Home » Мақалалар » Балалар қашықтан оқуды жедел игеріп алды

Балалар қашықтан оқуды жедел игеріп алды

Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр ауылы,
Ақшұқыр мектеп-лицейінің
Бастауыш сынып мұғалімі
Ашыкбаева Оразгуль Джумабаевна

Әлемді жайлаған жұқпалы дерттің алдын алу мақсатында елімізде жарияланған төтенше жағдайлар үйреншікті қалыпты өмірімізге біраз өзгерістер әкелді. Сол өзгерістердің бірі – жалпы білім беретін мектептерде қашықтан оқытуға көшу. Алғашқы кезде бұл жаңалыққа ұстаздар қауымы «қалай болар екен» деп күдіктене қараса, қазақ «көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме, іске кірісіп кеткен соң жаңа оқыту тәсіліне де тез арада үйреніп алғандаймыз.

Мен Ақшұқыр мектеп-лицейінде бастауыш сыныптан сабақ беремін. Білім негізі бастауыш сыныптан қаланатындықтан, бұл саланың мамандарына жүктелер міндет қашанда ауыр. Осыған орай, әріптестерім сабақта түрлі көрнекі құралдарды көп пайдаланып, оны түрлендіре, барынша тартымды, қызықты етіп еткізуге күш салады. Бұндай сабақтар балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, оқуға деген ынта-ықыласын да арттыра түседі. Ал қашықтан оқуға көшуге байланысты алғашқы кезде бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндер сабақ берудің бұл тәсілін қалай қабылдап, игерер екен деп күдіктенген едім. Бірақ та, көп ұзамай жаңа тәсіл шәкірттеріме ұғынықты және жеңіл екендігін түсініп, бұл менің шығармашылық жұмысыма құлшынысымды арттыра түсті. «Балапан» телеарнасы арқылы балалар жаңа сабақты қарап алады да, үй тапсырмаларын орындайды. Оған қоса, мен де өзімше дайындаған үй тапсырмаларын, сабақтарымды шәкірттеріме ұсынып отырамын.

Қашықтан оқытудың бір артықшылығы – онда компьютер технологиясының артықшылықтарын толық пайдалануға болады екен. Мәселен, мен таяуда дайындаған қазақ тілінен 2 сынып оқушыларына арналған «Дара және күрделі етістік» тақырыбында PowerPoint бағдарламасын пайдаланып, суреттермен, жазу мәтіндерімен безендіріп слайд жасадым. Сөйтіп, слайдты балаларға жібердім. Оған қарап отырып, тақырыпты жеңіл түсінуге болады. Қашықтан оқытуға WhatsApp мессенджерін, eduschool.kz сервистерін пайдаланудамыз. Үй тапсырмалары мен қосымша сабақтар осы сервиске орнатылады, ал балалар содан қарап, өздері орындаған тапсырманы сонда салады. Екіжақты байланыс үздіксіз жүреді және байланыстың жеделдігі де жоғары.

Қазір қашықтан оқытуға шәкірттерім біршама төселіп қалды. Жұқпалы дертке байланысты жарияланған төтенше жағдай осылайша оқу үдерісіне ешқандай да кедергісін келтірген жоқ. Сабақтың бәрі күнтізбелік кестеге сай жүргізіліп, балалар тақырыпты толыққанды игеруде.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.