Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы №12 «Тараз» колледжі КМҚК-де Білім саласының 2018 жылға қойылған міндеттері туралы колледж директорының жылдық есеп отырысы өтті. Аталған жиынға колледж ұжымы, ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. №12 «Тараз» колледжі директорының жылдық есеп беру отырысын Жамбыл облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жамалов Талғат Салқанұлы ашты.
ҚР «Мүлік туралы» Заңының 19-тармағында кәсіпорындар басшыларының есеп беру қажеттілігі туралы айтылған. Осыған орай бұл отырыстың мәні мен маңыздылығы, мақсат-міндеттерін жиынның модераторы Талғат Салқанұлы түсінідіріп өтіп, алғашқы сөзді колледж директоры Әшімов Марат Жанысбекұлына берді. «Техникалық-кәсіптік білім беру – еңбек қоғамының негізгі қозғаушы күші» атты тақырыпта баяндама оқыған кәсіпорын басшысы техникалық-кәсіптік білім беру – заман талабы әрі еңбек қоғамының негізгі қозғаушы күші екендігін баса айтты. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «өзгере алмағандар тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп айтылғандай, оқу ордасының директоры техникалық-кәсіптік мамандықтарды меңгеруге әрі заман ағымына сай басқа да мамандықтарды еркін ауыстыра білуге шақырды.
Бүгінгі таңда елімізде жоғары, білікті кәсіптік-техникалық мамандар мен орта буынды кадрларды даярлауға ерекше мән беріліп отыр. Сондықтан кәсіптік-техникалық білім беруді модернизациялау, жастардың кәсіби сауаттылығын арттыру, теориялық алған білімді кәсіпорындар мен өндірістерде кеңінен пайдалана білу орта және жоғары оқу ордаларының басты мүдделерінің бірі. «Ағымдағы жылдың 10-шы қаңтарында жарияланған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында технрологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделу мен жетістіктерге жету жолдарын айқындап берді. Аталған Жолдаудың 7-ші міндеті адами капиталдың жаңа сапасы деп қоғамдағы мұғалімнің абыройы мен беделін арттыруға назар аудару керектігін басып көрсетті. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты беру міндетін орындау мақсатында 2017 жылдан басталған «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы жалғасын табуда», — деп Марат Жанысбекұлы баяндамасын қорытындылады.
Жалпы, директордың баяндамасына сүйене ақпарат келтіре кетсек, №12 Тараз колледжінде 11 квалификация және 8 мамандық бойынша 440 студент білім алуда, ал мамандықтардың 5-еуі техникалық мамандықтардың қатарына жатады. «Техник-механик», «Дәнекерлеу ісі» секілді техникалық мамандықтарға сұраныс артуда. Бірақ, аталған колледж түлектерінің жұмысқа қамтылу көрсеткіші мынадай: 2015 жылы 84%, ал 2016-2017 жылдары 76-78% — ды құрап отыр. Десек те, кәсіпорын шәкірттернің мамандық бойынша жұмысқа орналасу жұмыстары әлі де қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл колледжде 3 үлкен оқу кешені мен 24 оқу кабинеттері, 7 лаборатория мен шеберханалар, мен кітапханалар, оқу залы мен медициналық, спорттық, гимнастикалық, хореографиялық арнаулы кабинеттері студенттердің игілігіне пайдаланылып отыр. Сонымен бірге колледждің екінші кешенін жөндеу жұмыстары жоспарланыпты, бұл үшін жергілікті бюджеттен 3 036 320 теңге қаржы бөлінген. Жалпы, директордың баяндамасының негізінде колледжің ішкі өмірінің бір қырын ата-аналар мен БАҚ өкілдері жақсы түсінген еді. Басшының сөзін колледждегі кәсіподақ комитетінің төрайымы Мырзахметова Жанна Мұсағалиқызы жалғастырды. Ол «Кәсіподақ – мемлекет және жұмыс берушілермен диалог жүргізуші тұрақты серіктес» атты баяндама оқыды. Кәсіподақ төрайымы ұстаздарға көрсетіліп жатқан түрлі көмектер жайын әріптестерімен бірге талқылады. Жиын соңында ата-аналар комитетінің төраймы Татьяна Александровна «Колледждегі ата-аналар кеңесінің орны» деген тақырыпта баяндама оқып, бала тәрбиесінде ата-ана жауапкершілікті ұстаздарға толықтай артпай, өздері өз балаларын қадағалап отыруды ата-аналарға жеткізген еді. Сонымен қатар, қамқоршылық кеңестің мүшесі, ата-ана Т.Т. Игіліков колледждің жастарға жан-жақты жағдай жасап жатқандығына ерекше ризашылығын білдірді.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары жамалов Талғат Салқанұлы аталған отырыстың төрағасы ретінде нақты 5 түрлі шешім шығарды. Қысқаша айтсақ, шешімнің жалпы мазмұны мынадай, күрделі жөндеу жұмыстарына орай жобалық-сметалық құжат дайындалуы тиіс, жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес «токарлық іс және металл өңдеу» мамандығының «токарь» біліктілігін, «есептеуіш техникасы мен ақпараттық қамтамасыздандыру» мамандығының «техник-программист» біліктіліктерінің лицензиясын алу көзделуі керек, 2018-2019 жылы модульдік оқыту технологиясы «өндірістегі электрлік-механикалық жабдықтар» және «нан пісіру, макорон және кондитер өндірісі» мамандықтарының оқу бағдарламасына енгізілуі шарт және де осы мамандықтар бойынша заманауи үлгідегі оқу жабдықтарымен шәкірттер мен ұстаздар толықтай қамтамасыз етілуі міндеттелді. Сонымен қатар, ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы білім алушылар арасында кеңінен насихатталуы қолға алынсын және де мәдени-спорттық іс-шаралар арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру жандандырылуы тиіс деген тапсырмалар берілді.
Қорытындылай келе, жылдық есеп беру отырыста түйінді түйткілдердің мәселелері толықтай шешіліп, қарастырылған мәселелерді ұстаздар қауымы мен ата-аналар бірауыздан шешуге бел буды.
Жансая Құрманғалиқызы,
«Білім айнасы»,
Тараз қаласы