Ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы аясында Ұстаздар күніне орай Оралда «ХХІ ғасыр ұстазы» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.
Жарысқа оралдық мектептердің 29 жасқа дейінгі мұғалімдері қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушылар өз біліктіліктерімен, шапшаңдықтарымен сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, ойынның қызықты өтуіне атсалысты.
Зияткерлік ойын «Бәйге», «Жорға», «Дода» сынды үш кезеңнен құралды. Осы кезеңдерде топ жарған №12 ЖОББ мектебінің Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Наргиза Сүлейменқызы Есенова 1-орынды жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орындарды №42 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Абылайхан Асылбекұлы Қуанышев пен №22 ЖОББ мектептің математика пәнінің мұғалімі Фариза Тайырқызы Темірболатова өзара бөлісті.
Зияткерлік ойынға белсене қатысқан барлық қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаған ұйымдастырушылар оларға алғыс хаттар табыс етті. Аталмыш шараны Орал қалалық білім беру бөлімі мен жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО