Оралдық зияткерлер 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында өз шаңырағында құрметті қонақтарды қарсы алды. «Ақ Жайықтың ардақты аналары» жобасының кейіпкерлері – әр салада нәтижелі еңбек етіп, өмір жолы өнегеге айналған аяулы аналар.
Ақжайық өңірінің сыйлы тұлғалары, айтыскер-ақын, ұстаз, көпбалалы ана, ғалым, кәсіпкер, пошташы, тігінші, спортшы, кітапханашы, кәсіпкер, құрылысшы, дәрігер, өнер саласы мамандары – барлығы 24 ана шаңырақ сағаттарына қатысып, жастармен пікір алмасты. Бұған дейін оқушылар кейіпкерлермен жүздесіп, жақынырақ танысып қайтқан болатын.
Жоба мақсаты – еңбек адамын ұлықтау, ұрпақтар сабақтастығы аясында қонақтардың тұлғасын зияткер оқушыларға үлгі ету, олардың бойында үлкенге құрмет, адамгершілік, қоғамға қызмет ету секілді құндылықтарды қалыптастыру.
Ұстаз, айтыскер ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызы қазақ әдебиеті мен мәдениеті хақында ой қозғаса, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог Лидия Макарова кәсіпке адалдықтың маңызына тоқталды. Ал 13 баланың анасы, тігінші Қамида Ғатауова еңбек ету, жанұя берекесін сақтау сырларымен бөлісті. 45 жылдық тарихы бар «Отделстрой» ЖШС директоры, құрылысшы, қалалық мәслихат депутаты Валентина Михно оқу бітіргеннен кейін бірден құрылыс алаңына суретші ретінде келгенін есіне алды. Қайсар жан өзі кәсіби маман болып қана қоймай, бірнеше буын құрылысшыларды тәрбиелеп шығарған. Балаларға Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Маметованың мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенованың да өмір жолы қызық болды. Ол – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың жүріп өткен жерлеріне «Естелік вахтасы» авторжорығының бастамашысы және ұйымдастырушысы. «Жеңіс әйелдері» кітабының авторы.
– Бүгінгі аналар – қайсарлықтың, адалдықтың, мейірімділіктің жарқын үлгісі. Біздің шәкірттеріміз осы жандардан үлгі алғанын қалаймыз, – деді мектеп директорының орынбасары Эльвира Айдыналиева.
Тәрбие сағаттарынан соң зияткерлер «Ақ Жайықтың ардақты аналары» атауымен концерттік бағдарлама ұсынды. Жоба кейіпкерлері танымдық шара үшін алғыстарын білдіріп, оқушыларға ақ баталарын берді.
Айдана ХАМИДУЛЛИНА,
Орал қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы