Қызылорда облысы, Шиелі ауданы
Бекжапбарова Гульфира Анарбековна
№84 негізгі мектебінің қазақ тілі әдебиеті пән мұғалімі
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін білмейтін қазақ жоқ. Абай атамыз өзінің өнегелі өмірі жолында, ұрпақ үшін өшпес мұра қалдырды. Философиялық ой тұжырымдары мен қара сөздерінің мағынасы тереңде жатыр. Қазақ халқы мен қазақ жастарына арналған өсиет десек қателеспегеніміз болады. Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының «Ұлы Абай өткен 112 жылдан соң» атты мақаласында мынадай жолдар кездеседі:
- Абайдың жеке тұлғасы ақындық деңгейінен, хакімдік, ойшылдық деңгейге дейін көтерілген. Ол елім, жерім деп күңіренген. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп елдік тұрғысынан ой қозғаған. Шығыс шайырларын оқыды. Бүкіл әлемді орыс арқылы көргеннен кейін ол орыс тілін үйренуге шақырды. Бірақ ешкімді орыс болуға, орыс құндылығының негізінде әлемді тануға үгіттеген жоқ. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі»,- дейді (А.Құнанбаев Шығармалар, Жазушы баспасы, Алматы – 1968 ж. 174 бет)
Бұл жерде хакім Абай орыстың тілін біл, ғылымын үйрен деп отыр. Бұл жерде өзгенің тілін біл, сол кезде олармен тетелес қызмет ете аласың дегені. Осы орай қазақ халқының, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», деген мақалының мәнісімен түсіндіруге болады. Сонымен қатар Абай қарасөздерінде балаға ғылым мен білімді үйретудің маңыздылығына тоқталып өтеді.
Абайдың оныншы қара сөзінде:
- Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды?
Баланың болмысы емес, оның жан дүниесі маңызды. Оны өмірге икемдеу үшін асырап, бағып, тамағын тойдырумен ғана шектелмейді. Баланы тәрбиелеу қажет. Баланы өмірде еңбек етуге, маңдай терімен табуға үйрет деп отыр. Әрқашан дайынды алдына тоса берме! Оның білімді болуы үшін барлық жағдай жаса. Балаға жігер беруді ұмытпағаның абзал. Бала мақтауды сүйеді, оған әрдайым қолдау көрсете біл.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек…
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», -деп ғылымның қай жерде болмасын мәртебесінің биік екенін танытып отыр. Білім мен ғылымның адам өмірінде қаншалықты өзгеріс әкелетіндігін, көзі ашық болатындығын жеткізеді.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, — дейді.
Қазақ жастарына өз уақытында білім алып, қатарынан оза шауып, өзге елдің де білімін үйренгенін қалайды. Жастық жігер бар уақытта, оқуға қызығу, ғылымды үйренуге жастарды шақырады. Белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша Абай ғылым туралы ұғымды теориялық тұрғыдан негіздеп қана қоймайды, оның өмірде орын тепкен қазіргі ұғым деңгейіндегі желілерін де анықтап, нақтылап өтетіні де бар. Бұл таным Абай заманындағы қазақ қауымы үшін аса қажетті тың ұғым, соны таным болатын-ды. Осы себептен болса керек Абай өз танымын шығармаларында таратып, ойталқысына салғанда ғылым жайындағы танымын: білім (знания), ілім (учение), ғылым (наука) деп анықтап желілей таратып, жүйелеп отыратыны бар. Мысалға алар болсақ: «Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби Жан қуатымен жиған нәрсенің аты – ақыл, ғылым еді ғой», деп, ақыл мен ғылымды адамға ғайыптан келетін құбылыс ретінде қарамайды. Ақыл мен ғылым адамға ықыластана ізденіп еңбектенумен, оқып үйренумен келетін кәсіби құбылыс деген ой қорытындысын береді. [Мырзахметұлы, 2014: 57 б.].
Абайдың:
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз – білім де, өнер де ғылымның негізінен шығатынын түсіндіреді. Ақын қазақтың бұл күнге дейінгі ғылымсыз тіршілігін санатқа қоспай «Ғылымсыз дүние жоқ», – деген берік байлам жасап, ол өзінің көптеген өлеңдерінде осы тұжырымын жариялайды.
Ғылым тағылымы дәулеттің ішіндегі ең маңыздысы, асылы болды деп Абай жастарды салғырсымай, ғылымды терең меңгеруге шақырады. Елдің болашағы білімді жастардың қолында. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиееу жолында талмай, білім нәрімен сусындатып жүре берелік. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Абай – қазақтың бары, ұлт руханиятының алтын қазығы.