Home » Жаңалықтар » Оқушылармен болған ересек əңгіме

Оқушылармен болған ересек əңгіме

Нұр-сұлтан қаласы білім басқармасына қарасты , Алматы ауданында орналасқан  №42 орта мектебінде қоғам қайраткері , қазақ тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызымен кездесу болды.
Кездесу мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасыры Рысжан Шерниязқызы  бастамасымен жəне мектеп басшылығының қолдауымен өткізілді . Бұл жиынның негізгі мақсаты өскелең ұрпаққа ана тілімізге деген махаббатты арттыру, онымен қоса өмір жолында қиыншылықтарды қалай жеңе білу керек екенін Оразкүл Асанғазықызы мысалында үлгі қылып көрсету.
Іс-шараға жоғарғы сынып оқушыларымен қатар қыздарға арналған   «Ақбаян» , ер балаларға арналған «Сұңқар» ұйымы жəне кадет сыныбының оқушылары қатысты. Жалпы кездесуіміз оқушылармен ғана шектелмеді, Асанғазықызының өмірлік сабақтарының тыңдауға келген кешіміздің қадірлі қонақтары Майра Əлімханқызы Алматы ауданының Нұр отан партиясының өкілі жəне «Білім айнасы» газетінің директоры Қуантай Амантайұлы   болды.
Іс-шарамыз  №42 мектеп оқушыларының керемет концерттік бағдарламасымен басталды. Ата-аналар мен оқу орнының «Томирис» би тобының орындауында əке биі, 7 сынып оқушысы Қарасай Венера қызымыз қобыз тартса, музыка пəні мұғалімі Мейрам Жанайдардың орындауында күй тыңдауға мүмкіндік алдық. Көңілді жібіткен əн мен күйден кейін отырысымыз Оразкүл ханымның салиқалы əңгімесімен жалғасты . Сөз басын өзінің қарапайым қазақ қызы екенін, өзінің де оқушы, ұстаз болғанын айтумен бастаған Оразкүл Асанғазықызы жастармен өзінің өмірлік тəжірибесімен бөлісу мақсатында өзінің жүрегінен шыққан терең ойлары мен өмірден ала білген ақыл кеңестерімен бөлісті. Тыңдаушы аудиторияны жасына қарап жас демесеңіз, олар тарапынан қойылған сұрақтарға, онымен қоса зейін қойып тыңдауыларына қарап, балаларға білім беру жəне тұлға атануына үлес қосуды басты міндет санайтын  ұстаздар ұжымы мен Оразкүл апайымыздың ойлары жүзеге асты деп сенімді түрде айтуға болады.
Оқушылармен болған ересек əңгімеміздің соңы мектеп директоры  Серік Сабырбекұлының қазаққа тəн сыйластықпен Оразкүл Асанғазықызына шапан кигізумен тəмамдалды.
Сөзімізді қорытындалай келе осындай мектеп əкімшілігі тарапынан ұйымдастырылып жатқан кездесулер өмір жолын əлі бастамаған біздің жастарымызға керек екеніне көзіміз жетіп қайтты жəне де Нұр-сұлтан қаласының №42 мектеп ұйымдастырып бастаған игі іс-шара басқа мектептерде де жалғасын табады деп сенеміз.

Ақмырза ӘЛИМАН
«BILIM AINASY»
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.