Home » Балабақша » Өнер әлеміне ену

Өнер әлеміне ену

Жүзінен нұр төгілген мақтануды білмейтін, туралықты қалайтын, ұстамдылығы мен қарапайымдылығы, жылы сөзі  баурап алған жанның басқаратын шаңырағын көрсем деген қызығушылығым арта түсті….
Айналып қайта есік ашқан Нұр-Сұлтан қаласындағы  Кеңесова Айсұлу Егізбайқызы басқаратын тарихы терең, іргесі мығым білім ошағы №33 «Алтын дән» балабақшасы.
Ойыма ой қосқан қалам тартуыма себепкер болған басшының білімі мен біліктілігі өзге әріптестерінің қолы жете бермейтін тәрбиешілердің тәлімгері, балабақшаның жүрегі атанған  меңгерушілер мен әдіскерлерге  есімі таныс білікті маман Мухиденова Жұлдыз Амантаевна бастаған әдіскер құрамын қасында ұстай алуында екен.
Иә, бүгінде жан тәнімен баланы жақсы көріп, жылуымды берем деп келіп есі шығып кері қайтатын жандар көп. Жауапкершілігі ауыр бұл жолды таңдауға қарым-қабілеті жетіп тұрса да батылы жетпейтіндер де кездеседі.
Дәл осындай тәрбиешілерімізге кім керек?
Меңгеруші сол саланың қазанында қайнаған мектепке дейінгі білімнің маманы болса жақсы, болмаса не істемек керек?
Бұл қиындықтың шешімі тек баланың болашағына, тәрбиесіне  жауапты жанға дем беріп, заман талабына сай білімдерін жетілдіріп, шығармашылықпен жұмыс жасауына бағыт-бағдар беретін әдіскерлердің қолында.
Мен таңқалып, тамсанып жүрген басшының сыры қасында жүрген  сенімді серіктері мен жан-жақты «қаруланған» мықты ұжымында екен…
Сөзіме дәлел сәуірдің соңғы күні кластер бағыты бойынша өткен семинар-практикум «Өнер әлеміне ену» деген тылсымға толы тақырыпта өтті.  Мақсаты мен міндетін жоспарланған жұмыстан күтер нәтижесі айқын жұмысты көруге келген меңгерушілер мен әдіскерлер қатары көп болды.
Көркемдік –эстетикалық тәрбиені интеграциялау тәсілі арқылы өнер әлеміне деген қызығушылықтарын дамыту. Педагогтың кәсіби құзыреттілігін жоғарылату және олармен шығармашылық процесс арқылы таныстыруды мақсат етіп, көркемдік –эстетикалық тәрбие туралы педагогтардың көзқарастарын кеңейту. Олардың қабілеттіліктерін практикалық іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруды міндет еткен ұжым ойға алған жоспарлары мектепке дейінгі ұйымдар арасында серіктес балабақшалардың жетістіктерін жетілдіруде нәтижелі жұмыс көрсете білді.
Балабақша кіре берісіне тәрбиешілер Пшенова Гульнара Саттаровна,  Хамит Сайран Нұрболқызы «Өнер әлеміне ену» тақырыбының аясында  өнердің әр бағытына пайдаланылатын құрал-жабдықтардан көрме жасаған.
Әрбір ісін жинақылықпен ойластыра білетін басшы Айсұлу Егізбайқызының ешбір үзіліссіз, тыңғылықты дайындықтан өткен  семинарының шымылдығын республикалық байқаулардың жүлдегерлері, балабақша мақтаныштары «Мереке биімен» ашты.
«Күлше қыздың оқиғасы» заманауи ертегінің қызықты баталғанына тәнті болып отырған көрермен бір сәтте Дымбілместің өтінішімен Күлше қыздың өгей анасының тапсырмасын орындауға көмектеспек  болып қалай сахнаға шығып кеткендерін білмей қалғандары қызық болды. Ертегінің желісімен әуелі қонақтар Күлше қызға дос болған құстарға арнап ұя жасады. Құстардың әсем бағын тамаша гүлдермен безендірді. Өз қолдарымен гүлсауыттарына раушан гүлін отырғызды. Күлше қыздың кешке киетін әдемі ақ көйлегін безендіріп, кештегі құлпырған бейнесін көруге асықты. Ақ көйлекті сұлудың кешінде  безендірілген маска киіп тәрбиешілердің үйретуімен би биледі.
№38 «Шаттық» балабақшасының меңгерушісі кластер жетекшісі Сәуле Нұрғалиқызының бастамасымен осы күнге дейін серіктес балабақшаларда ұжымның өнерін тамашалауға үйренген бізге бұл жаңа дүние болды.  Ертегі кейіпкерлері әріптестері болған қойылым шеңберіне өзге балабақшалар ашалап жеке көрсететін шеберлікті шыңдау бөлімдерін  үйлесіммен қоса білген ұжымның ізденісі мен қиялына айтар сөз жоқ. «Күлше қыздың оқиғасы» өздері қалағандай «Шеберлік шыңдау» бағыты негізіне сай өтті.  «Мультфилим жасау технологиясын» таныстырып балалар мен бірге түсірген екі тілдегі ертегілерді көрсеткен тәрбиешілер Едігеева Ақнұр Еділқызымен Мухиден Ләззат Болатқызы өз ісінің нағыз мамандары.
Дымбілмес қалдырған «Сиқырлы сандықтан» әр түрлі сыйлыққа ие болған қонақтардың қуанышында шек жоқ.
«Алтын күнім шуақты» деп аталған балабақша ұжымының Әнұранымен семинарды жапқан педагогтардың толық құрамын Айсұлу Егізбайқызы бірден таныстырып шықты. Әуелі Жұлдыз Амантаевна мен бірге қос әдіскер Аршкенова Салтанат Абдалиевна, Байтукина Сауле Сапаржанованың еңбегін бөлек атай кеткен жөн. Балабақшаның тірегі білікті мамандар Даумбаева Бахыт Алиаскаровна, Туребаева Наталья Юрьевна, Каракулова Жанар Андреевна, Мурашбекова Гульбахыт Сафановна, Мейрманова Бальжан Зулкарнаевна, Канкабаева Нагима Ошакбаевна, Амирова Сауле Ериковна, Кенжахметова Ибагуль Кабдуалиевна, Баймуканова Гульнара Турсунбаевна, Байдаулет Гульден Казбековна, Кокеева Гульвира Серикбаевна, Хасенова Назгүл Жумабаевна, Бозжигитова Раушан Есимхановна Хасенова Назгул Жумабаевна, Баккельдиева Майра Бекеновна, Наурызбаева Баян Канатовна, Рамазанова Гульжанат Кокенаевна, Бахатбек Айсұлу, Оразбек Жазира Әлеуханқызы,  Хасенова Жазира Пернибекқызы «Алтын дән» балабақшасы бүлдіршіндерінің санасына білімнің алтын дәнін сепкен құрмет иелері.
60 –жуық ұстаз қызмет ететін шағын орталықтарымен қосқанда 680-ге жуық бүлдіршіндерге тағылым тәрбие нұрын сепкен педагогтардың 13-і жоғары санатты,16-сі I санатты, 12 тәрбиеші II санаттағы мамандар екенін айырықша атай кеткенді жөн көрдім.
Барлық қырларын бір жолда көрсетуге асықпаған саф өнердің сары алтынын қайтара кездесуге сақтаған ұжым көрерменін «тағы бір келсем  ғой» деген оймен тарқатты.
Серіктес балабақшалар арасынан сөз алған тәжірибелі басшы №87 «Қадыр» балабақшасының меңгерушісі Рахимжанова Ляйла Мұратпекқызы, қонақтар арасында №48 «Ақкөгершін» балабақшасының меңгерушісі  Сәбиева Ұлжан Әбенқызы өздерінің жылы лебізін білдіріп шығармашылық топқа табыс тіледі.
Кластер жетекшісі Сәуле Нұрғалиқызы педагогтардың тәжірибе алмасуы негізінде ұйымдастырылған семинардан әріптестердің үйренер тұстары көп болғанын айтып жоғары дәрежеде өтті деген бағасын берді.
Өнерлі болу үшін ерінбеу керектігін, тамаша дүниелерді шығару үшін ой ұшқырлығы мен қиялға еркіндік керек екенін өз дәрежесінде ұялмай көрсетер дүние жасау үшін береке-бірлік өзара сенімнің қажет екендігін бұл ұжым дәлелдеп берді.
Өзімді жетілдіре түссем  деген Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақша меңгерушілерін тағы бір мәрте Айсұлу Егізбайқызының білім ордасын  көруге шақырамын.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қалаласы, «Білім айнасы»

.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.