Home » Жаңалықтар » АҚТӨБЕЛІК ФИЗИКА ОҚЫТУШЫСЫ «ҮЗДІК МҰҒАЛІМ – 2020» САЙЫСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

АҚТӨБЕЛІК ФИЗИКА ОҚЫТУШЫСЫ «ҮЗДІК МҰҒАЛІМ – 2020» САЙЫСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

    Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дәстүрлі «Үздік мұғалім – 2020» кәсіби байқауы аяқталды. «Үздік мұғалім — 2020» додасында үшінші орынды Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептің оқытушысы Мират Оспанов иеленді.

– Осы жарыстың арқасында мен уақытты басқарудағы деңгейімді, мықты және әлсіз жақтарымды анықтай алдым. Бұл өзімді байқап, тексеруге тамаша мүмкіндік болды, – деп Мират Қорғанбекұлы сайыс туралы өз әсерлерімен бөлісті.

Ол ашық сабақ өткізгенде өзін байсалды ұстап, сенімді болғанын жасырмады – бұл да жарыс кезеңдерінің бірі болатын.

Мират Оспанов – физика пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, оның шәкірттері халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің көптеген грамоталары мен алғыс хаттарының иегері. Ол Лондондағы Оксфорд халықаралық білім беру тобында «Content and Language integrated learning» курстарының қатысушысы.

Елордада биыл республиканың ең үздік мұғалімі атағын алу үшін 20 пән мұғалімдері күресіп, олардың әрқайсысы өз мектебінде өткен кәсіби сайыстың жеңімпазы атанды. Зияткерлік мектептердің үздік оқытушылары оқытудың жаңа стратегияларын, көшбасшылық потенциалды, сыни ойлау мен IT ресурстарын, оқушылармен және ата-аналармен ынтымақтастықтың сәтті алгоритмдерін және басқа жетістіктерді көрсетті.

Үй тапсырмасы ретінде әзірленген «Оқушылармен тілдесу» және «Ата-аналармен тілдесу» бейнефильмдері мұғалімнің басым дағдылары: тыңдай және ести білу, педагогикалық мәселені тұжырымдай және шеше білу, ынтымақтастық және сенім ахуалын қалыптастыра білуге бағытталды. Әрбір қатысушы Нұр-Сұлтан қаласына «Менің педагогикалық ұстанымым» атты дербес көрмесін ала келді, сондай-ақ «Мен – тұлғамын, мен – мұғаліммін» тақырыбындағы танысқысын дайындады. Олар елордасындағы физика-математика бағытындағы мектепте ашық сабақтар өткізіп, шешендік өнер бойынша әділқазы алқаларының тапсырмасын орындады, «Педагогикалық жағдаят» рөлдік ойынына қатысты.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.