2021 жылдың соңына дейін білім беру саласындағы 9 мемлекеттік қызмет автоматтандырылады. Осылайша, аттестаттауға құжаттарды тапсыру кезінде бюрократияға тап болатын мұғалімдердің жұмысы жеңілдемек. Бұл жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлім етті. Оның пікірінше, қазіргі уақытта ұстаздардың бума-бума құжаттарды жинауға кететін уақытын зая жібермей, керісінше, біліктіліктерін арттырып, аттестаттауға дайындалуға мүмкіндік беру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ал межеленген міндеттер былай жүзеге аспақ.
- Мұғалім өз портфолиосын Ұлттық білім беру дерекқорына (НОБД) жүктейді;
- Электрондық форматтағы портфолионы барлық қажетті ақпаратпен толықтырады;
- Тестілеуге дайындық ▶ Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысу үшін өтініштерді қабылдау ▶ Тестілеу ▶ Біліктілік санатын тағайындау рәсімін өткізу бойынша аттестаттау комиссиясының жұмысы ▶ Біліктілік санатын беру ▶Жалақыға үстемақы!
Осылайша, министрлік мұғалімдер үшін аттестаттаудың екінші кезеңін жеңілдеткісі келеді. Өйткені бұл кезеңге өткен мұғалімдер білім бөлімдері мен басқармаларының кеңсесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» немесе egov.kz арқылы қағаз не электронды нұсқада құжаттар топтамасын тапсырып, сабылып жүреді екен. Мұндай келеңсіздіктерді тарих қойнауына жіберу үшін министрлік білім беру саласында халыққа көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметті оңтайландырмақ ниетте.
Рүстем Биғари биыл студенттерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер де толық автоматтандырылатынын жеткізді. Бұлай істеуге жоғары оқу орындарындағы студенттерге қызмет көрсететін орталықтардың жұмысының тиімсіздігі түрткі болыпты. Ал студенттер өздеріне қажетті қызметтерді смартфондары арқылы алатын болады. Жоспар сәтті жүзеге асса мектептерге, колледждерге, жоғары оқу орындарына қабылдау сияқты қызметтер де кезең-кезеңімен толығымен электрондық форматқа көшіріледі. Осылайша, биыл 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау тек электрондық түрде жүзеге асырылады.