Home » Мақалалар » Абай қара сөздеріндегі  философиялық ой

Абай қара сөздеріндегі  философиялық ой

Асилова  Гульжамал  Дуйсембековна
Жамбыл облысы
Т.Рысқұлов ауданы  Құлан ауылы
Құлан  мектеп-гимназиясының
әлеуметтік педагог мұғалімі

Абай қазақ халқының – ұлы ақыны, дана ойшылы және қазақ әдебиеті мен реалистік жазба әдебиетінің негізгі символы. Ұлы ақынның шығармашылығының биік бір белесі – қарасөздері. Ақын өмірінің соңғы кезеңдерінде азаматтық ұстанымы мен философиялық тұжырымдарын, өсиеттерін  қарасөзбен жеткізді. Ғасырлардан бері келе жатқан Абай ғақлияларының философиялық ойы қандай ? Және де қандай мәселелерге арқау етіліп жазылған?

Ең бірінші қарасөз дегеніміз не? — осы сұраққа жауап берейік. Абайдың  қара сөздері – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы  даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Әр қарасөзде күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған қазақ халқының мәселелері көтерілген. Ол мәселерге: оқу, өнер-білім, дін мен дүние және моральдық мәселерді жатқызуға болады. Айналада болып жатқан мәселелерді өткір сынай отырып, қоғамдық санаға, елдің болашағына даңғыл жол көрсететін парасатты пайымдарды жазып кеткен. Қарасөздердің көлемі шағын болғанымен, мағына, мазмұны жағынан терең ойға жетелейтін шығармалар. Бұлар сюжетті шығарма емес және бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан бір алуан көркем сөздің түрі.
Міне, енді қарасөздердің философиялық ұғымдарына тоқталсақ, әр шығарма негізгі бір өзекті идеяда жазылған. Мысалы: Абайдың «Жетінші» қарасөзінің көздеген негізгі мақсаты адамның туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек жанның пайдалы тамақтарын сіндіру еді. Бұл сөзде «ұшырасатын» «жанның тамағы» деген күрделі философиялық ұғымдар қолданылған. Оны Абай біздің санада пайда болған, білімнің жинақталған қоры деп қарайды.

Мәселен, Абайдың «Оныншы» қара сөзі бала тəрбиесіне арналған. Абай қазақтың Құдайдан бала тілеудегі мақсатының «өлсем орнымды бассын»,  «артымнан құран оқысын», «қартайған күнімде асырасын» деген тілектерден туатынын айта келе, осы тілек-мақсаттың əрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Қазақтың отбасы бала тəрбиесіне талдау жасайды.                           «Он сегізінші» сөзінде Абай кербездікті қатты сынға алған. Кербездік жұмысы жоқтықтан туады. Бұл халықтың азып-тозып жүргендігінің бір көрінісі. Бай елдерде кербездік деген оғаш қылық жоқ, киім киінудің талғамы бар. Кербездіктің тағы бір жағымсыз жағы – менмендік, боскеуделік сияқты жат мінезділік.

Ойымды қорыта келе айтқанда, бірлікке, тірлікке, ізгілік пен адамгершілікке шақыратын публицистикалық шығарманы неге жаттап алмасқа?! Абай атамыздың тәрбиеге негізделген қара сөздерінен рухани азық алып, адамдық сипатта бой түзейтін болсақ, болашағымыздың баянды болары сөзсіз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.