Тельманова Хатима Нұртайқызы
филиология және әлем тілдері бөлімінің
4-курс студенті
Қазақстандағы көшбасшы білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – қазіргі таңда 20 мыңнан аса шет-жақын студенттердің қарашаңырағы.
Іргетасы сонау ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастау алатын білім ошағы елімізде «ең үздік» болып қана қоймай, бүгінгі таңда әлем бойынша 165-ші орынды иеленді және бұл көрсеткіш жыл сайын ілгерілеуде. Университетіміз бақандай он алты факультетті профессор-оқытушылармен қамтып, студенттерге сапалы білім беру үшін арнайы смарт технологиялармен, смарт аудиториялармен жабдықтаған.
Ұлттық университетіміздегі «Smart city» аталатын қалашық болашақ мамандарға барша мүмкіндіктерді қарастырып, студенттерден тек қана білімге деген құштарлықты талап етеді. Мәселен, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, алып дәстүрлі-электронды кітапхана, спорт кешені, жатақханалар, тынымсыз қызмет көрсететін диагностикалық орталық, барлығы тек ҚазҰУ қалашығының ішінде орналасқан.
Қарашаңырақта білім берумен ғана шектелмей, болашақ маманның басқа да шығармашылық қабілеттерін айшықтай түсуге көптеген жастар ұйымдары мен форумдар да қарастырылған.
Мәдениет астанамыз Алматыда, тау бөктеріндегі әдемі ғимаратта орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде төртінші жыл білім алып, көзді ашып-жұмғанша өтіп жатқан студенттік шағымды мақтаныш етемін.