Фашизмге қарсы халықтардың,оның ішінде мыңдаған қазақтардың фашизмді өз ұясына тұншықтырып,әлемге тыныштық сыйлағанына биыл 75 жыл толып отыр.
Ұлы Отан соғысы күллі адамзат санасында,соның ішінде Қазақстан тарихында мәңгі орын алды.Қазақ даласында да отағасы майданға аттанған соң,қаңырап қалған үйлер,аңырап қалған аналар мен әйелдер,әкесіз қалған балалар аз емес еді.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай өткізіліп жатқан шаралар менің де қолыма қалам алғызды.Марқұм атам Сәрсенұлы Әлібай туралы естіген,білгенімді жазуға бел будым.
Сәрсенов Әлібай 1925 жылы Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласында (бұрынғы Кетік) туылған.1931 жылы әкесі Сәрсен қудаланып,кішкентай Әлібай әкесінің шешесі (яғни әжесі),өзінің анасы,10 жастағы апасы және 4 жастағы қарындасымен (өзі ол кезде 6 жасында) нағашысы Ағдан дегеннің қолында қалады.Сол дәуірде әкесінің досы Көлбай деген кісі бұларды өз отбасымен қосып,Түркменстанға жер аударады.Түркменстанның Байрам-Алы қаласына көшіп барады.Ол жерде жұмысқа жарамайтын болғандықтан,біреудің отын жағып,малын бағып күндерін көреді.1942 жылы колхоздан жер алып,егін егіп,сонда жұмыс жасайды.
Сол жерден 1943 жылы тамыз айында Әлібай атамызды әскерге шақыртады..Терістік Қазақстанның Петропавл қаласындағы 37-ші атқыштар полкында болып,2,3 айдан кейін өзінің сұрануымен соғысқа аттанады.Ұрыс жолдарымен Украинаның Николаев,Кривой Рог,Явкин,Широкий қалаларын азат ету шайқастарына қатысады.1944 жылыУкраинаның Широкий деген қаласындағы соғыста қолынан жарақаттанып,Кавказдың Ессентуки қаласының 5416-шы госпиталында емделіп, екінші топтағы ұрыс мүгедегі болып,еліне қайтып келеді
Ұрыстан келгеннен кейін 1946 жылы Түркменстанның Байрам-Алы қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп,1949 жылы бітіріп,бау-бақша агрономы мамандығын алады.
1949 жылы Ашхабадтағы ауыл шаруашылығы институтына мал дәрігері мамандығы бойынша түсіп,оны 1954 жылы бітіреді.Мамандығы бойынша Чарджоу облысына қарасты «Дерган-ата» кеншарында көп жылдар бойы мал дәрігері қызметін атқарады.
1975 жылы Қазақстан Республикасының Жаңаөзен қаласына көшіп келеді.Мұнда Өзен кәсіпшілігінде мұнай және газ өндіру операторы болып жұмыс жасап, 1980 жылы еңбек демалысына шығады.
Отбасында жары және 5 ұл,4 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке.2006 жылдың 20 шы қарашасында өмірден өтті.
Отан үшін,ұрпақ үшін от кешкен,ерлікпен өз жандарын құрбан еткен боздақтарды әрдайым құрметтеп,ұлағаттап отыру біздің бір сәтке де ұмытпайтын борышымыз! Аталарымыздың «өлісін сыйлаған бай болар,тірісін сыйлаған ел болар» деген дана сөздерін ұмытпайық!
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын! Халқымыз аман,еліміз тыныш,ұрпағымызға жарқын болашақ тілеймін!
Сәрсенова Жұмагүл Дәлубайқызы,немере келіні