Home » Айтарым бар » Ұжымымыз жастардан құралған

Ұжымымыз жастардан құралған

Күні кеше Оралда облыстық білім басқармасы ұйымдастырған Ұстаздар күніне арналған салтанатты кешке қатысу мәртебесі бұйырды. Сонымен қатар арнайы марапатқа ие болу – еңбегіміздің жемісін көрсетіп, жұмысымызға деген жауапкершілігімізді арттырды.

Биыл мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарларының арасында «Табысты менеджер» атты облыстық сырттай байқау өткен болатын. Осы байқауға қатысып, өзімнің ғана емес, мектебіміздің білім сапасын, мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктерін көрсетуге тырыстық. Біздің білім ошағымыз шағын жинақты мектептер қатарына жатады. 25 мұғалім қызмет етеді. Мемлекеттік білім грантын иеленген шәкірттерімізден бөлек соңғы бес жылда бес-алты мектеп түлегі «Алтын белгі» иегері атанды. Әріптестеріміздің арасында аудандық және облыстық байқауларда топ жарып жүрген ұлағатты ұстаздар аз емес. Осындай жемісті еңбектің нәтижесінде биылғы кәсіби мерекемізде «Даралықты дәріптеуші» атты номинациясының жеңімпазы атанып жатырмыз. Өте қуаныштымын.

Білім жүйесіне енгізілген жаңартылған білім мазмұны бастапқыда қиындықтар туындатқанмен, қазіргі уақытта мұғалімдер түгелдей арнайы курстан өтіп жұмыстануда. Өздерінің лайықты біліктілік санаттарын қорғап, сол бойынша жұмыстарын атқаруда. Ұжым негізінен жас мамандардан құралған. Олар жаңартылған білімнің қыр-сырын жан-жақты меңгерді.

Өзімнің жалпы еңбек өтілім – 31 жыл. Математика пәнінің мұғалімімін. 2000 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін.

Гүлбарам Сағынбайқызы АХМЕТҚАЛИЕВА,

 «Даралықты дәріптеуші» номинациясының жеңімпазы,

ЖББ Абай орта мектебінің жоғары санатты ұстазы,

 педагог-сарапшы, Сырым ауданы, БҚО

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.