Home » Мақалалар » Мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы жасанды интеллект технологиялары

Мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы жасанды интеллект технологиялары

Адильбаева Тоты Меделбековна
№82 «Айару» балабақшасы, Астана қ..

 Ақпараттық технологиялар баланың өміріне ерте жастан бастап еніп, оның жеке басының қалыптасуына оң және теріс әсер ететінін бәріміз білеміз. Балалар психикасына әсер ету күші бойынша қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар басқа құралдармен салыстыруға келмейді. Біз көтеретін мәселеге қалай қарасақ та, қоғамды ақпараттандыру мектеп жасына дейінгі педагогтардың алдына уақытпен бірге жүру, бала үшін жаңа технологиялар әлеміне жолсерік болу, баланың жеке басының ақпараттық мәдениетінің негіздерін қалыптастыру міндеті қойылған. «Балалық шаққа зиян келтірмеңіз» педагогикасының негізгі қағидатына сүйене отырып, бүгінде мектеп жасына дейінгі педагогтардың АКТ саласындағы кәсібилігі мен құзыреттілігі және ақпараттық технологияларды білім беру процесіне қауіпсіз енгізу саясаты туралы айтуды қажет деп санаймын. Бізге, тәрбиешілерге дамудың тағы бір заманауи құралы берілді және оны сауатты және кәсіби түрде қолдану керек. Мектепке дейінгі білім беру сатысының қазіргі даму деңгейі АКТ-ны барлық бағыттарда белсенді қолдануды көздейді.

Балабақшадағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, оның ішінде IT технологиялары — қазіргі мектепке дейінгі тәрбиенің өзекті мәселесі. Бір жағынан, елбасымыздың жолдауында мемлекеттің білім саласында қарқынды дамуын арттыру мақсатында әр білім беруші ұйымның алдына міндет қойды: баланың денсаулығына қауіп төндірмейтін жүйе құра отырып электронды өкілдігі бар, бағдарламалауға, робототехникаға, жобалауға, зерттеу жұмыстарына қызығушылығы  бейім саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу. Соңғы бес жылда мектепке дейінгі мекемелерде АКТ қарқынды дамып келе жатқанын көреміз. Оның себебі:

  1. Мемлекеттік деңгейде ақпараттық қоғамды дамыту стратегиясын қабылдау;
  2. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасын қабылдау;
  3. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру;
  4. «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы;
  5. Ұлттық мектеп жобасы аясында интернетке қосылу;
  6. «Білім туралы» Заңға түзетулер қабылдау;
  7. Әлеуметтік желілерді қалыптастыру және т. б. бағдарламалардың қабылданып, жүзеге асырылуынан байқауға болады. Осы оқиғалардың барлығы бүкіл білім беру жүйесінің мазмұнын, әдістері мен ұйымдастырушылық формаларын, демек, балабақшалардың жұмысын, олардың жоғары тұрған ұйымдармен және ата-аналармен қарым-қатынас жұмыстарын өзгертуге әкелді.

Ең алдымен, АКТ мен ІТ технологиялары дегеніміз не және олар мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қандай нақты жұмысты  қажет ететіндігін  түсіну керек.

Ақпараттық технология-ақпаратты сақтауды, өңдеуді, беруді және көрсетуді қамтамасыз ететін және еңбек тиімділігі мен өнімділігін арттыруға бағытталған әдістер мен құралдар кешені. Ал ІТ технологиясы – қазіргі компьютерлік технология  негізінде ақпаратты жинау, сақтау, өндеу және тасымалдау істерін қамтамасыз ететін математикалық және кибернетикалық тәсілдер мен қазіргі техникалық құралдар жиыны. Екі ұғымда егіз қайнасқан дүние. Компьютерлік бағдарламаларды жетік меңгеріп, түрлі дамытушы ойындар, тиімді әрі сапалы бағдарламалар т.б. жасаушы маманды қазіргі таңда «ІТ маманы» деп атайтын болды. ЖОО орындарында арнайы мамандық ашылып елімізде осы бағыттағы мамандарды дамыту жолға қойылып отыр. ІТ мамандығы бойынша еліміздің бірқатар жастары АҚШ мен Еуропа елдерінде магистратура мен PhD түсіп, қорғап келгендері жетерлік. Бұл қуантарлық жағдай. Осындай жастардың көп болуы үшін білімнің алғашқы сатысынан бастап цифрлік білім беруге ұмтылу әлемдік бәсекеге қабілеттілікке жетелейді.

Білім беру процесіне ІТ технологияларды енгізудің басты мақсаты білім беру ұйымының бірыңғай ақпараттық кеңістігін, оқу-тәрбие процесінің барлық қатысушылары: әкімшілік, педагогтар, тәрбиеленушілер және олардың ата-аналары арасында ақпараттық деңгейде байланыс жүйесін құру болып табылады.

Ақпараттық технологияларды меңгеру тәрбиешіге, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің маманына жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда өзін жайлы сезінуге, ал білім беру мекемесіне – ашық білім беру жүйесі ретінде жұмыс істеу және даму режиміне өтуге көмектеседі. Интернетке қосылған компьютерлер, мультимедиялық проекторды қолдана отырып оқу қызметін жүргізетін тәрбиешінің дәстүрлі технологиялар аясында ғана жұмыс істейтін әріптесінен білім беру тұрғысынан сапалы артықшылығы бар екені анық.

ІТ  саласында құзыретті педагогтар келесі дағдыларды меңгереді:

*олар графикалық және мәтіндік құжаттарды жасай алады (топтық құжаттаманы, диагностиканы және т. б. дербес ресімдейді);

*білім беру процесінде ақпараттық технологияларды белсенді қолданады;

*интернетте ақпарат іздеу дағдыларына ие, тапсырыс пен жазылымды жүзеге асыра алады, электрондық дидактикалық және педагогикалық бағдарламалық құралдарды қолдана алады;

*электрондық білім беру өнімдерінің негізгі педагогикалық қасиеттерін бағалай алады, оларды оқу процесінде қолданудың педагогикалық орындылығын анықтай алады, презентациялар жасауға арналған PowerPoint бағдарламасының мультимедиялық технологияларын (фото — бейне және аудио, QR  код материалдарды өңдеу, сақтау және іздеу әдістері) меңгерген.

ІТ технологияларының алғашқы әліпбиін біздің балабақша педагогтарының құрамы жоғарғы деңгейде меңгергендігін мақтанышпен айта аламын. Балабақша әкімшілігінің цифлік ортамен барлық топты, жеке арнайы кабинеттерді ұйымдастырып ашуы, педагогтарды біліктілікті арттыру курстарына жіберіп, түрлі байқауларға қатысуға жағдай жасауының арқасында ІТ технологиясын бастамасы білім беру мен тәрбиелеу жүйемізге сіңісіп кетті. Мемлекеттік білім беру стандартының мақсаты мен міндетін сапалы іске асыруда заманауи технологияларды ұлттық құндылықтарымызды дәріптеумен сабақтастықта қолданудамыз. Оқу қызметінде интерактивті тақта, компьютер (интерактивті ойындар, жаттығулар мен тапсырмалар), сканер (QR код), интерактивті еден, робототехника: бағдарламалау роботтары (әр жас ерекшелігі), Lego құрастырғыштар, мультстудия («Кішкентай кинорежиссёр» мультстудия алаңы бар), баланың коммуникациялық дағдыларын дамытуға арналған «Ерте, ерте, ертеде…» жобасындағы ертегілерді заманауи QR кодты қолданып оқу, «Қазақша үйренейік!» онлайн сабақтар сайты т.б. қолданылады.

«Айару» балабақшасы бірнеше жыл қатарынан Робототехника фестивальіне қатысып келеді. Мектепалды топтарының тәрбиеленушілерімен робототехника үйірімесінде арнайы бағдарламалау тапсырмалары жүргізіледі. «Ерте6 ерте6 ертеде7» жобасында алынған ертегілердің топтамасын ата – аналарға балаға оқып беруге жеңіл болуы үшін  QR кодты қолданып кітапша және стенд құрастырылды. Lego құрастырғыштары кіші топтар мен ортаңғы топ бүлдіршіндерінің қиялы мен зейінін, қолдың ұсақ маторикасын дамытуға және құрастыруға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. «Кішкентай кинорежиссёр» мультстудиясында арнайы бағдарланған компьютермен жабдықталған үстелді қолдану арқылы тәрбиеші баланың өз қиялынан туындаған ертегілер мен қазақ ертегілерінен мультфильм құрастырып шығаруға үйретеді. Балабақша дәлізі интерактивті еденмен жабдықталған. Инетактивті еден баланың қимыл белсенділігі мен шығармашылық қиялын, танымдық зейінін, интелектуалдық қабілетін аша түседі.

Осылайша, тәрбиешінің қызметінде ІТ технологияларын, АКТ қолдану мектепке дейінгі білім беруде инновациялық процестерді енгізуге мүмкіндік береді, білім беру процесінің сапасын арттыруға ықпал етеді, ақпараттық технологиялар мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту саласындағы тәрбиешілер мен мамандардың мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Заманауи компьютерді пайдалану мүмкіндіктері баланың қабілеттерін дамытуды барынша толық және сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Балалармен жұмыс кезінде ЭОР (электрондық білім беру ресурстарын) пайдалану балалардың танымдық мотивациясын арттыруға қызмет етеді, сәйкесінше олардың жетістіктері мен негізгі құзыреттіліктерінің өсуі байқалады. Балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына деген қызығушылығын атап өткен ата-аналар тәрбиешілерге құрметпен қарай бастады, олардың кеңестерін тыңдайды, топтық жобаларға белсенді қатысады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде компьютерді пайдалану өте тиімді және мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының барлық қабілеттерін дамытуға, тәрбиеленушілердің ата-аналарымен қарым-қатынас орнатуға үлкен қолдау көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. ҚР-ның мектепке дейінгі ұйымдары мектепалды даярлық сыныптарында 2022-2023 оқу жылында тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқау хат-Нұр-Сұлтан қ. 2022ж.-32.
  2. Жунусова М.Р.Активные методы обучения. Караганда,2007г.-52бет.
  3. Калинина Т.В. Новые информационные технологии в дошкольном детсве. М. Сфера, 2008г.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.