Home » Мақалалар » Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген

Маратова Айгүл Маратовна
Қарағанды қаласындағы
№ 63 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» — деп кезінде мектеп қабырғасында осы өлеңді жатқа айтып тұрған кезімде, аяқ астынан сөздерін ұмытып, тоқтап қалып, ойға  үңіліп, еске түсіре алмай тұрғанымда, ұстазымның: «Сен қазақ емессің, қай жерің қазақ? Қазақ болсаң, бұл өлеңді мәнерлеп, кеудеңді қағып тұрып, мақтанышпен айтар едің?», — деген сөздері намысыма қатты тиіп, қара домалақ  бала жүрегіне қадалған еді. Міне, қаншама жылдар өтті. Сол бір оқиға, мені өмір бойы қамшылап келетін секілді.
Сонау Совет кезеңінің дүркіреп тұрған кезі.  Көп қабатты тізілген үйіміздің ауласында орыс ұлтты балалармен ойнаған қазақ балалары, орысшаға тілдері келмей, шүлдірлеп, басқалары күлмесін деген оймен, ішімізден өзіміздің ана тілімізде қанатымызды кең жайып, бір рақаттанып сөйлегіміз келсе де, намысқа тырысып, орыс тілін миымызға құйып, жаттаушы едік. Тіптен, санамызға құйылған идеология, қазақ тілінде сөйлеу «ұят» деген ойды қалыптастырып, ана тіліміз өз өзіміге «өгей» атанып, көптеген жастардың жолын улай бастады. Ата-бабамызбен дарыған тектілікпен, қазақтың қаны мен иісі сіңген кең даламен тәрбиеленген сақ ұрпақтары Совет дәуірінде   «Шала қазақтарға»   айнала бастады. Ең сорақылығы, дүниенің есігін жаңа ашқан, іңгәліп келген қазақ қанды сәбилердің есімдері «Маша», «Катя» деген есімдерге ие болып жатты.
«Мысты өлке» атанған құлпырып тұрған қаламызда, сол кезде оқытылуы таза қазақ тілінде жүргізілетін екі мектеп қана шошиып тұратын. Ал, көбісі, күздің алтынға оранып, нұрын шашып тұрған мезгіліндегі, жайқалып басын көтерген сары дәнді бидай секілді,  өсіп-өніп тұрған орыс тілді мектептер еді. Негізінен, ұлт ретінде жойылуға бет бұрғанымыз, өз ұлтына, мәдениетіне, өз тіліне, өз халқымыздың дәстүрлері мен салт- санасына менсінбеушілік танытып, қан мен тер төгу арқылы жеткен  тарихымызды ұмыта жаздағанымыз — өзге ұлттың кінәсі емес, нағыз біздің кәніміз!
Ана сүтімен бойымызға сіңіп, тамырымызға тарайтын қазақ деген атымыз, әлдилеген бесік жырының орнын басқан «Спокойной ночи, малыши» әндерімен тербетіле берді. Осындай рухта тәрбиеленген ұрпақтың  трагедиясы бірнеше жылға созылғандай көрініске ие болды.  Егемендік алғанымызға едәуір уақыт болса да, қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуді әлі де аңсап келеміз. Ұлт мүддесіне жаны ауырып  жүрген адамдарды осы мәселе қатты түңілдіреді.  Кезінде әлемді дүр сілкіндірген, Желтоқсан көтерілісіне шыққан жастар, қазақтың мықтылығы мен батырлығын елге танытып, қасқыр-иттерге таланса да, ашу-ызаларын жасыра алмаған дала ұрпағы, болашақта, мына біздер, ана тілінде сөйлеп, тәрбиеленсін деген  ұранмен, Тәуелсіздікті бізге қан жосыған жолмен сыйлап еді…
Мемлекеттік тілді білу Қазақстан Республикасының барша халқына парыз екенін біле тұрсақ та, әлі де көпшілік жүретін жерлерде, сұраныс бойынша істің орындалуын іздеп келген аталарымыз бен әжелеріміздің ойларын жеткізе алмай, өзге тілде қиналып сөйлеп тұрғандары қатты қынжылтады. Тіптен, мектеп жасындағы таза қазақ тілінде сөйлейтін оқушылардың дүкендерге барып, орыс  тілінде түсіндіре алмай, бір-бірін жұмсап: «Сен айтшы, сен сұрашы» — деген қылықтары еріксіз езу тарттырады.  Осы балалардың мінезіндегі ұяңдылық пен сүйкімді қылықтары, менің өтіп кеткен, енді оралмас   балалық шағымды есіме түсіріп… денемді мұз басқандай болады. Уақыт жылжымай, бір орында тұрып қалған ба?
Алайда, дүние жүзіндегі ең бай, әдемі жетілген, қазақтардың суырып салма айтысуға ұстанатын, шешендігімен тәнті ететін, сонымен қатар Г.Н.Потаниннің өзін ерекше қызықтырған қазақ ауыз әдебиеті мен тілінің байлығы, сонау Польшадан Қазақстанға жер аударылып келген А.Янушкевичтің қазақ шешендерінің айрықша дарындылығына, тіл кестесіне қайран қалғаны, қазақ ақындарының төкпе  өлеңдері, әлемге Абай арқылы қазақ елін, тілін танытқан ағыл-тегіл көрінісі дертке шипа болғандай жанымды тыныштандырады. Қазақ тілімізде сөйлеп, өзге ұлтты да күштеп сөйлету шарт емес,  керісінше, ішкі сұлулықты көрсетудің бірі – күлімдеу деген секілді, мейірімділікпен қарап, өзгеге өзінді сыйлатып, яғни тек жоғары мәдениеттілік пен білім және Отанымызға деген махаббатымыз арқылы мойындата білсек, көк бөріден тараған ұрпақтары ретінде парымыздан құтылатын едік.
Өз халқына, өз тіліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен тәрбие отбасынан, мектеп қабырғасынан басталып, нәр алады. Сондықтан, мектепте еңбек ететін ұстаздар өздеріне берілген жауапкершілікті үнемі есте сақтап, ой түйінін жасап, баланың қисық бұтақ болып өспеуіне қатты назар аударуы қажет. Баланың жүрегіне жол тапқан, баланы жақсы көріп тұрған ұстаздың пәнін бала да сүйсініп, бар ынтасымен оқиды. Баяғыда өтіп кеткен жылдарға оралайық. Шашына ақ бантик таққан оқушы қыз, бар жан дүниесімен орыс тілі пәні мұғалімін жақсы көретін. Жақсы көретіні соншалық, сабағында қозғалмастан, ұстазының әр айтқан сөзін есте сақтауға тырысатын. Ұстазы арқылы орыс тіліне деген сүйіспеншілік тудырған жүрегі әлі де, есейіп кетсе де, мұғалімін аңсайтын сияқты.  Менің әдемі ұстазым!…
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте»,- дегендей, «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» — деп бекер айтпаған. Қазіргі таңда  «Үш тұғырлы тіл» жобалары іске асырылуда. Көп тілді білу, әрине жақсы. Бірақ, өз ана тіліңді білмей тұрып, өзге тілдің бірнешеуін меңгеріп сайрап тұрсаң да, қазақтың мөлдіреген қарақат көздері саған таңсанып қарайды деп ойлама. Тіптен, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ақыл да нақыл сөзі миға сыймайтындай. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» — деген сөзге дейін жететіндей не болды біздерге? «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деген сөзді ұзақ жылдары бойы ұрандап айтып келеміз. Сонымен қатар, қазіргі таңда  дөңгелек дүние өзгеріске ұшыратып, алфавит жаңарту қажеттілігін, әліпбидің қайта қаралуы мәселесін туындатып дөңгелетіп отыр. Сонау Түрік қағанаты дәуіріндегі тасқа ойылып жазылған  теңдесі жоқ шежіре-тарихы аса маңызды құндылық ретінде қиялдай алыс заманда қалып қойды. Сол заманнан қазақ халқының жазуы бірнеше рет өзгерді. Араб әліпбиін меңгерген еліміз, латыншаға көшуге де кезінде міндеттелген. Қазақ халқының дарындылығы соншалық, бұны да қиыншылыққа қарамастан меңгеріп алды. Алайда, көп ұзамай жұрттың барлығын кириллицаға көшіруге мәжбүрлеген. Ғасырлар бойына тар жол, тайғақ кешулер мен қиыншылықтар көтерген халық, міне, енді қайта латын қарпіне көшу мәселесі бойынша қызу еңбек етіп, талқылауда. Бірі бұл жаңалықты жақсы қабылдаса, бірі шошыңқырап, күдікпен қарауда. Әр жаңалыққа қарап үрейленетін, негізінен жасы ересек адамдар екен.
Менің тәжірибемде, латын қарпіне көшуді бастауыш сыныптардан бастадық. Жүзі лаулап жарқыраған балаларға латын қарпіне көшу жаңалығы қызық көрініп, жұмысқа лап етіп кірісіп кетті. Әп-сәтте латын әліпбиіне бір қарап, жазуларына бір қарап, саусақтарымен майыстыра қаламмен парақ бетіне жазу түсірген оқушылардың еңбек ету сағаты соңында айтқандарына қарасақ, барлығы оңай және олар үшін өте қызықты болған екен.  Заман ағымынан қалып қоймайын деген оймен, жанталасып өзім де оқушылармен бірге латын қарпінде жазып-үйренуге көштім. Ұстаздарының өздерімен бірге оқып-тоқып отырғанын көрген балалар бойында одан сайын қызығушылық пайда болды. Сыныбымызда латын қарпіне мәжбүрлеп көшіру жағымсыз сезімі емес, керісінше ұстаз бен оқушының бір-біріне жақындап басқан қадамдары мен көрсеткен   қолдауларының,  сыйлаған  сенімділіктерінің  айқын көрінісі   туындады.
Адам өсе келе бойындағы балаға тән көзін әлемге айқара ашқан, құлашын керіп-жайған  таңғажайып қасиетті жоғалта бастайды. Әр жаңалық бала үшін -қуаныш. Тек сол қуанышты сыйлар алдында, біз, үлкендер  осының барлығын ой-өзегімізден өткізіп, баланың жарқын болашағына жауапты екенімізді сезініп, адал еңбек етіп, өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпай, елімізді, жерімізді, ана сүтімен тамырымызға дарыған, бесік әнімен әлдилеп санамызға кірген,  бойымызды бойлаған туған тілімізді мәпелесек, қызыл тілімізден шыққан қазақ тілдің туын биікке желбіретеміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.