Home » Сценарийлер » «Қырман басындағы жыр» ойын-сауық ертеңгілігі

«Қырман басындағы жыр» ойын-сауық ертеңгілігі

Байсалбаева Ляйля Бауржанкызы
Астана қаласы
№82 «Айару» балабақшасының музыка жетекшісі

 

Жүргізуші:

1.Құрметті қонақтар! Берекелі күзге де, ертеңгілігімізді тамашалауға келген ата-аналарға да қош келдіңіздер дейміз! Ел байлығын арттырған табиғат ананың тағы бір мерекесі құтты болсын! Мерекеге орай өз өнерлерімен орталарыңызға шығатын «Қонжық» ересек тобының тәрбиеленушілерін қошеметтеп отыруларыңызды сұраймын. Ендеше «Қырман басындағы жыр» атты мерекелік ертеңгілігімізді бастаймыз!

«Күз» сиқырлы табиғаттың бір мезгілі. Ұл мезгілдің тылсым сәттерін жырламаған ақын жоқ. Олай болса, сол өлеңдерден үзінділерді қабыл алыңыздар!

 

 

2.Дариға:

Береке бақ дарыған

Жомарт көңіл, жарқын еүз

Сары алтынға малынған

Жетті міне, Алтын күз

Амир:

Сарғайды тоғай

Сап сары маңай

Соңғы әнін айтып

Құс кетті қайтіп

 

Көркем:

Жетті желмен алтын күз

Жеміс жинау салтымыз

Жиып теріп болған соң

Той жасайды халқымыз

 

Алинұр:

Сап сары қып даланы

Ояпты ғой күз деген

Құстар қанат қағады

Қоштасқандай бізбенен

 

З.Альтайр:

Қарашы, қарашы күз келді

Сары алтын жауыпты іздерді

Құс біткен керуен түзеді

Көңілсіз неткен күз еді

 

Жұлдыз:

Алтын, сары, қызыл, көк

Алуан, алуан жапырақ

Күзгі бақта күлімдеп

Көз тартады атырап

 

Жүргізуші: рахмет, балалар! Керемет айтып шықтыңдар.

3 — Табиғатты жырмен ғана жаттамай

Қалай ғана ән салмаймыз мақтамай деп, назарларыңызға балалардың

«Күз келгенде» әнін ұсынамыз.

 

4 – Батпақ қыз (жылаған дауыс естіледі): Сендер сондай әдемісіңдер, қарап жатып сендердің тойларыңның шырқын бұзып, Үстеріңді былғағым келіп тұр (балаларға жармасып үстеріне қолын созады).

Жүргізуші: тиме бізге!, балалар, бұл кім өзі? Таныдыңдар ма?

Балалар: Жоқ

Батпақ қыз:

 

Жауған жаңбыр басылар

Жерге нәрі шашылар

Жаңбырдан соң әр жерден

Саз-балшықтар табылар

 

Менмін, менмін Батпақпын

Батпақ қызбын әйгілі

Басып көрші кәнекей

Мінезім бар, шатақпын

 

Жүргізуші: Ее, балалар жаңбырдан соң қалған шалшық суды біз басамыз ба?

Балалар: әрине, жоқ

Батпақ қыз: Неге, басыңдар мені, дос болайыншы сендермен

Жүргізуші: Батпақ қыз сен мұңайма, біз кір болып жүре алмаймыз, біздің «Тазалық» атты досымыз бар. Балалар, біз жаңбырдан соң қалатын шалшық суларды басамыз ба?

Балалар: жоқ

Батпақ қыз: Ал, мені оқыста басып кетсеңдер, немесе мен сендерге ашуланып жатқанда білдірмей балшығымды шашып жіберсем, қалай тазалайсыңдар?

Балалар: Сабын, сүлгі секілді заттарды айтады

Батпақ қыз: ойй не деген ақылдысыңдар (өзінше менсінбей), көрейінші кәне қалай балшық баспайтындарыңды, кәне ептіліктеріңді сынайын. Ойын ойнайық.

 

Ойын: «Балшықты секіріп өт»

Ойын ережесі: саз секілді жатқан қиындықты қос аяқтап секіріп өту.

 

Батпақ қыз: Оййй пәлі, сондай епті, бірліктерің жарасқан егіншілер екенсіңдер! Мен сендердің тойларыңды көруге Алтын күз ханшайымын ертіп келейінші айтсам сенбес, көзімен көрсін!

 

5−Жүргізуші: Қырман басындағы мерекемізді ары қарай Қайыржан Димаш жалғастырады:

Күздің  қазан айында

Алма, алмұрт піседі

Жапырақтар сарғайып

Сыбдыр-сыбдыр түседі.

 

Жүргізуші: тамаша, Дінмұхаммед! Онда өлеңінің кейіпкерлері «Алма, алмұрт, өрікті» шақырайық ортаға.

Рза Қунақованың «Жемістер жырынан» үзінді

 

Айша:

Нардай қызыл алмам бар

Мәз болады алғандар

Тілді балдай үйірем

Өз көркіме сүйінем

 

Х.Димаш:

Бұрын пісем бәрінен

Аялдауды білмеймін

Өйткені алтын өрікпін

Бақшаларға көрікпін

 

Анэль:

Менің атым алмұрт

Ұнатып жер бар жұрт

Мені өсіре алмайды

Қарағандар салғырт

 

6−Жүргізуші: Тамаша! Рахмет, қошеметтеп қойыңыздар!

Қоңырша күз жетті деп, қамбаны нанға толтырған

Бишілерді  шақырайық, қошеметтеп, құрметтеп!

Би: Қырманға кел, қалқатай!

 

Жүргізуші:  жарайсыңдар! Енді қырман басындағы әңгімені тыңдайық. Бір дау тындап жатқан сияқты?!

 

7−Асқар Тоқмағамбетов «Бидай мен қаңбақ» көрініс

Маншук−жүргізуші, Арсен−қаңбақ, бидай−Абдулазиз

 

Жүргізуші: ал, құрметтілер! Қайсысыныкі дұрыс? Кім айтады?

 

8−Батпақ қыз кіреді: Не шу, не дау! Мәселені Алтын күз шешсін! Мен Күз ханшайымын шақырып келдім. Ал мен, анаааа жерде балшықпен дос болғысы келіп тұрған балаларды көріп тұрмын, соларға кеттім (мысқылдап)

Сау болыңдар! (кетеді)

 

(әуенмен күз ханшайымы кіреді)

 

Күз ханшайымы:

Қайырлы күн, қонақтар

Сәлем егінші−шырақтар

Құтты болсын мереке

Шалғын бидай, құрақтар!

 

Жүргізуші: Қош келдің Қоңырша күз! Қадамыңа қамба толсын! Елдің іргесі берік, абыройы биік болсын! Мына қырман басында аздап дау туды, өзің білетін қаңбақ пен бидай таласып, соның шешімін іздеп жатырмыз

 

Күз ханшайымы: Әрине, төрелігін айтсам, осы ата−аналар қайсысы туралы көбірек өнегелі сөз біледі екен? Соны білейік алдымен ….

(ата анамен жұмыс). Астық, бидай туралы мақал−мәтелдер айтады.

 

Күз ханшайымы: демек, бидайдың тірлігі оң болғаны, халыққа пайдасы тиеді.

Солай ма? (қонақтарға қарап сұрайды)

Олай болса көңіл көтерейік. Менің оркестрім көрсетіңдер өнерді

 

9−Оркестр

 

Жүргізуші: Қандай әуен, мерекеміздің әніне сән қосып, рахмет Қоңырша күздің оркестрі. Күз ханшайымы, осы қырман басындағы астықтың үніне құлақ түрейікші.

Е.Алтайр:

Келеді көшіп комбайн

Алтын дария егінді

Жинап маржан бидайын

Күзіміз неткен көңілді

10−Жүргізуші: Альтайрдың айтқан маржандай байлықтарымызды ортаға шақырайық.

 

Жантөре:

Нан атасы бидаймын

Елге астық сыйлаймын

Дәнім толып піскенде

Қауызыма сыймаймын.

 

Дос:

Қызыл мұртты арпамын

Ырыс құтты артамын

Машинаға мініп ап

Малды ауылға тартамын

 

Алан:

Күнге ғашық күрішпін

Күллі жұртқа ырыспын

Аңқам кеуіп тұрған соң

Ала жаздай су іштім

 

Күз ханшайымы: бәрекелді астықжан, мерейің үстем бола түссін!

 

11−Жүргізуші:

Теңіздей тербетіліп жер бетінде,
Бидайлар қозғалады тербетіле, деп, ортаға «Бидай толқыны» биімен қыздарымызды шақырайық

 

Би: «Бидай толқыны»

 

Күз ханшайымы: Мың бұралған бишілер екен, үлкен рахмет! Менің көңілімді көтеріп, марқайып қалдым, сондай әдемілік, бойымды бір ән кернеп, әуелетіп тұрғаны

 

12−Жүргізуші: Сөз ба, біздің қырман басында небір әндер шырқалады. Кезекті «Жаңыр әніне» берейік, тыңдап, қошеметтейік!

 

Күз ханшайымы: Сондай тамаша! Кең дария қазақ даласының әр бұрышы осылай тойлап жатыр, мен соларға да барып, қуантайын. Сендерге рахмет.  Келесі жүздескенше, сау болыңдар

 

Жүргізуші: Сау бол, Күз ханшайымы! (күз ханшайымы әуенмен шығып кетеді)

Жүргізуші: Қамба толы дән, айналамыз ән, деп «Қырман басындағы жыр» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Уақыт бөліп, қошеметтеп келгендеріңізге үлкен рахмет!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.