Home » Айтарым бар » Арайлым ұстаз

Арайлым ұстаз

Ұстаз – ұлы есім, ал ұстаздық – ұлы мамандық. Осындай ұлы мамандықты игеріп, бүгінде мектеп табалдырығын аттаған бастауыш сынып оқушыларының алғашқы дүниетанымын қалыптастыруға еңбектеніп жүрген жандардың бірі – Арайлым Аққайыр.

Орал қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Байторақызы – біздің ұл-қыздарымызды білім нәрімен сусындатып жүрген аяулы ұстаз. Ол 21 жыл білім саласында қызмет етіп, өскелең ұрпаққа саналы білім мен тағылымды тәрбие беру жолында аянбай қызмет етіп келеді. Жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы Арайлым апайларын шәкірттері де жақсы көреді.
Жаңа технологияларды пайдаланып, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруды алдына мақсат етіп қойған ұстаздың алдынан өткен сан шәкірттің жеткен жетістіктері де аз емес. Осы орайда «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген халық даналығы еске түседі. Кейіпкеріміздің қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып жүрген Айтқали Назым, Ұзақбай Анаргүл, Төлегенова Нұрдана, Сағындықова Назерке, Ерболат Санжар сынды зерделі оқушылары – мектеп мақтанышы. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Білім ордасының намысын қорғап жүрген талапты ұл-қыздарды Арайлым Аққайыр да мақтан тұтады.
Біліктілік арттыру курстарынан өте жүріп, педагогикалық білімін шыңдаған Арайлым Байторақызының 2-3-сыныптарға арналған «Дүниетану пәні бойынша үлестірмелі топшамалар жинағы» облыс көлеміне таратылып, әріптестерінің қажетіне жарады. Тәжірибелі мұғалім бұдан басқа да көптеген әдістемелік жобалардың авторы.
Еселі еңбектің бағаланғаны жақсы. Бұл ретте балаларымыздың сүйікті ұстазы да марапаттан кенде емес. Жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып, білімді жас буынның қатарын арттырған Арайлым Байторақызы Орал қалалық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен, мектеп директорының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттардың легі бұнымен толастамай, ұстаздың ұлағатты жолын жалғай түсері сөзсіз.
Ұстаз мәртебесін жете түсініп есейген шәкірттері де егемен еліміздің кірпіші болып қаланып, алғаш әріп танытқан оқытушыларының мерейін үстем етеріне сенім мол.
«Бір әріп үйреткен ұстазыңа өмірлік қарыздарсыз» деген екен данагөй халқымыз. Ендеше перзенттерімізді біліммен «қаруландырып», тура жолға бағыттаған Аққайыр Арайлым Байторақызына ата-аналардың да ризашылығы шексіз. Мейірімді де жайдары ұстазды кезекті төл мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыстарға жете беруіне тілекшіміз.
Балаларымыздың әрбір жетістігі – ұстаздан деп білеміз. Есіміңізді елге әйгілі ететін талантты шәкірттеріңіз көп болсын демекпіз!

Бір топ ата-аналар атынан:
Жаңылсын Амантайқызы
Райгүл Ғарифоллақызы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.