Жаменкенова Гүлжан Шайхесламовна,
Павлодар облысы
Павлодар қаласы
№2 жалпы орта білім беру мектебі директорының
оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
Қазіргі қарбалас заманда уақытты тиімді пайдалану өте маңызды. Сабақ қарау, сынып сағаттарын ұйымдастыра білу, тапсырма беру платформаларын, бағдарламаларды, оқытудың жаңа технологияларын меңгеру және тағы басқа жұмыстарға уақыт жеткізу – бүгінгі күндегі педагогтің міндеті. Олай болса, уақытты басқару технологиясын білім беру ортасында қолдану өзекті деп санаймын. Педагог уақыттың құндылығын түсініп, оны тұрақты пайдаланудың тиімді әдісін табуы керек, бұл технология өз бетінше үйренуге, мақсаттар мен міндеттердің басымдықтарын анықтауға көмектеседі. Педагогтерге уақытты басқару бір жағынан өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын дамытуға және жетілдіруге, қымбат уақытын жоғалтпауға, демалуға көбірек бос уақыт табуға, осылайша шаршау, депрессия, стресс, кәсіби деформация сияқты жағымсыз салдардан арылуға көмектеседі. Екінші жағынан, мұғалімдер алған білімдерін оқушыларды оқыту үшін қолдана алады.
Тәжірибені бастамас бұрын, шығармашылық топ құрылып, педагогтерден сауалнамалар алынды. Сауалнама нәтижесінде сауалнамаға қатысқан педагогтердің көбінде, яғни 85%-інде уақыт жетіспеушілігін үнемі сезінетіні анықталды. Бұл ретте педагог қызметкерлердің 64%-ы нормадан тыс жұмыс істеуге тура келетінін, ал сұралғандардың 31%-ы кейде үстеме жұмыс істеуге мәжбүр екенін көрсетті. Педагог қызметкерлердің 77%-ы үйде жұмыс істейді, сирек — 7%-ы және педагогтердің тек 12%-ы жұмысты үйге алмайды. Педагог қызметкерлердің 57%-ы шұғыл және маңызды істерді орындау үшін түскі асқа бөлінген уақытты жиі пайдалануға мәжбүр екені анықталды.
Сонымен қатар, педагогикалық қызметкерлердің тайм-менеджмент және оны педагогикалық қызметте пайдалану технологиясы туралы пікірін білу қызықты болды. Педагогтердің 25%-ы «тайм-менеджмент» деген не екенін біледі, 53%-ы болжайды және педагогтердің 12%-ы бұл туралы мүлде білмейді. Бұл ретте педагог қызметкерлердің 41%-ы тайм-менеджментті практикада пайдалану оларды көбірек және қарқынды жұмыс істеуге мәжбүрлейді деп есептейді, ал сұралғандардың тек 25%-ы ғана бұнымен келіспейтінін белгіледі. Тайм-менеджментті пайдалану адамды кесте бойынша бәрін орындайтын, таңдау мүмкіндігі жоқ роботқа айналдыра алатындығымен педагогтердің 32%-ы келіседі, педагогтердің 42%-ы бұған келіспейді.
Сауалнамадан соң педагогтермен тренинг өткізіліп, оларға теориялық білім беріп, практика жүзінде кері байланыс алуға тырыстық. Ары қарай тапсырмалар берілді. Педагогтер күнделік бастап, жоспар құрып, тайм-менеджментті күнделікті пайдалана бастады.
Нәтижелер бойынша педагогтер түскі асқа да, демалуға да уақыттарын жеткізетіні, интернеттегі уақыттарын да реттей алатындары байқалды.
Мектеп педагогтеріне уақыт менеджментін оқыту өзін-өзі ұйымдастыру деңгейінің жоғарылауына оң әсер етеді деген қорытындыға келдік. Мектептің оқу-тәрбие үрдісінде «Тайм-менеджмент» жобасымен жұмыс істеу тиімді екеніне көзіміз жетті. Оның ішінде ең тиімді технологиялардың бірі — «Эйзенхауэр матрицасына» баса назар аудардық. Өзін-өзі ұйымдастырған мұғалімдер өз уақыттарын анағұрлым сәтті және тиімді пайдаланатыны байқалды. Кешігуді тоқтатты. Есептер әрдайым уақытымен тапсырылатын болды. Өздеріне деген сенімділік пайда болды. Уақытты әрқашан жоспарлап жүру жұмыс өнімділігін де арттырды. Жұмыс уақытынан кейін қалатын педагогтер саны азайды.
Тайм-менеджмент мұғалімдерге бөгде мәселелерге алаңдамай, барлық маңызды және қажетті нәрселерден қалмау үшін жұмыс күнін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берері сөзсіз.