Home » Балабақша » Өнерлі өрге жүзер

Өнерлі өрге жүзер

Адамның жүрек түкпірінде жатқан сыр сандықтың кілті аша беруге тырыспайтын өнер атты құдіреттің қолында. Ет жүрегі баласы үшін барын аямайтын аналардың біз барған балабақшаға жиналуы- баласымен бірге өнер додасында бақ сынау.
Бойындағы бар талантпен дарынын баласы үшін көрсетуден қашпаған аналарымыз көктемнің алғашқы күні Астана қаласы әкімдігінің №40 «Құлпынай» балабақшасына жиналды. Сөзден іске көшуді дұрыс санаған балабақша меңгерушісі тәжірибелі басшы Махашева Загира Усимбайқызы өзі басқарған жаңа ұжыммен «Өнерлі өрге жүзер» деген тақырыпта отбасылық сайыс, байқау кластерін өткізді.
Бес кезең бойынша тартыспен өткен сайысқа әр білім ордасының үмітін арқалап келген бес балабақшаның тоғыз жұлдызды отбасылары қатысты. Олар №31 «Ақсұңқар» балабақшасынан Юнусовтар, Рустемовтар отбасы. №19 «Балбөбек» балабақшасынан Тоқтағазиевтер, Сейітқазиетар, №1 «Бәйтерек» бақшасынан Озбековтар, Әшімхантар отбасы,  №61 «Шолпан» балабақшасынан Беделовтар, Рамазановтар , №40 «Құлпынай» балабақшасынан Жайсанбаевтар отбасы өз өнерлерін көрсетті.
Ана мен бала арасындағы үйлесім, анасына қарап бой түзеген қызғалдақтарымызбен анасының қасында қорған болып тұрған ертеңгі елдің атқа мінер ұлдарын да осы сайыста көрдік. Балабақшада тәлім-тәрбие алып,сахнада өздерін қалай ұстауды жетік меңгерген бүлдіршіндеріміздің бойында өзге күннен де ерекше еркіндік болды. Анасына қарап еркелеп, білгенін айтып, қобалжыған аналарына күш сыйлап, қасына қорғаны болған балапандардың тәтті қылықтары адамды еріксіз өзіне баурап алды. Семинар көруге емес, анамен бала арасындағы терең сүйіспеншілікке толы тамаша қойылымға куә болғанымыз үшін де осы балабақша ұжымына ризашылығымызды білдіреміз.
Әділқазылар орындығына жайғасқан ұстаздардың ұстазы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы мен шәкірті №33 «Алтын дән» балабақшасының меңгерушісі Айсұлу Егізбайқызы бұл күнгі сайысқа төрелік етті. Өздерін таныстырудан бастаған өнерлі отбасылар ән мен биден сайысқа түссе дайындап әкелген арнайы қолөнер бұйымдарымен көрерменді тәнті етті. Түрлі сұрақтарға мүдірместен жауап берген аналарымыз өздерінің жан-жақтылықтарын да көрсете білді. Сән үлгілерін көрсетуге келгенде бірінен-бірі асып түсердей түрлі-түсті заттардан жасалған киімдерді көрдік. Аналарымен бірдей киім киген қыздарымыздың ұлттық киімдері тіптен көзің жауын алады. Шыққан тегін, ортасын танып әке-мен ананың құшағында еркелеп өсіп келе жатқан балғындарымыздың өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізе білгендігі отбасылық тәрбиемен дұрыс жол сілтей білген тәрбиешілердің жемісті еңбегінің нәтижесі.
Осылайша тоғыз отбасы арасынан суырылып алға шыққан №31 «Ақсұңқар» балабақшасынан келген Рүстемовтар отбасы бас жүлдені  иеленсе, жүлделі  I орынды №19 «Балбөлек» балабақшасынан Сейітқазиевтар отбасы, II орынды №1 «Бәйтерек» балабақшасынан Өзбековтар, III орын №61 «Шолпан» балабақшасынан Рамазановтар отбасына бұйырды.  Жеңімпаздарға арнайы медальдар мен сыйлықтар табысталды. Қалған отбасылар да түрлі аталымдар бойынша арнайы дипломдармен сыйлықтарға ие болды.
Балабақшалар арасындағы достықпен өзара әріптестік қарым-қатынасың үлгісі болған бұл шараны ұйымдастыруда аталмыш балабақшаның әдіскері Роза Шамшидинқызы Мухамединаның еңбегін айтпай кетпеске болмас. Сайыс аралығында балабақшаның өнерлі балғындары ән мен биге толы концерттік бағдарламаларын тарту етті. Өнерлі ұрпақ тәрбелеуде өз үлестерін қосып келе жатқан Меруерт Асқарова, Динара Сартайқызы, саз жетекшісі Жотаева Фариза Жүнісқызы, психолог Назира Әлдешқызы, жүргізушілер Азиз Қайратұлы мен Гүлімхан Кәрібайқызының шараның ойдағыдай өтуіне қосқан үлесері зор.
6 топқа бөлінген 140 балаға арналған таза қазақ тіліндегі шағын балғындар мекеніндегі 11 тәрбиешінің ауқымды шараны жүрексінбей алып шығуы талай биікті бағындырар ұжымның талапшылдығы деуге лайық. Қонақтармен қатар жетекші №31 «Ақсұңқар» балабақшасының меңгерушісі Гүлшат Нысанқызы мен №61 «Шолпан»  балабақшасының меңгерушісі Эльмира Құлқожаева өз ата-анасына қолдау білдірумен қатар Загира Усимбайқызы басқарған ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.
«Ана мейірімі» музыкалық композициямен сайысты бастаған ұжым өз мақсаттарына толық жете білді. Көктемнің алғашқы күні ана мен бала арасындағы мейірімді көрсетіп, өнер сайысы арқылы өзара ынтымақтастық орната білген білім ордасы мақтауға лайық шараның ұйытқысы болды. Әлі де талай биікті бағындырар білім ордасына береке-бірлік, шығармашылық шабыт тілейміз.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы» Астана қаласы.    

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.