Home » Білім және өнер » Өнерін өмірімен егіз еткен

Өнерін өмірімен егіз еткен

Ақтау қаласындағы «Арман» жастар орталығы мәдени-демалыс кешенінің мәжіліс залында «Маңғыстаунама-2017» танымдық шарасы өтті.

Биылғы шара «Өмірім-өнерім» деген атпен зейнеткер ұстаз, кеңестік және қазақстандық мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Орын Құлсариевтің еңбек жолына арналып әдеби-сазды танымдық кеш ретінде ұйымдастырылды.

Кешті Маңғыстау облысының білім басқармасы ұйымдастырды. Шараның мақсаты – облыстық білім беру жүйесінде мәдени және саяси-әлеуметтік өзіндік қолтаңбасы бар, ой-өрісі кең, жан-жақты дамыған, ұйымдастыру қабілетін жас ұрпаққа таныту арқылы оқушыларды туған еліне, оның азаматтарына құрметпен қарауға үйрету, жастарға кәсіптік бағдар, рухани адамгершілік, патриоттық тәрбие беру.

Шараға білім басқармасының, «Рухани жаңғыру» өңірлік офисінің мамандары, облыстағы жалпы білім беру ұйымдарының, өнер мектептерінің мұғалімдері , оқушылар, О. Құлсариевтің жары мен ұл-қыздары қатысты.

Шара аясында «Отаным отбасынан басталады» тақырыбындағы ұстаздың өмірбаяндық фильмі көрсетілді.

Шараны облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова музыка өнерінің дүлділі атанған О. Құлсариевтің өмір жолына қысқаша тоқтала келіп, 85 жасқа толуымен құттықтады.

1932 жылы Таушықта туып-өскен Орын және Құндыз Құлсариевтардың отбасы сонау 50-жылдары құрылған. 18 жаста-ақ ерлі-зайыпты атанған екі жас өмірдің сан тарау жолдарынан бірге өтіп, 9 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Орын Құлсариевтің аты аймағымызда майталман музыкант ретінде белгілі. «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаған Орын ағамыз ұзақ жылдар бойы М. Өскінбаев атындағы Жетібай өнер мектебінің директоры қызметін абыройлы атқарды. Өмірлік жұбайы Құндыз ұл-қызын тәрбиелей жүріп, жас ұрпаққа білім беру саласында жұмыс істеген.

Кешегі қиыншылықтар мен жастықтың жарқын жылдары артта қалып, Орын, Құндыз Құлсариевтар бүгінде ұл-қыздарынан тараған 43 немере, 41 шөберенің қызығына тоймай отырған бақытты ата-әжеге айналды. Балалары ел игілігі жолында әр түрлі салада қызмет етуде.

Құлсариевтер отбасын Жетібай кентінде білмейтін адам жоқ. Маңғыстаудың дарабоз күйшісі Орын Құлсариев 77 жасында институтқа түсіп, жоғары білім туралы диплом алған.

«Құрмет» орденімен марапатталған, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «Аға домбырашы» құрметті атағы бар.

Оның бала-шағасының бәрі музыкалық аспаптарда ойнап, ән салады. Ата кәсібін 3 қызы жалғастырып жүр, 4 баласы мұнай-газ саласында жұмыс істейді, қалғандары – білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, қаржы салаларында.

Орын Құлсариев өнер саласында биік шыңдарды бағындырып, көптеген мақтау-марапаттардың иегері атанып, бірнеше шәкірт тәрбиелеген. Республикамызға танымал Айгүл Қосанова, Ұлықпан Жолдасов, Жоламан Көшкінов сынды т.б. эстрада жұлдыздары Орын ағаның шәкірттері.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші ата күйшінің балалары да қасиетті өнер жолын ұстанып келеді.

— Рахила қызым Құрманғазы атындағы консерваторияны үздік бітіріп, қазіргі таңда Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің дирижері қызметін атқаруда. Қызым Гүлнардың да шығарған әндері эстрада жұлдыздарының орындауында республика көлемінде айтылып жүр.

«Өрлеу» БАҰО АҚ» филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Индира Таумышқызы Жұмағалиева дарабоз күйші О. Құлсариевті мерейлі жасымен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

Облыс орталығындағы, Жаңөзен, Маңғыстау, Қарақия ауданындағы өнер мектебінің балалары өз өнерлерін көрсетті.

Қарақия ауданындағы №8 мектептің оқушылары «Күймен өрілген өмір» тақырыбындағы сахналық қойылым көпшілік көңілінен шықты.

Шарада белсенділік танытқан білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушылар облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Пернегүл ҚАРЖАУБАЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ

Қоғаммен байланыс және

баспа жұмыстары жөніндегі

бөлімнің бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.