Home » Жаңалықтар » Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысында болды

Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысында болды

Қыркүйектің 4-і күні Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин келді.

Үкімет басшысы сапар барысында облыс әкімі Ғали Есқалиевпен бірге бірқатар өндіріс орындары мен оқу орындарын аралады. Сонымен бірге «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының өңірде мақсатты жүзеге асырылуына баса мән берді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс саласына биыл 13 млрд. теңге бөлінген. Қазір 12 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалардың өңірде іске асуы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жыл соңына дейін 1593 пәтер тапсырылатынын мәлімдеді. Премьер-министр Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесін жақын уақытта  орындау қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек Премьер-министрге әлеуметтік жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асырудағы кейбір мәселелер жеткізілді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 8 млрд. теңге бөлінсе, 170 шақырымдық жолдың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

Премьер-министр сапар барысында «Болашақ-Т» үй құрылысы комбинатының тынысымен танысты. Бұл өндіріс ошағы 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауымен жұмысын бастаған болатын.

Комбинат директоры Асқар Қощановтың айтуынша, осы бес жыл ішінде бой көтерген тоғыз қабатты 20 үй тұрғындар игілігіне берілген. Бұл – кәсіпорынның нәтижелі жұмысының көрінісі. Белгілі болғанындай, комбинаттың жобалық қуаттылығы 50 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта қуат күшін арттырып, бүгінгі көрсеткіштен де жоғары деңгейде жұмыс нәтижесін көрсетуге күш салуда.

Премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы компания басшысынан өндіріс орнының артықшылығы туралы да сұрап білді.

Сондай-ақ Үкімет басшысы бастаған жұмыс тобы бұл күні «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-да болды. Кәсіпорын акционері Александр Матевосян 2-ші макарон өнімдері фабрикасына бастап барып, жұмыс барысымен және шығарылатын өнімдердің сапасымен таныстырды. Аталмыш фабрика 2012 жылы мемлекеттің қолдауымен іске қосылған. Итальяндық құрал-жабдық қойылған бұл өндіріс орны фабриканың өндірістік қуаттылығын сағатына 700 келіге дейін арттыруға ықпалын тигізген. Ал бүгінде кәсіпорын жергілікті ғана емес, көршілес өңірлердегі тұтынушыларына да макарон өнімдерінің түрлерін көптеп ұсынуға, сондай-ақ экспортқа шығаруға да мүмкіндік алған. Премьер-министр ауыл шаруашылық иелерінің өз ісін дөңгелетуіне кедергі келтіретін жайттар туралы сұрап білді.

Үкімет басшысы сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Кублей» ЖШС-да, корпусты жиһаз шығаратын «Квант» фабрикасында, Орал трансформатор зауытында, Орал жылу электр орталығында, шиналар мен құрамында резина бар қалдықтарды өңдейтін «Кама Центр» кәсіпорнында, «Аквакультура тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісінің оқу-ғылыми кешенінде», «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, аталған нысандардың жұмыс барысына қанықты. Сонымен қатар облыс орталығында жаңадан бой көтеретін «Ақжайық» шағын ауданының құрылыс жұмысымен, Орал жоғары аграрлық-техникалық колледжінің цифрландыру аясындағы тың жобаларымен танысты. 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

(Эльвира МЕҢДІҒАЛИДЫҢ суреті)  

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.