Жургенова Кункияш Абеновна
Алматы қаласы
Наурызбай ауданы
№200 мектеп-гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі
Заманауи әлемдік дамудың ерекшелігі дамыған елдердің инновациялық мүмкіндіктерін игеру, тәжірибені тарату, жаңа білімді іздестіру. Бұл үрдіс адами капиталдың құндылығын арттырып, жас ұрпақтың заманауи ойлау қабілетін дамытуға деген қажеттілікті қалыптастырады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз қазір «білім – ғылым – инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» -деген болатын [1].
Білім әрқашан да елдің экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін, адами қызметтің стратегиялық маңызды саласы болып табылады. Сондықтан да әлемнің барлық елдері өздерінің бәсекелестік ұстанымдарын нығайтуға ұмтыла отырып, осы саланы дамытуға тырысады.
Осыған орай, заманауи білім беру әлемнің өркениетті мемлекеттерінің инновациялық даму бағытына сәйкес құрылуы қажет. Білім беру жүйесінде болып жатқан интеграциялық байланыстар қоғамның өзгермелі үрдістеріне тез бейімделетін, өз бетімен креативті іс-әрекеттер жасай алатын шығармашыл тұлғаны қалаптастыруды талап етеді.
Осы мақсатта мемлекеттің ең маңызды ресурстарының бірі жалпы орта білім беру жүйесінің жаңа парадигмасы жасалды. Білім берудің «қолдаушы» немесе «ағартушы» парадигмасының орнына «өмір бойы білім алу» немесе «үздіксіз білім беру» идеясында маңызды орын алатын білім берудің жаңа парадигмасы келді.
Бұл өзгерістер білім мазмұнын, оқытудың әдістері мен тәсілдерін, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастырудың жаңа жолдарын іздестіруге ықпал етті.
Сондықтан да XXI ғасыр талаптарына сәйкес мектеп оқушылары келешекте қол жетімді табысқа жету үшін, әртүрлі дағдыларды меңгеруі қажет. Біз қарастыратын мәселе бастауыш сынып оқушыларының сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыру.
Бастауыш саты – бұл оқушы тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын кезеңі. Осы орайда бастауыш сынып мұғалімдері жас жеткіншектерді оқытуда қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды кеңінен қолдана отырып, білімді терең жəне жан-жақты игерудің жолдарын, əр пəннің ғылыми негіздерін меңгерту мəселелерін, шəкірттің ойлау қабілеті мен шығармашылық əрекетін дамытуға мүмкіндік туғызуы қажет[2].
Бастауыш сынып оқушыларының ойлау қызметін қалыптастыруда оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін инновациялық әдістердің бірі сыни ойлауды дамыту технологиясы болып табылады. Бұл технологияның мақсаты – оқушылардың тек оқуда ғана емес, сонымен қатар қарапайым өмірде де қажетті ойлау дағдыларын дамыту (дұрыс шешімдер қабылдай білу, ақпаратпен жұмыс істеу, құбылыстардың әртүрлі жақтарын талдау және т.б.) [3].
Атақты американ психологі, зерттеушісі Дэвид Клустер өзінің «Сыни ойлау дегеніміз не?» атты мақаласында әртүрлі пікір білдіріп, оны түрлі анықтамалармен айқындауға тырысты. Тұлға сыни ойлау барысында топтық немесе жұптық формада жұмыс жасайды. Біз басқа адамдармен ой бөлісіп, оны талқылап, өз пікірімізді дәлелдеу барысында белгілі бір ортада әрекеттесеміз, сол әрекеттесу барысында өз ойымызды толықтырып, тереңдетеміз. Бұл сыни ойлауды іске асыратын бірден бір құбылыс-деген болатын.
Д. Халперн өзінің зерттеуінде оқушы білім беру үрдісінде сыни ойлау стратегиясын пайдалану үшін төмендегідей қасиеттерді меңгеруі қажет екенін атап өтті. Олар:
- Жоспар жасау.
- Икемділік. Егер оқушы басқалардың идеяларын қабылдауға дайын болмаса, ол өз ойлары мен идеяларының генераторы бола алмайды.
- Табандылық. Біз жиі қиын мәселелерге тап боламыз, бірақ, оның шешімін кейінге қалдыра береміз.
- Өз қателіктерін түзетуге дайын болу. Сыни ойлау барысында адам өзінің дұрыс емес шешімдерін байқайды, қорытынды жасайды[4].
Л. С. Выготский өзінің «Педагогикалық психология» еңбегінде «Сыни тұрғыдан ойлау технологиясының негізгі мақсаттарының бірі — баланы өз бетінше ойлауға, басқалардың айтқан пікіріне анализ жасауға, шешім қабылдауға үйрету болып табылады»- деп айтқан[5].
Сын тұрғысынан ойлауға үйрету үшін мына міндеттерді білген шарт:
1) сын тұрғысынан ойлауды тудыру үшін уақыт керек;
2) оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;
3) әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;
4) үйрену барысындағы оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау;
5) оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету;
7) сын тұрғысынан ойлауды бағалау.
Сабақ барысында бастауыш сынып оқушыларының ойлау дағдысын дамыту үшін белсенді әдістерді қолдану маңызды. Атап айтсақ, «Жұптық талқылау», «Инсерт», Постер, РАФТ стратегиялары, Венн диаграммасы. Шығармашылық тапсырмалар оқушылардың зерттеу іс-әрекетін қалыптастырады. Оқушылар мәтінен негізгі ойды табуға үйренеді, әртүрлі ақпарат көздерімен танысады, талдайды, синтездейді істейді.
Сыни ойлауды дамыту технологиясы негізгі үш кезеңнен тұрады: қызығушылықты ояту, мағынаны ашу және ой толғаныс.
Сабақтың бірінші кезеңінде бұл мәселе бойынша «Мен не білемін?» деген сұраққа жауап іздейді. Жұптық немесе топтық жұмыстар жасау арқылы оқушылардың шығармашылық дағдылары қалыптасады.
Сабақтың екінші кезеңінде оқушы мұғалімнің басшылығымен және өз сыныптастарының көмегімен сабақтың барысында қойылған сұрақтарға жауап береді (нені білгім келеді). Жаңа білімді игеруге әрекет етеді. Сабақтың соңғы кезеңі рефлексия, сабақты қорытындылау арқылы кері байланыс жасайды.
Бастауыш сыныпта өтетін пәндердің мазмұнына талдау жасайтын болсақ, ана тілі сабағы оқушыларды шешендік өнерге, көркем сөйлеуге, сыни ойлауға машықтандырады. Сабақ үрдісінде оқушы терең ойланып, өздігінен тұжырым жасауға талпыныс жасайды. Өмірге қажетті дағдыларды менгереді. Басқа сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсіп, оқу-тәрбие үрдісінің белсенді мүшесіне айналады. Оқушылар ойлау дағдыларын дамытып, оларды оқу мен өмірде туындайтын мәселелерді өздігімен шешу кезінде пайдаланады. Осы арқылы бұл технология оларды ақпаратпен жұмыс жасап, шешім қабылдауға баулиды. Ана тілі сабағында оқуға деген қызығушылығы мен дүниетанымы қалыптасады. Әртүрлі интербелсенді әдістерді қолдану олардың іскерлік дағдыларын дамытады. Білім үдерісіне қатысушылардың диалогтык қатынасқа түсу негізінде бірлескен әрекет дағдылары қалыптасады. Жұптық жұмыстар жасау кезінде олардың эмоцианалды қасиеттері көріне бастайды.
Білім алушылар әртүрлі тапсырмаларды жасау нәтижесінде өздеріне және өзгелерге толассыз сұрақтар қойып, оларға жауап іздеп, өз жауаптарын ұтымды дәлелдермен айғақтайды, дербес шешімдер қабылдайды[6].
Бастауыш сыныптағы негізгі пәндердің бірі математика болып табылады. Математика сабағында оқушының логикалық ойлау дағдысы қалыптасады.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, сабақта жəне сабақтан тыс уақытта дамытуда сыни тұрғыдан ойлау жобасының көптеген стратегияларын қолдануға болады:
- Тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау;
- Арнаулы бір тақырыпқа пікірталас тудыру (ой қозғау, «инсерт» кестесі)
- Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс (эссе, шығарма)
- Əңгіменің ұқсастығын салыстыру, бөліктерге бөлу, мәтінге ат қою,
- Мəтіндегі ұқсастық пен айырмашылықты табу (Венн диаграммасы)
- Қиялдау арқылы сурет салғызу (сурет салу стратегиясы)
- Кейіпкерге мінездеме беру (авторға, кейіпкерге хат жазу стратегиясы)
- Өлең шумақтарын құрастыру (Рафт стратегиясы)
Бастауыш сынып оқушыларының ойлау дағдысын дамытудың негізгі факторы олардың білімі ғана емес, сонымен бірге, баланың маңызды психикалық қызметтерін, ақыл-ой жұмысының тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін жолға қою керек. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды.
Қазіргі таңда білім саласының басты мақсаты құзіретті, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырып, дамыту болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыру екені сөзсіз. Білім беру мазмұнын жаңарту өте қажетті мәселе болып отыр. Оқу үрдісін жаңа әдіс-тәсілдермен жаңарту болып табылады.
Әл-Фарабидің «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзін ескере отырып алдағы уақыттағы жаңартылған білім беру бағдарлама бойынша жұмысты жүйелі, тиімді жүргізу арқылы оқушылардың тереңде жатқан ойын дамыта, оларды сөйлеуге, сыни тұрғыдан ойлауға, өмірде де тиімді пайдалана алатындай дәрежеде дәлелдеуге үйрету — мұғалімнің мақсаты деп ойлаймын.
Пайдаланған әдебиеттер
- Н.Ә. Назарбаев Елбасының Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі. 5 қыркүйек, — 2012.
- А.Д. Хакимова Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту. //Әдістеме -2016. 28 қаңтар
- А.Б. Ташенова Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту // Образование -2012. -№6. 3-4 б.
4 Н.Отарова Сын тұрғысынан ойлау // Биология және салауаттылық негізі. -2006. — № 1. 21-23 б.
- Л.С. Выготский Педагогикалық психология. — М: Образование, 2010. С145
- Ф.А. Хаджиева Важные аспекты критического мышления у учащихся начальных классов // Молодой ученый. — 2018. — № 19 С. 236-237.