Home » Білім және өнер » Өнерлі ұрпақ — елдің жарқын болашағы

Өнерлі ұрпақ — елдің жарқын болашағы

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Бүгінгі жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан уақытта ұлттық тәрбие, ұлттық рухты жоғалтпау – үлкен міндет екені бәрімізге мәлім. Елбасы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік салаға ерекше қамқорлықтар көрсетілетіндігін атап өткен-ді. Нақтырақ айтсақ, жас толқынның қоғам өміріне белсене араласуға бейімделгендей, бойларына қайткенде ұлттық рухты егу, сіңіру, себу үшін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде аудандық мәдениет үйінде «Шабыт-2017» балалардың шығармашылық байқау-конкурсы ұйымдастырылды. Байқау-конкурсының бағдарламасы бойынша 1. «Өлең сөздің патшасы» (Туған жер туралы өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу); 2. «Сахна ілгіштен басталады» (Драма үйірмесінің жұмысынан көрініс); 3. «Ән- көңілдің ажары» (Туған жер туралы ән) (Фонограммамен 1 ән орындау: соло, дуэт, трио, квартет…); 4. «Домбырасыз ән қайда?» (Қазақтың ұлттық аспаптарымен 1 күй орындау. Ансамбль ұжымын көрсету); 5. «Мың бұралған билер-ай» (Әр ұлттың билерін көрсету) жанрлары бойынша ауданның барлық мектептерінің оқушылары өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның ішкі дүниесіның әртүрлі сезімі бейнеленетіндігін өнерлері арқылы көрсетті. Нәтижесінде біздің Бекмұрат Уахатов атындағы мектебіміз аудан бойынша жалпы командалық бүкіл аудан мектептерінің арасында екі жыл қатарынан топ жарып, І орынға ие болды және «Ең үздік мектеп командасы» атағына ие болды. Яғни, «Өлең – сөздің патшасы» номинациясы бойынша Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасынан үзінді оқып, поэзия сөзден жасалғанмен, сөзден биік тұратындығын дәлелдеген 6-сынып оқушысы Мазан Дамир ІІ орынды қанжығасына байласа, «Сахна ілгіштен басталады» драма үйірмесінің жұмысындағы көріністен Қабдеш Жұмаділовтың «Қаздар қайтқанда» әңгімесінің желісі бойынша «Бір уыс топырақ» сахналық қойылымынан бас жүлдеге ие болды. Драма құрамындағы қатысушылар – шығармашылық тыныстары кең, келешектерінен үлкен үміт күттіретін өнерпаздар. Олар – қарыштап қадам басып, қалықтап қанат қағып келе жатқан нағыз таланттылар. Ал үшінші «Ән – көңілдің ажары» атты байқауда вокал номинациясы бойынша «Мен бақытты баламын» әнін орындаған 5-сынып оқушысы Серікбай Аяулым тыңдармандардың көңілінен шығып, жоғары орындаушылық қабілетінің арқасында әннің құдіретін ән сүйер қауымға жеткізе біліп, ол да ІІ орынды алса, «Домбырасыз ән қайда?» қазақтың ұлттық аспаптарымен оркестр ұжымы қатысып, «Келіншек» күйін шебер орындап, олар да ІІ орынға ие болды.

Қазақ даласы ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. Әуенмен қазақтың бүкіл өмірі байланысты болған. Ал ұлттық болмыс пен бірегейлілікті сақтай отырып, сананы жаңғырту мен білімділікке ұмтылу – Елбасы мақаласының өн бойларына алтын арқау болғандықтарын көрсете білген Бекмұрат Уахатов атындағы мектебінің жас өнерпаздарының өнерлері өрге өрлегендей. Әрине, өнерлі ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Өнерлі ұрпағы бар ел өркениетті ел болары сөзсіз.

Исагалиева Айгуль Сабыржановна

Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі

Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Мерғалым ауылы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.