Home » Мақалалар » АТАЛАР РУХЫ-МӘҢГІ ӨЛМЕЙДІ

АТАЛАР РУХЫ-МӘҢГІ ӨЛМЕЙДІ

Алматы қаласы
Жетісу ауданы
 №177 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Нурбекова Айжан Айдарханқызы

     «Өткен менен кеткенді, көп жасаған қарт білер» демекші, әсіресе, кешегі Ұлы Отан соғысында өлім мен өмірдің ортасынан тірі оралған кісілердің орны ерекше. Міне, сондай жандардың ортасында менің балалық шағым да өткен екен. Мен сондай бақыттымын деп осы жасқа келгенде айта аламын. Себебі менің өз атам (әкемнің әкесі) және нағашы атам (анамның әкесі) Ұлы Отан соғысына қатысып, басталғаннан соңына дейін ерен ерліктерімен көзге түсіп, Отанын қорғап, оқ пен оттың ортасында  жүріп, қан майданда бастарын бәйгеге тіккен қас батырлар болған.

Әкемнің әкесі, яғни менің атам Нурбеков Найман 1922 жылы дүниеге келді. Соғыс басталған кезде, ол 19 жаста болды. Жерлестерімен бірге ол майданға өз еркімен кеткен екен. Қызыл Жұлдыз орденімен және ерлігі үшін медальдармен марапатталған.    Бала күнімізде 9-мамырда атамыз орден-медальдарын тағып көшеге шыққанда қасында тұрып  “Менің атамдай батыр жоқ жер бетінде” деп жан-жағыма мақтана қарайтынмын.

Менің нағашы атам   Черекчинов Рысмухан (Мухан) 1920 жылы Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Путь Ильича колхозында дүниеге келген. 1940 жылы әскер қатарында болған. 1941 жылы соғыс басталғанда ол бірден соғыс аймағына кетеді. Лейтенант болып, бірнеше елді мекендерді қанды қол жаудан азат етіп, Берлинге дейін фашистерді қуып барған. Тек 1946 жылы өз туған еліне қайтып келген. Қарт анасы ұлынан қара қағаз келіп, күдерін үзе бастаған екен. Соғыс біткеннен кейін бір жылдан соң келген жалғыз ұлын танымай,қайран анасы есінен тана құлаған. Еліне келген соң да ауылды қайта қалпына келтіру жұмысына кіріскен. Нағашы апам екеуі отау құрып, 1 ұл және 1 қыздары (менің анам) болған. Бала күнімде есімде, нағашы ата-апаларымды сағынып, жиі баратынмын. Атам өз ерліктері жөнінде айта бермейтін, сөздің орнына оның кеудесінде сыңғырлап тағылған орден-медальдары барлық ерліктің, Отанына деген сүйіспеншіліктің дәлелі сияқты еді….Екі атам да  соғыстан кейінгі жылдардан зейнетке дейін жұмыс істеген. Байлық, дүние жинағанша, білімнен мол азық жинаңдар деп айтып отыратын.

 

Біз болашағымызды өзіміз жасайды екенбіз, ал ертеңгі күнді өткен күннің негізінсіз құру мүмкін еместігін әр адам жете түсіну керек сияқты.

Жеңіс күні мен үшін, барлығымыз үшін мереке ғана емес, мақтанышымыз деп айтуға болады. “Біз көргенді, сендер көрмесеңдер екен” деп тілеп отыратын аталарымыздың рухы бізді әрқашанда қолдап, қоршап жүре берсін! Олардың ерлігі мен батырлығы  өскелең ұрпақ үшін үлгі болып қала бермек.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
Нұра ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері ескерткішінде аттары жазылған.
әкем Нурбеков Айдархан.
  Черекчинов Рысмухан

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.