Еліміздің 4 қаласында балалар ағзасында қорғасынның бар-жоғын анықтау үшін зерттеу жүргізіледі. Мамандар алғашқы кезеңде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент шаһарларын қамтымақ. Жұмысты биыл наурыз айының соңында аяқтау жоспарланып отыр. Ал жобаны Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бірлесіп жүзеге асырады.
Мамандар, бекер бұлай дабыл қағып жатпағандарын айтады. Өйткені, Қазақстанда жыл өткен сайын қоршаған орта ластанып барады екен. Бұл жағдай, әсіресе, балалардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Ең алаңдатарлық ахуал өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан аймақтарда. Мұндай өңірлерде тұрып жатқан балалардың ағзасы қорғасыннан улануда.
Жобаны қолға алушылар зерттеу кезінде 4 қаладағы эпидемиялық жағдайға ішінара болса да қанығамыз деп отыр. Ал алынған мәліметтер қатталып, жіті сараптамадан өткізілмек. Нәтижесінде, балалардың ағзасын қорғасыннан уланудан қорғап, тұрақты бақылау жүйесін қалыптастыру үшін арнайы жоба әзірленеді. Сөйтіп, келешекте ел көлемінде бұдан да ауқымды зерттеулер жүргізілмек.
ЮНИСЕФ-тің дерегінше, қазіргі таңда әлемде 800 миллионға жуық бала қорғасыннан зардап шегуде. Ал бұл олардың денсаулықтарына ауыр залалын тигізеді. Мәселен, миының дамуына кері әсер етіп, қарым-қабілетіне деген сенімділікті азайтады екен. Әрі бала өзіне көңіл бөлінбейді деген күйде болып, сабақ үлгерімі төмендеп, кейінірек өзгелерге деген жеккөрушілік көзқарасы қалыптасатын көрінеді.