлеңдер оқыды. Тәрбиешілер Отан қорғаудың маңыздылығын атап өтіп,  Отан үшін отқа түскен батырлар жөнінде  де  сөз қозғады. Балаларға Отан қорғаушылар күнінің тарихы туралы мағлұматтар берілді.  Бұдан соң мың бұралып билеген кішкентай қыздар тобы шараның сәнін келтірді.  Аспан түстес киім үлгісінде шыққан қыздардың биі де нәзіктігімен  баурады. Келісі бөлімде кішкентай Отан қорғаушы ұлдар ортаға шығып өнерлерін көрсетті.  «Отанды қорғаймыз, біз қалыс қалмаймыз» деген мәтінде түрлі әндер шырқалып,  ойын-жаттығулары көрсетілді.  Логиканы жетілдіретін ойындар  ойнатылып,  «Кубикке талас» ойыны қызықты өтті.  Балалардың білек күшін  сынау үшін  арқан тартыс ойыны да өткізілді.  Ойын барысында Кішкентай Отан қорғаушылар ештеңеден қаймықпайтынын дәлелдегісі келіп,  барынша шынайы эмоция бере алды.  Бағдарламаның үшінші бөлімінде балалар бейбітшіліктің құны жайында мәліметтер алынды.  Тыныштық пен бейбітшіліктің маңыздылығын ұғынған балалар бағдарлама соңында «Әрқашан күн сөнбесін» әнін орындап, топтағы ер балаларды мерекелерімен құттықтады.

   Бүгінгі ұрпақ ертеңгі болашақ

Бағдарлама соңында №86  бөбекжай бала бақша меңгерушісі  Элмира Сапарова Отан қорғаушылар күнімен құттықтауды да ұмытпады.

«Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып 7 мамыр — Отан  қорғаушылар мерекесіде келіп жетті. Осынау айтулы мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны абзал азаматтарымызға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар — өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы. Сіздерді 7 мамыр- Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз» деді Э.Сапарова.

Абзалында, біз бүгінгі ұрпақ ертеңгі болашақ дегенді үнемі айтамыз.  Ал сол болашағымыз  кемелді, білімді, сауатты болуы үшін әрине, мұндай шаралар бізге керек. Жас шыбық кезінен Отанды сүйіп өскен баланың өсе келе елге жанашыр,  халыққа қамқор азамат болары даусыз.  Ендеше бүгінгі іс шарадан түйгеніміз, бұл шара келер келешектің кемел болуына жасалған бір қадам. Осыны ескерсек,  Алматыдағы  №86 бөбекжай КМҚК балабақшасының тәрбиешілері Мәншүк Көкенова, Светлана Русковалардың және балабақша әдіскері Мақпал Естемісовалардың және өзге де қызметкерлердің еңбегі елеуге тұрарлық екенін пайымдаймыз.  Ал ұжымды ұйыстырып, ата-анамен де, балалармен де етене жұмыс істеп отырған Элмира Сапарованың іскерлігі де өзгеге үлгі.  Қорыта келе айтарымыз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Бастысы күні ертең өсіп жетіліп елді қорғайтын бүгінгі кішкентай Отан қорғаушыларымыз аман болсын…

Әнуар Қайырбек,
«BILIM AINASY»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.