Home » Жаңалықтар » Облыс мектептері оқу жылын қорытындылауда

Облыс мектептері оқу жылын қорытындылауда

Батысқазақстандық мектептерде қашықтан оқыту жұмыстары қалыпты жүргізілуде. Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз жиыны өңір мектептеріндегі биылғы оқу жылының аяқталу барысына арналды.

– Барлық мектептерде қашықтан оқытудың төртінші аптасы аяқталды. Нәтижесінде біз барлық мектептерде бұл жұмыстың қалыпты жағдайларда жүргізіліп отырғанын көріп отырмыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен оқу жылын аяқтауға қатысты нормативтік құжаттар бекітілді. Оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Төртінші тоқсан мен 2019-2020 оқу жылының аяқталуын ұйымдастыру мақсатында мамыр айында барлық сыныптарда 1-бөлім бойынша жиынтық бағалау және І тоқсан бойынша жиынтық бағалау өткізіледі, – деді басқарма басшысы Айымгүл Мақсотқызы.

Айтуынша, 1-10-сыныптарда аптасына екі немесе одан да көп сағаттан тұратын оқу пәндерінде 1-бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және 1 тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) орындалады. 10-сыныптарда аптасына бір сағат жүктемесі бар пәндер бойынша І бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) өткізіледі. Ал 11-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшпегендіктен, оларға дәстүрлі бақылау жұмыстары жүргізілмек. Яғни жиынтық бағалауды жүзеге асыру мерзімі анықталғанын айтқан облыстың бас мұғалімі оларды жеке-жеке атап өтті.

4-11 мамыр аралығында жүктемесі екі немесе одан да көп сағатты құрайтын пәндер бойынша бөлім бойынша жиынтық бағалау болады. Ал «Өзін-өзі тану», «Көркемөнер», «Музыка», «Дене шынықтыру», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және дизайн», «Қоғам және дін» пәндерінен суммативті бағалау жүргізілмейді.

11-15 мамыр аралығында 1-10-сынып оқушыларына аптасына бір сағат жүктемесі бар пәндер бойынша, тоқсан бойынша жиынтық бағалау өтеді.

18-21 мамыр аралығында 11-сыныптың барлық бақылау жұмыстары, екі немесе одан да көп сағаттан тұратын пәндер бойынша І тоқсан бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі.

Бөлім бойынша жиынтық бағалауды жүргізу уақыты 10-20 минуттан аспауы тиіс, тоқсан бойынша жиынтық бағалау ұзақтығы 40 минутты құрайды. Бұл екі бағалау түрі де қашықтықтан жүзеге асырылады. Тапсырмаларды мұғалімдер құзырлы министрліктің бұйрығына сәйкес өздері құрайтын болады. Бір күнде бір пән бойынша БЖБ мен ТЖБ болмауы керек, оған қоса мұғалімдер күніне үштен артық жиынтық бағалауды өткізуге жол бермеуі тиіс.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл 9 және 11-сынып түлектері қорытынды емтихандар тапсырмайды. Қорытынды баға жылдық бағаның нәтижесі бойынша белгіленеді. БҚО Білім басқармасының басшысы өз баяндамасында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі талқыланып жатқанын айтты.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.