Home » Мақалалар » Онлайн форматтағы оқу тоқсаны басталды

Онлайн форматтағы оқу тоқсаны басталды

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздары мен оқушылары үшін төртінші оқу тоқсаны онлайн режимде басталды. Күннің бірінші жартысында пәндер бойынша онлайн сабақтар өтсе, түстен кейін оқушылар өз бетінше жұмыстанып, оқытушыдан жеке және топтық кеңестер ала алады.

Қашықтан оқыту Microsoft Teams платформасы базасында мектеп әкімшілігі ұсынған кестеге сәйкес ұйымдастырылуда. Ол үшін аталған платформаға барлық оқушылар тіркеліп, онлайн сыныптар құрылды. Ал мұғалімдер қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Зияткерлік мектептің 8-сынып оқушысы Марат Губашев ұзақ демалыстан кейін достарымен қайта қауышқанына қуанышты. – Осыған дейін байқау сабағына қатысқандықтан, техникалық жағынан ешқандай қиындық болмады. Мұғалімдер жиырма минутқа маңызды деген ақпараттарды жинақтапты. Сол себепті жаңа тақырыптарды терең меңгереміз деп ойлаймын, – дейді ол.

Әр мектеп ноутбук қажет оқушыларды техникамен қамтамасыз етіп, 4G–модемдер сатып алынды. Сонымен қатар интернет жоқ елді мекендерде тұратын балалар бақылауға алынды.

– Сабақ басталғанға дейін қашықтан оқытудың қыр-сырын меңгеріп, оқушыларға сапалы ресурс дайындауға кірістік. Әрине, қиындықтар кездесті, алайда мектеп әкімшілігі дер кезінде әдістемелік көмек көрсетіп, мұғалімдердің жұмысын оңтайландыруға атсалысты. Алғашқы сабағым сәтті өтті, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Сралиева.

Мектеп әкімшілігі қашықтан оқытуға көшу балалар, мұғалімдер және ата-аналар үшін жаңа оқу жағдайларын қарастыратынын, сондықтан оқу процесін ұйымдастыру жұмыстары үнемі қадағаланып отыратынын мәлімдеді.

Айдана ХАМИДУЛЛИНА,
Орал қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.