Елімізде көктемдегі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 10 наурызда басталады. Бұл жайлы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін ұйымдастырылатын осы наурыз айындағы ҰБТ компьютер форматында өтеді. Атап өтерлігі, бұған дейін көктем айындағы тестілеу тек 10 күнге созылса, биыл талапкерлерге1 ай уақыт беріліп отыр. Наурыздағы ҰБТ-ға қатысу үшін app.testcenter.kz сілтемесі бойынша тіркелу қажет.
Пәндер саны әдеттегідей бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу жүргізіледі. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Максималды балл – 140.
ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың сөзінше, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуге ниет білдіргендер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы тіркеле алады. Көктемдегі ҰБТ 10 наурызда басталып, 10 сәуірге дейін жалғасады. Тестілеу электрондық форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера« қағидасы бойынша өтеді. Сондай-ақ, прокторинг жүйесі қолданылады, бейнебақылау орнатылады. Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру жүйесі – Face ID ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы «Академиялық адалдық» қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтуге жағдай жасайды. ҰБТ өткізу кезінде санитарлық талаптар сақталатын болады.