Иә, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы айдан асты, осы уақытта Сіз бен біз нені үйрендік, төтенше жағдай бізге нені ұқтырды, нені үйретті деген сауалды мен бірнеше адамға қойып, пікірлерін тыңдап көріп ем. Осыны назарларыңызға ұсынсам.
Ботагоз — сауда қызметкері — жалпы төтенше жағдай маған біраз ой салды. Бұрын ақша, сауда деп үйден гөрі түзде көп жүреміз. Ал, қазір отбасымның жанында болған үлкен бақыт екендігін бір есіме салғандай болды. Расмен де отбасыма, балаларыма көңіл бөлмегеніме көп уақыт болған екен. Күнделікті отбасымызбен бірге көңілді уақыт өткізіп жатырмыз, шаңырақтың шаттығы — ол бірге болу.
Аружан – студент — төтенше жағдай маған сағыныш дегеннің не екенін ұғындырды. Барды бағалауды, адами құндылықтарды құрмет тұтуды үйретті. Бұрын күнделікті бірге жүргенде «Дос» деген сөздің қадірін жете түсінбегендігімді білдім.
Досымжан— мұғалім- Маған төтенше жағдай шығармашылық жұмысымды шыңдауға мүмкіндік берді. Жалпы адами құндылықтың маңыздылығын түсініп, діни тұрғыдан алғанда пендешілікке көп мойынсұнғанымды білдім. Қазір бес уақыт намазымды оқып, бұрын уақыт жетпейді деп сылтаурататын істерімді жасап жатырмын. Отбасыңның жанында отырып та біршама істер жасауға болатындығын білдім.
Жанар— оқушы- мен осы кезде мұғалімнің қадірін білдім. Бұрын сәл кейісе ата—анамызға «мұғалім ұрысты» -деп шағымданушы едік. Бекер жасаппын деп қазір өкінемін. Расменде мұғалімнің алдында отырып сабақ оқығандай болмаймыз, десе де ақпараттық технологиялық сауаттылығымыз артты. Біраз бағдарламаларды меңгердім. Бос уақытым көп сол үшін қазір онлайн тіл меңгеруге арналған курстарға қатысамын, сонымен бірге қолөнермен айналысып жатырмын. Бұрын аса қызықпаушы ем, білсем өте жақсы өнер екен. Алдағы уақытта да жалғастырамын.
Міне, мен өзім тілдескен бірнеше адамның ойын тыңдап көрдім, расмен де төтенше жағдай көп адамға сабақ болар дүниелер берді десек қателеспейміз. Барды бағалауды, жоққа сабыр етумен қатар, айналамыздағы адамдардың қадірін білуді үйретті. Бір шаңырақ астында тұрып бір-бірімізді жете танымайтын ек, оны да үйретті. Тіпті кейбірі өз баласының қалай өсіп жатқанын білмейтін еді, оны да білді. Мейірім сыйлау, құрмет көрсету, шынайы болмысты тану деген деген қасиетті құндылықтарды меңгерту мен қатар, қол тимейтін кездегі істермен айналысуға мәжбүр етті. Бұрын ашылмаған қырларымызды ашып, жасап көрмеген істерімізбен айналысып, біраз жаңа дүниелерді игердік.
Жалпы алғанда қай істің де қайырыл тұсы барын білдік. Тек оны әр адамның өзінше бағамдауында.
Анар Елеусізқызы,
Білім айнасы,
Қызылорда қаласы.