Home » Абай əлемі » Өміршең Абай мұрасы  қос өңір ұстаздарының басын қосты

Өміршең Абай мұрасы  қос өңір ұстаздарының басын қосты

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Абай мұрасының өміршеңдігі соншалық талай уақыт өтсе де, бүгінгі ұрпақ кәдесіне әлі де жарап келеді. Кейінгі толқынды Хәкімнің ғибратты сөздерімен тәрбиелеуді мақсат еткен Семей және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары «Абайдың рухани құндылықтары тәрбие арнасында» атты конференция ұйымдастырды. Онлайн өткізілген конференция жұмысына екі өңірдің білім беру мекемелерінің қызметкерлері, Семейдегі Абайдың «Жидебай — Бөрілі» мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық қорық – музейінің директорының  ғылым бойынша орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева қатысты.

Конференция барысында сөз алған мектебіміздің директоры Бағдан Қайыржанов бала тәрбиесі, жалпы адам тәрбиесі күн тәртібінен түспейтін, әрқашан өзекті мәселе екендігін айта келіп, конференцияның тәрбие мәселесімен ұштас болуы бұл тақырыптың өзектілігін көрсететіндігін алға тартты.

— Ұлы Абайдың рухани құндылықтары және тәрбие туралы ой қозғау бүгінгі басқосуға ерекше ұлттық рең беретіні анық. Абай арнайылап ат қойып, айдар тағып педагогикалық еңбектер деп атамаса да, шығармашылығының өн бойында адамды ізгілікке, еңбек етуге, өнер білімге, ғылымға, дүниені танып білуге, өзге елдің мәдениетін біліп, озығын меңгеруге, бірнеше тіл білуге, жаңалыққа ұмтылуға шақырады. Жалпы Абай атамыз қазақтың рухани жаңғыруын армандап өткен тұлға. Абайдың сол кездегі ұлтының жаңғыруы туралы арманының көбі қазір орындалып отыр, — деді мектеп басшысы өз сөзінде.

Конференция барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ даму департаменті  директорының орынбасары Аида Ағаділ кешегі Абай арманы бүгінгі дәуір адамының жүзеге асырып жатқан жарқын істерімен үндесетіндігін айтса, Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев “Nis-programme іске асырудағы Абай мұрасының құндылықтары” жайында баяндама жасады.

Семейдегі Абайдың «Жидебай — Бөрілі» мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық қорық – музейінің директорының  ғылым бойынша орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева мектеп ұстаздарына өз әріптестерінің әрдайым қолдау білдіріп, ақпараттық көмек беруге дайын екендіктерін айтып, мұражайдың бүгінгі келбетімен таныстырды.

Бұдан әрі конференцияға қатысушылар «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек», «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…», «Талаптың мініп тұлпарын» оқушылардың шығармашылық байқауы секцияларына бөлініп жұмыс жасады. Аталған шараға қос өңірден 300 адамның қатысқанын ескерсек, конференция маңызының жоғары екенін білуге болады.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.