Ұрпағын білімнен, өнерден, адами қасиеттерден алыстатпай, тәртіпті, кішіпейіл, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тырысқан халықпыз. Осы ойлардың астарында ұлтымыздың болашағы –тәрбиелі ұрпақтың қолында екені жатыр.
Желтоқсан айының басында Нұр-Сұлтан қаласындағы №19 «Балбөбек» балабақшасындағы «Көркемдік –эстетикалық тәрбие беру» кластері бойынша ұйымдастырылған «Ата-ана өнері-балаға мұра» тақырыбындағы тәжірибелік семинарға куә болдық.
Шағын ғана ұжымның таңдап алған тақырыбы мен көрсеткен жұмыстары тура біздің ойымызды дөп басып ата-ана мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, бірлескен іс-шаралар арқылы бүлдіршіндердің өнерге деген қызығушылықтарын арттыру болды.
Семинардың шымылдығын қолына домбырасын ұстап, ұлттық өнерді бойына сіңіріп келе жатқан жас күйшілер ашты.Бұл-асыл мұра мен жылы ұяға деген құрмет. «Секіртпе» күйі келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Аталмыш балабақшаның меңгерушісі тәжірибелі педагог Тайгонбекова Жанар Малимбаевна алғашқы сөз алып №3 «Күншуақ», №4 «Аружан», №6, №20 «Арайлым», №41 «Балдырған», №31 ,№60 «Арай», №88 «Баян сұлу»,№90 «Еркежан» балабақшаларынан келген тәрбиешілер мен қонақтарды жоспармен таныстырды.
Балабақша психологы Манапова Эльмира Оналбайқызы ұжымның ақылшысы, педагогикалық ұжымның ғылыми жетекшісі, Жамбыл облысының «Өрлеу» БАҰО филиалы психологиялық-педагогикалық кафедрасының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Тайгонбекова Шынар Малимбаевнамен бірге «Жетістікке апарар жол» тақырыбында тренинг өткізді.
«Мотивациалық» тренинг арқылы тәрбиешілерге қаншама жақсы кеңестер айтылып ,ішкі ой пікірді білдірудің таптырмас ортасына айналды. Балаға жылы сөздер айту сенім туғызып, сырлас дос ретінде жақын тарту арқылы сөздік қорды молайтуға болатыны айтылды. Ұстаздық жолмен қатар аналарға бағытталған кеңеске куә болдық.
«Барбарики» биімен қуантқан «Самұрық», «Бәйтерек» топтары тәрбиеленушілерінің өнеріне де қолсоқпаған жан қалмады.
Инновация әдіскері Оспанбекова Айнұр Пердебекқызы мен тәрбиеші Әлшурина Ботакөз Серікқызы «Витраж», «Эбру» әдістерімен таныстырды. Қарапайым тілде әйнекке және суға сурет салу тәсілдерін бірлесе жасаған тәрбиешілер өзара тәжірибе алмасып, аналар да балаларға қызықты өнер түрлерін үйреніп бірлесе жұмыс жасады. Қала деңгейінде әртүрлі тақырыпта балабақшалар арасында ұйымдастырылып жатқан семинардың мақсаты өзара тәжірибе алмасу. Демек бұл мақсат орындалды.
Өнер арқылы балалардың рухани байлықтарымен танымдық көзқарастарын қалыптастыруды ойға алған балабақша ұжымының бірлескен жұмысы, ғылыми жетекшілерінің нұсқауы, меңгерушінің қолдауы арқасында жүзеге асты.
Көтеріңкі көңіл күй, ой қиялына берілген еркіндік тәрбиешілердің өзара тіл табыса ынтымақпен жұмыс жасауы бұл басқосудың шырайын келтірді. Тағылым мен тәрбиеге, өнермен шығармашылыққа шабыт берген басқосудан алған әсерлерін әріптестері тамаша жеткізді. Қалыбекова Айгерім Айтжанқызымен Темиргазина Айгерім Жумаханқызы ата-аналар атынан балабақша ұжымымен меңгерушіге деген алғыстарын білдірді.
Өзара түсіністікпен жұмыс жасайтын ұжымның бірлігі мен тәрбиешілердің біліктіліктеріне риза екендіктерін жеткізді.
Семинар соңы балабақша педагогтарының топпен орындаған «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әнімен аяқталды. Жүрек тебірентер әуенмен қосыла шырқаған қонақтардың жадыраған жүздері мерейлі күннің жеңісін, жемісті еңбектің ақталғанын дәлелдегендей…
Берекелі ұжымға әріптестеріңіздің ыстық ықыласына бөленіп, ата-аналардың алғысын арқалап, бірлесе жемісті еңбек ете беріңіздер дейміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан, «Білім айнасы»