«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акцииясын жүзеге асыру мақсатында мектебімізде 2005, 2010, 2015, 2019 және де басқа да жылдарға арналған «Самғатқан сан қыранды, алтын ұям» атты түлектердің кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешіміз басталмас бұрын мектепке үлкен сағыныш сезімін арқалап келген түлектер, құшақ-құшақ гүлдерін алып, кабинеттерін аралап, ұстаздарын іздеді. Мұғалімдері де өз шәкірттеріне арнап «Мектебім-сағынышым» атты тәрбие сағаттарын дайындады. Сабақ барысында сұрақ-жауап, пікірталас жүргізіліп, өз мамандықтары туралы ой бөлісті.
Түлектердің кездесу кешінде мектеп директоры Темірболат Даулетов құттықтау сөз сөйлеп, «Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым» дейтін жомарт жандар үшін игі бастама екенін, бүгінгі күні мектебімізден қаншама түлектер өз орындарын тауып, әр салада қызмет істеп жүрген, білікті мамандар болғанына мектеп ұжымы қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, шараға шақырылған ардагер ұстаздар Н.Л.Алдыбаева, С.К.Купеева, С.Ж.Даниярова сөз алып, «Бүгінгі күн кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы» дей отырып, мектеп түлектерінің жетістіктері мен мектеп өміріндегі қызықты сәттерін айтып, алғыстарын білдірді.
Сөз тізгінін алған кездесуге қатысушы түлектер алғашқы мұғалімдерін еске түсіріп, оқушы кездеріндегі жылы естеліктерімен бөлісті. Мектеп табалдырығында балалықпен жасаған қателіктеріне өкінетіндіктерін айтып, кешірім де сұрады, бірақ барлығы да шын көңілмен, ықыласпен, шынайы сағынышпен тізбектелген әдемі тілекке ұласып отырды.
Шара барысында мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындаған мерекелік концертте, әндер айтылып, би билеп, естелік альбомдарын ақтарған түлектер, өткен балалық шақтарына көз жүгірте отырып, мектеп музейінде сақталатын «Түлек тілегі» альбомына өз тілектерін жазды. Өнерлерін ортаға салған мектеп оқушылары кеш қатысушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Самал Сеилханова,
Железин ауданы
Железин №3 ЖББ орта мектебі
ДТІЖ орынбасары.