Home » Мақалалар » Рефлексияның маңызы

Рефлексияның маңызы

 

 

Абишева Алина Муратовна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО ПҚБАИ
ИББжАТ каф. аға оқытушысы, магистр.

Педагогты иннова­циялық іс-әрекетке даярлау құрылымындағы маңызды да міндетті компонент мұғалімнің өз санасының және қызметінің құбылыстарын танып-білу және талдау көрінісі ретіндегі (өз ойлары мен әрекеттеріне басқалардың тұрғысынан қарау) рефлексия болып табылады.
Рефлексия (латынның reflexio  — «өткенге көз тастау» деген сөзінен шыққан) — субъектінің ішкі психикалық актілер мен күйлерді танып-білу үрдісі. Рефлексия ұғымы ең алғаш рет философияда пайда болды және  индивидтің жүріп жатқан нәрселерді өз санасында ойластыру үрдісі дегенді білдірді. Рефлексия — бұл субъектінің өзін-өзі тануы немесе түсінуі ғана емес, сонымен қатар басқалардың оны қалай түсінетіндігін, оның тұлғалық ерекшеліктерін, эмоциялық реакциялары мен когнитивтік (танымға қатысты) қабілеттерін қалай білетіндігін аңғару. Мұндай аңғару мазмұны бірлескен іс-әрекет нысанасына айналып, реф­лексияның ерекше формасы — нысаналық-рефлексиялық қатынастар дамиды [1:26-29 б.].
В.А.Лефевр рефлексияның түсінігін кеңейте түсті. Біріншіден, оның пайымдауынша, мұғалім өзіне қатысты «бақылаушы», «зерттеуші» және «бақылағыш» міндеттеріне қоса, өзгелерге қатысты «зерттеуші» мен «бақылаушы» міндеттерін орындаушы болса; екіншіден, ол «рефлексия деңгейі» мен «рефлек­сиялық жүйе» ұғымдарын алғашқы болып енгізді [2:55-63 б.].
М.В.Кларин, шығармашылық ойлау ерекшеліктеріне тоқтала отырып, оның мазмұнын өз тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік беретін рефлексиямен байланыстырады. Бұл тұрғыдағы рефлексия ой-тұжырым жасау, қорыту, салыстыру, ұқсастыру, бағалау, толғану, есіне алу және мәселелерді шешуден тұрады. Ол сондай-ақ интерпретация, талдау, талқылау немесе бағалау мақсатындағы сенімдерді де қамтиды [3:72 б.].
Рефлексияның әр деңгейі мұғалімнің мүмкіндіктерінің мазмұнын, түсініктері мен толғаныстарын анықтайды. Мүмкіндіктер шекараларының  рефлексиясы, өзі мен басқалардың арасындағы айырмашылықтарды тұжыру кезінде қарама-қайшылық туындап, оны шешуге тырысады. Өзінің осал тұстарын өзгерту және ішкі мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылу мұғалімді  инновациялық іс-әрекеттегі табысқа жетелейді.
Мұғалімнің инновациялық іс-әрекетіндегі мақсат қою рефлексиясының келесідей сипаттамалары бар:
— тура талдау — педагогикалық жүйенің өзекті күйінен бастап ең түпкілікті жоспарланған мақсатқа жеткенге дейінгі мақсат қою;
— кері талдау — түпкілікті күйден өзекті күйге қатысты мақсат қою;
— тура және кері талдауды қолдана отырып, аралық мақсаттар қою [5: 54-58 б.].
Инновациялық іс-әрекетті жүзеге асыру кезеңіндегі рефлексия екі үрдіспен қоса жүреді: 1) мұғалім болжамдау кезеңіне қайта оралғандай болады, сол кезеңнен тұжырымдаманың жекелеген құрамды бөліктерін іздестіреді; 2) екінші үрдіс өз іс-әрекетінің рефлексиясымен, яғни мақсатты жүзеге асыру үрдісімен тығыз байланысты: мұғалім мүмкіндіктері мен сыртқы жағдайлардың ара қатынастарын талдау жүреді. Педагогикалық дағдылар, әрекеттер, инновациялардың мазмұны зерделенеді.
Өз іс-әрекеті мен оның компо­ненттерін (қажеттіліктерді, мотивтерді, мақсаттарды (олардың ара қатынастарын), мақсат пен нәтижелерге жету тәсілдерін) бағалау жөніндегі өзіндік алгоритмдерді меңгеру шарты ретіндегі өзін-өзі бағалау мұғалімнің рефлексиялық ұстанымының шарты болып та табылады. Мақсатқа қол жеткізу тәсілінің рефлексиясы кезінде іс-әрекет зерделенеді, бұл талдаудың табыстылығы педагогтың инновациялық іс-әрекетті жүзеге асырудың баламалық тәсілдемелерін іздеу, бағалау және таңдау қабілеттеріне байланысты.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта отырып, айта кететін жайт -рефлексия үрдісі жеке-дара сипатқа ие. Мұғалімнің инновациялық іс-әрекеті бойынша рефлексиялық ұстанымының белсенуінің педагог тұлғасымен, оның өзін-өзі дамытуға бағдарлануымен байланысты екендігі сөзсіз. Бұл үрдістің қайнар көзі болып мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетінде сезінетін қарама-қайшылықтарының жүйесі саналады, сондықтан да оқу-кәсіби іс-әрекет барысында рефлексиялық ұстанымды өзектендіре түсетін, жағымды өзіндік қабылдауды қалыптастыратын, өзін-өзі көрсету үрдістерін ынталандыратын жағдайларды жасау қажет.
Рефлексиялық сана мектептегі белгілі бір инновацияларды жасақтау мен тексеру үрдісін бақылап, іс-әрекеттің барлық кезеңдерін ой елегінен өткізеді. Сондай-ақ инновациялық іс-әрекет кейде санаға бағынбауы да мүмкін, соның ішінде бағдарламаларды, мақсаттарды құру кезеңінде санадан тысқары жатуы да мүмкін. Ол көбінесе педагогикалық іс-әрекеттің саналы немесе санасыз, реттелмейтін немесе реттелмейтін тәсілдері мен формалары арқылы жүзеге асырылады.
Іс-әрекетті саналы реттеу кезінде мұғалім оны жүзеге асыру мазмұны мен тәсілдеріндегі өзгерістерді аңғарып, мақсатқа жетуге кедергі туғызған нысандарды оңай анықтайды. Педагог туындаған кедергілерді (ерекшеліктерін, себептері мен өзі үшін салдарларын) ғана көрсетіп қоймай, сол кедергіні қабылдаушы, оның мақсатқа жетуге кедергі немесе түрткі (немесе бейтарап нысан) екендігін бағалаушы, өзінің ол кедергіні жеңе алмайтындығын, оған деген көзқарасын өзгерте алмайтындығын,  нақты іс-әрекет пен «Мендік тұжырымдама» шекараларының өзгеру салдарларын бағалаушы ретінде көрсетеді (мұғалім өзінің алдына «Бұл кедергіні жеңе аламын ба?», «Енді не болмақ?», «Мен қандаймын?» деген сұрақтарды қойып, оларды шешуге тырысады) [8:11]. Бұл кезде инновациялық іс-әрекетте оның жаңа нұсқаларын болжамдау, модельдеу үрдістері қарқындатылады. Рефлексияның бұл кезеңінде мұғалімнің өз тәсілдері мен қатынастарының мазмұнын өзгертуге қатысты танымдық іс-әрекеті жандандырылады. Бұл өзгерістерді түйсіну мен бағалау нәтижесінде педагогта инновацияларды дамыту перспективалары мен мүмкіндіктері пайда болады.
Оқу әрекетіндегі рефлексия – оқу әрекетін жүзеге асырып субъекттің ойлау, қабылдау қабілетін жандандырады. Себебі оқу әрекетіндегі рефлексия арқылы оқушы өзінің даралығына, өз ойының дұрыстығына, өзі орындаған тапсырмаларды талдау, бағалау арқылы көз жеткізсе, оқу әрекеті өз пікірін таразылап түсінуге, өз ойын дәлелдеуге мүмкіндік алады. Оқушы рефлексия арқылы өз оқу әрекетінің тәсілін түсініп білімді саналы меңгере алады, яғни рефлексия – оқушыға алынған нәтижені талдауға, алдағы жұмыстың мақсатын анықтап, оған жету жолын өңдеуге үйретеді, өзін-өзі тексеріп, оқу қызметін бағалауына мүмкіндік береді. Сондықтан да рефлексия — өзін-өзі танудың, түсінудің, тексерудің, бақылаудың, бағалаудың негізгі тәсілі және ойлаудың қажетті құралы.

«МТТ» рефлексиясы
Мақсаты: тақырыптың ішіндегі негізгі идеяны тұжырымдау.

Мен білетін мәліметТың ақпаратТақырыптың маңыздылығы

Тақырыптың ішіндегі негізгі түйінді идеяны тұжырымдайды, өздері білетін мәліметтерді ой елегінен өткізіп, алдыңғы білімді тәжірибемен байланыстырады. Сол сияқты тың ақпаратты анықтау арқылы тақырыптың маңыздылығына тоқталады

«Бір минут» әдісі. Тақырыптың ішіндегі негізгі түйінді идеяны тұжырымдайды, өздері білетін мәліметтерді ой елегінен өткізіп, алдыңғы білімді тәжірибемен байланыстырады
«ҚҚҚ»  әдісі.

Маған қажет болды  ———
Маған құнды болды  ———
Маған қиын болды
 «Квадрат» кері байланыс

Мен күткен едім     ………………                                                                           Менің біліміме  қуаныштымын……
Мен ақпаратты сабақтан  пайдалана аламын     …………….                                            Маған әлі де қажет………..

 

«Егер 5 минутым болса…» әдісі арқылы әр топ өз ойларын ортаға салып түзету жұмыстарын жүргізеді
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Нечаева Н.С. Краткий словарь терминов, употребляемых в ходе экспертизы инновационной деятельности// Практика административной работы в школе. — 2007. — №2. — 26-29 б.
  2. Уваров А.Ю. Инновационные педагогические практики: распространение// Школьные технологии. — 2008. — №3. — 55-63 б.
  3. Кларина Л. Инновационная деятельность: становление, развитие, эффективность //Директор школы. — 2001. — №10.- 72 б.
  4. Петровский ВА Психология неадаптивной активности. — М, 1992. — 60 б.
  5. Шарипов Р.Х. Концепция инновационного образования// Методист.-2008.-№8.- 54-58 б.
  6. Рогов Е.И. Настольная книга практического психолога. Книга 2. — М., 1999.
  7. Карпов А.В., Пономарева В.В. Психология рефлексивных решений. — Ярославль, 2000.
  8. Тихомиров O.K. Принятие решения как психологическая проблема // Проблемы принятия решения. — М, 1996.
  9. http://www.izden.kz/referattar/psihologiya/115

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.