Home » Білім және тұлға » ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі – Қ. Тоқаев

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі – Қ. Тоқаев

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бүгін республикалық басылымда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысының пайымынша, Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.

Жаһандану дуірінде талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез-келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналғанына, осы орайда ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық барына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін», — деді.

Бұл ретте шетелдерде білім алған талай тұлғаларды мысалға келтірген Президент: «Басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру»,- деді.

Президенттің пайымынша, дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Мемлекет оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатыр. Осы тұста өзінің бастамасымен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі екеніне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс», — деп мәлімдеді.

«Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз»,-  деп ойын түйіндеген мақалада Мемлекет басшысы.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.