Home » Жаңалықтар » Асқар Мамин Орал колледжіндегі жобамен танысты

Асқар Мамин Орал колледжіндегі жобамен танысты

Қыркүйектің 4-і күні Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Орал жоғары аграрлық-технологиялық колледжінде болып, цифрландыру жобасымен танысты.

Бұл ретте аталған оқу орнының оқытушысы Руслан Махметов BIM технологиясын оқу әрекетіне енгізу тетіктеріне тоқталды. – Бұл – курстық жұмыс есебінде студенттермен бірге жасақталған «Жатақхана» жобасы. Жоба қолданылған материалдардың толық базасын және жобалау кезеңінде қабылданған шешімдерді сақтауға мүмкіндік беретін Revit бағдарламасымен BIM технологиясын қолдану арқылы жасақталды. Бұл әдістің бір ерекшелігі –  ғимаратты сандық жобалау кезінде қателіктерді анықтауға мүмкіндік береді.  Сандық сыңарлар нақты физикалық нысанды тұрғызу кезінде нақсыздықтар мен қателерді болдырмау қаупін төмендету үшін жасалады.  Бұл нақты үлгіге мысал ретінде ауылдық елдімекеннің жоспарына сай 160 орынға арналған тоғыз қабатты ғимаратты алуға болады. BIM технологиясын енгізу ақпараттық модельдеуді дамытуға елеулі үлес қосады, – деді колледж оқытушысы. Сонымен бірге «Мәдениет үйі» жобасын арнайы көзілдіріктер кигізу арқылы таныстырды.

Көзілдірік арқылы құрылысы әлі басталмаған көпсалалы мәдениет нысанына «саяхаттаған» меймандар ғимараттың жобасымен танысуға мүмкіндік алды.  Атап айтқанда, финдік Collaprime компаниясымен ынтымақтастық нәтижесінде алынған  3D Cave құрылғысы болашақ нысанды цифрлық форматта көруге мүмкіндік береді. Бүгінде 3D CAVE аппараттық-бағдарламалық кешенді іске асыру үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Осы орайда колледж оқытушыларына арналған BIM технологиялары бойынша оқыту курсын жүзеге асыру үшін жол картасы дайындалған.

Еске сала кетсек, өткен жылы Оралдағы жоғары аграрлық-техникалық колледжде елімізде ең алғаш болып ғимараттардың пішінін үш өлшемді модельдеу әдісімен жобалай алатын кешен іске қосылды. Отандық құрылыс саласын еуропалық стандарттарға  негізделген жаңа деңгейге көтеруде цифрландыру аясындағы жобалардың маңызы арта түспек.  Болашақта бой көтеретін нысанның сапасы мен беріктігін қамтамасыз етуде 3D модельдеудің мүмкіндігі зор.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

(Эльвира МЕҢДІҒАЛИДЫҢ суреті)

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.