Дариға – «Miss NIS 2019» сайысының жеңімпазы

8 – Наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында мектебімізде дәстүрлі «Miss NIS» сайысы кезекті мәрте ұйымдастырылды. Сайысқа 9-10 сынып қыздары арасынан 8 бойжеткен қатысып, өзара бақтарын сынады. Сайыс 4 кезеңнен тұрып, әр қатысушының жеке қырларын ашып көрсетуге мүмкіндік берілді.

Берілген осы талаптар бойынша сахнаға көтерілген әр үміткер алдымен өздерін таныстырды. Таныстырудың өзіне ерекше мән берген оқушыларымыз өздері жайлы толық ақпарат беретін бейнематериалдарды пайдалана отырып, қоршаған орта, қоғам жайлы көзқарастарын да білдірген. Сайыстың екінші кезеңі өз өнерлерін көрсету. Бұл сында аруларымыздың бірі ән салса, енді бірі би биледі. Тіптен ас мәзірін әзірлеп, әділқазылар алқасына ұсынған саусағынан бал тамған аспаз қыздарымызда болды.

Дегенмен сайыстың шешуші кезеңі алда еді. Өйткені, ұйымдастырушылар арулардың білім деңгейін тексеру үшін әр саланы қамтыған түрлі сұрақтарды қойып,олардың аңғарымпаздығын  сынап көрді. Қойылған 18 сұрақтың дені қыз баланың өміріне қажетті деген дүниелерден құралған. Сауалдар оңай емес, сондықтан қыздарымыздың біраз ойлануына тура келді.

Соңғы кезеңде әр қатысушы сән үлгісін көрсетіп, алдын-ала үйге берілген тапсырма бойынша киімнің ерекшелігін ашып көрсетулері тиіс. Бұл сында киімнің тартымдылығы, көктем мезгілімен үндесуі, табиғилығы, сахна мәдениетіне ерекше мән берілді.

Мектеп әкімшілігі мен ата-аналардан құралған әділқазылар алқасының шешімімен биылғы сайыстың жеңімпазы болып 10 «Д» сыныбының оқушысы Дариға Лайчинова танылды. Ол «Miss NIS 2019» сайысының тәжін осы сайыстың былтырғы жылғы жеңімпазы Арайлым Аллабергенқызынан қабылдап алды. Ал өзге қатысушылар болса түрлі аталымдарға ие болды. Жеңімпаздарға лайықты сый құрмет көрсетілді.

Альсана Смаилова,

Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.