Home » Мақалалар » Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы

Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы

Өркениетті қоғам, дамыған ел қатарына қосылуға бет бұрған жас мемлекетіміздің даму жолында атқарар істері әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Бұл турасында Президентіміз Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында нақты ашып айтып, әрбір бөлімге тоқталып өтті.

Заманауи тиімді мемлекет болу, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономиканы нығайту, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастау, «мықты аймақтар – мықты мемлекет» ұстанымын бағдар етіп алу – Президент Жолдауының басты бағыттары болды. Бұл бағыттар күнделікті халық тұрмысындағы, әртүрлі қызмет саласындағы атқарылған істер, кездескен проблемалар, соңғы уақыттарда елімізде орын алған келеңсіз жайттардың барлығын сараптай отырып, кезек күттірмей шешуді қажет ететін сұрақтар төңірегінде мақсаттар мен міндеттер қойып, жүзеге асыруды көздейді. Әсіресе, ұстаздар жалақысының екі есеге дейін артатыны, оның келесі жылдан бастап 25 пайызға өсіру арқылы жүзеге  асырыла бастайтыны аяулы мамандық иелері үшін қуанышты жаңалық болды. Соңғы жылдардағы білім саласындағы реформалардың енгізілуіне байланысты мектеп оқулықтарының қайта басылуы, жыл сайын әртүрлі баспаларда кездесіп жатқан қателіктер, жүйесіз берілген тапсырмалар, әсіресе, ғаламтор желісіне қосылмаған ауылдық жерлердің мұғалімдеріне қиындық туғызып келді. Тығырықтан шығу үшін: «Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктердің тікелей міндеті» деп нақты тапсырма берілді.

Бүгінгі күні қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің айырмашылығын азайту үшін білікті кадрларды тарту мәселесінің әлі де болса шешім таппай жатқаны барлығымызға аян. Мәселенің негізгі себептерінің бірі –баспана мәселесі екенін ескере отырып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет» – деп, Үкіметке келесі жылдан бастап 20 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастыруды тапсыруы, дипломды қолына енді алғалы отырған, қалада жұмыссыз жүрген мұғалімдерді ойландырып, ауыл мектептеріне келетін мамандар санының артуы, басқа орынға ауысуды көздеп жүрген ауыл мұғалімдерін ұстап қалу сынды бірқатар мәселердің алдын алары сөзсіз.

Сындарлы қоғамдық диалог –  татулық пен тұрақтылық негізі. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Президент Жолдауын іске асыру жолында да ел болып, жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Себебі Қазақстан – ортақ шаңырағымыз.

 

Байболатов Самат Сергейұлы,

Шыңғырлау ЖОББМ-нің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.