Home » Ашық сабақтар » Қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды қолданудың тәсілдері 

Қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды қолданудың тәсілдері 

Акилбекова Эльмира Култасовна
Түркістан облысы
Сарыағаш ауданы
№ 2 А. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Біздің еліміздің әлемдік білім беру саласында ұлттық саясатты ұстануы, халықаралық мәртебе алуға ұмтылуы, оқу үдерісін жаңа жүйеде ұйымдастыруы  орта білім беру жүйесін инновациялық  технологиялар  негізінде құруды міндеттейді.

Қазіргі қоғамда  адамдардың ақпараттық сауаттылық деңгейін жоғарылатумен қатар,  қоршаған ортаның әлеуметтік, ақпараттық, технологиялық өзгерістеріне тез бейімделетін, жаңаша ойлайтын тұлға қалыптастыру маңызды проблемалардың бірі.  Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарды, жаңаша көзқарас, жаңа қарым-қатынас пайда болды.

Әлемде болып жатқан заманауи үрдістерден қалмау үшін, еліміз барлық жаңалықтарды игеруде. Оған дәлел елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың пікірі:  «Индустрияландыру- бұл бүгінгі бренд, біз ілесіп жүруге тиіс жаңа бағыт.   Мұнда қорқатын ештеңе жоқ. Бізде электронды үкімет бар, халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Мұның бәрі Цифрлы Қазақстанның элементтері» [1].

Демек, қоғамдағы қарқынды даму қадамдарының жыл сайын жаңа өмір салтын құруына орай, мектеп мұғалімдері де орын алған өзгерістерді дұрыс қабылдап, өз әлеуетін көтеруге ұмтылуы қажет. Мектептің тұтас педагогикалық үрдісі осы мүмкіндіктерді дамытуға септігін тигізеді.

Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім  беру реформасының басты мақсаттарының бірі инновациялық технологияларға сүйене отырып, оқушының шығармашылығын дамытуға мүмкіндік жасау.

Педагогикалық технология ұстаздар мен оқушылардың аз ғана күш жұмсап, ең жақсы нәтижелерге жетудің  тиімді принциптері мен әдістерін анықтауға бағытталады[2].

Ақпараттық технология ұғымын ғылыми айналымға енгізген ғалымдардың бірі В.М.Глушков «ақпараттық технология-ақпарат өңдеумен байланысты ұғым» — деп дәлелдеген[3].

Қазақстандық ғалым С.М.Кеңесбеков «Білім беруді ақпараттандыру білім беру саласының теориясы мен практикасына ақпараттық -коммуникациялық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиеде оның психологиялық-педагогикалық мүмкіндіктерін қолдану үрдісі» -деп  айтқан болатын. Біз қарастырып отыған қазақ тілі сабағында жаңа технологияларды қолдану оқушылардың төмендегі мүмкіндіктерін ашады:

  • Коммуникациялық қабілеттерін дамыту;
  • Ақпарат көздерімен жұмыс жасау;
  • Шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • Оқу үдерісіне белсене қатысу;
  • Оқу мотивациясын арттыру;
  • Ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау[4].

Педагогикалық әдебиеттерде оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай  нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру.

Қазақ тілі сабағында кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың бірі – деңгейлік оқыту технологиясы. Бұл технология оқушылардың ізденушілік, өзіндік жұмыс істеу, білімді сапалы қабылдау, шығармашылықтарын арттыра түсуге бағыттайды, мәселені тиімді шешудің жаңа мүмкіндіктерін анықтайды.

В.П.Беспалько оқу материалын меңгерудің 4 деңгейін ұсынады:

1-деңгей базалық деңгей ретінде қабылданған. Бұл міндетті деңгей болғандықтан барлық білім алушы тапсырманы толық орындауы тиіс.

2-деңгей Қосымша мәліметтер алғашқы деңгейде алған білімді одан әрі кеңейтіп, тиянақтайды, негізгі мазмұнын нақтылайды, ұғымдардың не үшін, қалай қолданылатынын көрсетеді. Бұл деңгейде өтіп кеткен материалды білім алушы талдап, бұрынғы тапсырмаларға ұқсас орындайды. Бірақ бұларды орындау үшін алған білімдерін түрлендіріп пайдалану керек.

3-деңгей Өз бетінше жұмысты қалыптастыру мақсатында білім алушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген қарапайым білімдерін жетілдіріп тереңдетеді. Жаңа білімді талдау, жинақтау, салыстыру арқылы меңгеруіне, қорытындылай білуіне жол ашылады. Бұл деңгейде ребус, сөзжұмбақ, анаграмма құрастырады.

4-деңгей Бұл деңгейде берілген тақырып бойынша өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланады. Реферат,баяндама, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш құрастыру тапсырмалары беріледі [5].

Оқушыны деңгейге бөліп оқыту барысында мұғалім оқушыларға әртүрлі тапсырмалар ұсынады.  Ол оқушының қабілетіне қарай іріктеліп жасалады. Бұл технологияның ерекшелігі оқушы ақпаратты өз бетімен өңдейді, талдайды және шешім қабылдайды.

Қазақ тілі сабағында жиі қолданылатын технологиялардың бірі ойын технологиясы. Оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру барысында грамматикалық ойындар қолданылады. Ойын технологиясы оқушының іскерлік қасиетін қалыптастырады. Әртүрлі грамматикалық тапсырмалар арқылы ойын сюжеті құрылады. Ойын оқушының тез ойлай білу дағдысын қалыптастырады. Ойын шарты алдын-ала белгілі болғанмен, ойын барысындағы күтпеген жағдайларда оқушы тез шешім қабылдай білуге жаттығады.

Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешу маңызды.

Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Мәдени мұраларды меңгеру арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы мен мәдени болмысы қалыптасады. Мәдени мұраларды игеру, әрине  тіл мүмкіндіктері арқылы жүзеге асады.

Тіл -ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің, адам мен адамның ара қатынасының негізгі құралы болып табылады. Сондықтан да мектепте қазақ тілін оқыту маңызды. Ол интеграциялық пән ретінде барлық ғылымдардың тоғысында дамиды. Қазақ тілін жаңа технологиялар негізінде интерпретациялау мен модернизациялау заманауи педагогика үрдісінің кешенді проблемасы.

Қазіргі таңда мұғалімдер іс-тәжірибеде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жақсы нәтижелерге жетіп жүргені аян. Солардың бiрi — сын тұрғысынан ойлау.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны мұғалімдер әр сабақтың ерекшелiгiнет қарай лайықтап қолдануына болады. Олар: «бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркiн жазу», «Семантикалық карта», т.б.

Қазақ тілін оқыту барысында оқушының сөздік қорын байыту арқылы тілін дамытуға болады. Қазақ тілін үйрету, білу қазіргі таңда басты мәселе болып отыр. «Тіл дамыту дегеніміз – тілдік норманың жетілу, ширау, даму дәрежесі»,-дейді ғалым М. Балақаев. Тіл үйренуде ең басты міндет-оқушылардың сөйлеу тілін дамыту. Тіл дамытудың шарттары:

1.Сөздік қорын дамыту.

2.Сөйлеудің грамматикалық жағын ескере отырып қалыптастыру.

3.Ауызекі сөйлеу тілін дамыту.

4.Әңгімелеуге үйрету.

Қазақ тілі сабақтарында бұл мәселені шешу жолдарының бірі әр түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану, жаңа технологияларды енгізу. Сабақта оқушылардың тілін диалог, монолог арқылы дамытуға болады. Диалогтық, монологтық сөйлеу барысында туындайтын қиыншылықтар да бар:

Диалогтық сөйлеуде қабылдаушы баяндаушының айтқан ойын, көзқарасын бірден түсінуі қажет.

  • Қабылдаушы бірден аяқ асты жауап беруі тиіс.
  • Сөйлеу барысында қабылдаушы тыңдалым мен айтылым әрекетін бір-бірімен сабақтастыра меңгеру керек.

Монологтық сөйлесу барысында қабылдаушы баяндаушының айтқан ойын, көзқарасын саналы түрде ұғынып, оны логикалық жүйеікпен айтуы керек. Монолог арқылы оқушылардың мынадай іскерліктері қалыптасады:

  • белгілі бір тақырыпқа өз көзқарасын білдіреді
  • белгілі бір тақырып бойынша ақпарат береді
  • сөз тіркесі мен сөйлем құрай білу дағдылары қалыптасады
  • сөйлеу тілін байытады
  • сөздік қорын байытады
  • нақты, дәл, анық жауап беруге үйретеді
  • әдеби тіл нормасында сөйлеуге дағдыландырады[6].

Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр ұстаздың өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 10 қаңтар 2018ж.
  2. Н.Т.Сартаева Ақпараттық технологиялар негізінде бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекетін мотивациялау. Философия докторы дәрежесін алу үшін дайындаған авторефераты. Алматы, 2019

3.В.М.Глушков История информационных технологии -М:Образование. 2004. -С165

  1. Ж.Садуова «Инновациялқ технологияларды білім беруде қолдану». // Білім. Алматы, № 5, 2006ж., (22-24).
  2. В.П. Беспалько  Слагаемые педагогической технологии. -М.: Педагогика, 1989. -С192
  3. Н.Х.Хамзина Қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды қолдану //Білім айнасы. 2019ж

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.