Home » Балабақша » Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі бекітілді

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі бекітілді

2021 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №137 қаулысымен мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі бекітілді.

 

МАЗМҰНЫ

Модель – мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мен жетілдіру бағытын айқындайтын тәсілдер мен қағидаттар жиынтығын құрайды және келесі тараулардан тұрады:

1-тарау. Жалпы ережелер.

2-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау.

3-тарау. Модельдің мақсаты мен міндеттері.

4-тарау. Модельдің мазмұны.

5-тарау. Күтілетін нәтижелер.

Моделдің мазмұнында мектепке дейінгі білім беру саласын жетілдірудің  келесі бағыттары қарастырылады:

  • Нормативтік-құқықтық сүйемелдеу
  • Дамыту, тәрбиелеу және оқыту процестері тәсілдерін өзгерту
  • Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін әдістемелік қолдау
  • Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау
  • Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін жағдайларды қамтамасыз ету
  • Мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі педагог
  • Ата-аналармен және ата-аналар қауымдастығымен жұмыс
  • Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау

 

АҒЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙ

 Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамту мәселелері көбіне соңғы 10 жылда шешілді. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту 13 есеге артқанын атап өтуге болады. Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі білім беруді дамытудың басым бағыттары модельді іске асыруда көзделген сапалық көрсеткіштерді арттыруға бағытталған.

Модельді іске асыру мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласында ғылыми зерттеулер жүргізгеннен, білім беру қызметтерінің сапасын, даму жағдайларын жақсарту және арттыру бойынша ұсынымдар әзірленгеннен кейін ілеспе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейді.

 

ДАМЫТУ, ТӘРБИЕЛЕУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ПРОЦЕСТЕРІ ТӘСІЛДЕРІН ӨЗГЕРТУ

 Қазіргі әлемде білімге деген көзқарас балалар өмір сүріп, өсіп жатқан, жылдам өзгеріп отыратын болмыспен бірге өзгеруде. Білімді баланың туылған сәтінен бастап өмір бойы жалғасатын процесс ретінде қарау білім беру процесін ұйымдастырудың икемді стандарттарын қабылдауды қажет етеді. Балалар көп уақытын білім беру ұйымдарында өткізеді, бұл балалардың мәдени және этникалық әртүрлілікке құрмет көрсетілетін үйлесімді, мейірімді, дамытушы, инклюзивті, әділ ортада балалық шағын өткізуі үшін тиісті жағдайлар жасаудың маңыздылығын түсінуге әкеледі.

Бала өзінің әлем жайлы жеке түсінігін қалыптастыру құқығы мен мүмкіндігі бар оқуға белсенді қатысушы ретінде қабылдануы тиіс.

Тәрбиелеу мен дамыту ерте балалық шақтан басталады, бұл ғылыми тұжырымдармен дәлелденген. Балаларды тәрбиелеуде отбасындағы жайлы жағдай, ата-аналардың моральдық қасиеттері зор маңызға ие. Сондықтан балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру қажет.

Заманауи әлемдік үрдістер педагогтердің әр баланың толыққанды дамуы үшін жағдай жасауға баса назар аударатынын көрсетеді, яғни баланы дамыту, тәрбиелеу мен оқыту процестеріне жеке тәсілді қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларға басымдық беру қажет.

 

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ

 Мектепке дейінгі білім беру сапасының деңгейі жоғары елдерде саладағы ағымдағы проблемаларды қадағалауға және тиісті ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік беретін эмпирикалық және қолданбалы зерттеулер тұрақты негізде жүргізіледі, ал педагогтер қызметін өзекті ғылыми деректерге сәйкес құрады, өз әрекеттеріне зерттеу жүргізе отырып, практикаларды, балалардың пікірлерін ескереді және кері байланыс орнатады, зерттеу қызметімен тұрақты түрде айналысады. Бұл үшін педагог шеберлігінің тиісті деңгейі және үнемі даму мен оқуға деген ұмтылыс қажет.

Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін ғылыми негіздеу және қолдау мәселесін шешу үшін «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының базасында Балаларды ерте дамыту институты, өңірлердегі әдістемелік кабинеттердің жанында балаларды ерте дамыту мәселелері жөніндегі мобильді топтар құрылады, олардың қызметіне мынадай функциялар кіреді:

1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың педагог қызметкерлеріне білім беру бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды, оқыту әдістерін іске асыруда, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеуде, білім беру процесін ұйымдастыру мен басқаруда, оны психологиялық қолдауда әдістемелік көмек көрсету;

2) жұмыс тәжірибесін жинақтауды, талдауды және жүйелеуді қамтамасыз ету, жұмыстың тиімді нысандары мен олардың нәтижелері туралы деректер банкін құру;

3) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту қызметінің бағытына сәйкес әдістемелік жұмыстың мазмұнын әзірлеу жөнінде шығармашылық топтар құру;

4) педагогтерге әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың әртүрлі нысандары арқылы кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік жасау;

5) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту педагогтеріне педагогикалық ұжымның және жеке педагогтердің жұмыс тәжірибесімен танысу үшін жағдайлар жасау.

 

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУДЫҢ САПАСЫН БАҒАЛАУ

 Білім беру қызметтерінің жоғары сапасына кешенді көшуді жүзеге асыру, мектепке дейінгі сапалы білімге барлық балалардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі проблемаларды анықтау үшін мынадай мәселелер бойынша зерттеулер жүргізіледі: білім беру қызметтерінің сапасы, эргономикалық жағдайлар, теңгерімді тамақтану; білім беру қызметтерінің сапасын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттары, көрсетілетін қызметтердің сапасын өлшеу және оны арттыру бойынша шаралар қабылдау үшін мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау құралы әзірленеді; бүкіл әлемде кешенді бағалау құралы ретінде қолданылатын сәбилік шақтағы қоршаған ортаның ECERS рейтингтік шкаласын қолдана отырып, мектепке дейінгі білім беру сапасын тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесі енгізіледі.

 

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ПЕДАГОГ

Модельді іске асыру жоғары оқу орындары мен колледждердің қатысуымен мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру мәселесін шешуде кешенді тәсілдерді болжайды:

1) жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық факультеттерінің білім беру бағдарламалары қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кадрлар даярлауды көздеуі, тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын іске асыру үшін әдістемелік базаны, студенттердің педагогикалық практикадан өтуін қамтамасыз етуге тиіс;

2) кадрларды даярлауда теория мен практиканың бірлігі үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің мектепке дейінгі ұйымдармен балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылы қамтамасыз етілуі қажет;

3) балаларды ерте дамыту саласындағы мамандықтар профессор-оқытушылар құрамының сапасын арттыру арқылы жоғары оқу орындарының институционалдық әлеуетін ұлғайту мақсатында «Болашақ» халықаралық стипендиясының басым мамандықтар тізіміне енгізілетін болады.

Мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері:

1) көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасына мониторинг жүргізуді;

2) дамытушы бағдарламалардың бағыттарын бірге анықтауды;

3) балаға арналған дамытушы бағдарламаларды ата-аналармен бірге таңдау мүмкіндігін ұйымдастыру үшін балалардың қызығушылығын зерделеуде педагогке көмек көрсетуді;

4) педагог практикасындағы нақты мәселелерді анықтауда оған көмек көрсетуді;

5) педагогтерге ойын аймақтарын ұйымдастыруда, оқу ресурстарын таңдауда әдістемелік көмек көрсетуді;

6) балаларды тәрбиелеу мен оқыту процесін әдістемелік сүйемелдеуді;

7) педагогтердің практикасын тәжірибе алмасуға, біліктілігін арттыруға, өзін танытуға мүмкіндік жасау арқылы жетілдіруді;

8) инновациялық тәсілдерді енгізуді жүзеге асыруы тиіс.

 

 ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҮШІН ЖАҒДАЙЛАРДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

 Инклюзивтік білім беруді дамыту:

1) ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қоғамның оң көзқарасының философиясын қалыптастыру;

2) инклюзивті білім беру процесін ғылыми және оқу-әдістемелік қолдауды жетілдіру;

3) ерекше білім беруді қажет ететін балаларды білім беру ортасына қосу процесін психологиялық-педагогикалық қолдаудың практикаға бағдарланған технологияларын қолдану тетіктерін, нысандарын, тәсілдерін әзірлеу және енгізу;

4) ерекше білім беруді қажет ететін балаларды ерте анықтау жүйесін жетілдіру және психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру;

5) мектепке дейінгі және мектепте білім беру деңгейлері арасында инклюзивті технологиялар сабақтастығын жүзеге асыру;

6) инклюзивті білім беруді ақпараттық-консультациялық қолдауды жүзеге асыру; қызметі инклюзивті білім беру мәселелерін шешуге байланысты ұйымдармен әлеуметтік әріптестікті дамыту (инклюзивті практиканы жүзеге асыратын мектепке дейінгі ұйымдар; инклюзивті білім беруді қолдау бойынша ресурстық орталықтар, ғылыми-зерттеу орталықтары, жоғары оқу орындары, арнайы білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар);

7) инклюзивті білім беру теориясы мен практикасының озық тәжірибесін зерделеу мақсатында шетелдік ұйымдар мен әріптестердің ынтымақтастығын тереңдету;

8) инклюзивті практиканы жүзеге асыратын мектепке дейінгі ұйымдардың қажеттілігін болжау жүйесін дамыту;

9) ерекше білім беруді қажет ететін балалар келетін топтарды қажетті білікті мамандармен қамтамасыз ету (логопед, олигофренопедагог, тифлопедагог, сурдопедагог және т.б.) арқылы қамтамасыз етіледі.

 

АТА-АНАЛАРМЕН ЖӘНЕ АТА-АНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫМЕН ЖҰМЫС

 Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда баланың өмірі мен дамуына ықпал ететін барлық факторларды ескеру қажет. Демек, баламен жұмысты ата-аналарымен, қоршаған ортамен өзара ынтымақтастықта құру аса маңызды. Барлық ерекшеліктерді: әлеуметтік жағдайды, отбасы тарихын, елдің мәдени ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін, баланың мінез-құлқы мен ерекшеліктерін ескеру қажет. Ата-аналармен үнемі қарым-қатынаста болу және оларды бейімдеу мен оқыту процестеріне тарту мектепке дейінгі ұйым ұжымының басты міндеттерінің бірі болуға тиіс.

Жаңа нормативтік-мазмұндық тәсілдерді іске асыру жағдайында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың алдына ашықтықты, ата-аналармен тығыз ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды көздейтін нысаналы бағдарлар қойылады. Білім беру жүйесінің алдына қойылған міндеттер оқу-тәрбиелеу процесінің нәтижелі болуы үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Балаларды дамыту, тәрбиелеу және оқыту процесіне ата-аналарды тарту мәселесі мынадай бағыттарда шешіледі:

1) ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру;

2) ата-аналарды мектепке дейінгі ұйымның қызметіне тарту.

 

МОДЕЛЬДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

 

Қазіргі уақытта модельді жүзеге асырудың кешенді жоспары әзірленіп, талқылануда. Жоспар келесі 10 бөлімнен тұрады:

І. 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту

ІІ. Нормативтік құқықтық қамтамасыз ету

ІІІ. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін әдістемелік қолдау

  1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жетілдіру
  2. Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету

VІ. Педагогтер мен мектепке дейінгі ұйымдардың сапалық деңгейін бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізу

VІІ. Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту

VІІІ. Мектепке дейінгі сапалы білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету

ІХ. Тәрбиелеу мен оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын құру

Х. Мектепке дейінгі білім беруді қаржыландыруды дербестендіру

Бүгінге дейінгі ұсыныс, пікірлерді талқылау нәтижесінде жоспарға 46 шара енгізілген.

Осыған байланысты Сіздердің де ұсыныстарыңызды күтеміз. Модельді жүзеге асыру жоспарына қосар ұсыныстарыңыз болса, rcdd_info@mail.ru почтасына немесе www.rc-dd.kz сайтына жолдауларыңызды сұраймыз.

 

2 комментария

  1. Егенбердиева Сандуғаш Ержигитовна

    sandugash151090gmail.com

  2. Егенбердиева Сандуғаш Ержигитовна

    Жобаға қатысқан өте керек жоба

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.