Home » Балабақша » ӨЗІН ӨЗГЕЛЕРДЕН БИІК САНАУ – ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ

ӨЗІН ӨЗГЕЛЕРДЕН БИІК САНАУ – ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ

Көп адамдар бір жері ауырып тұрмаса, денсаулығым «түзу» деп ойлайды. Мен сіздерге адамның денесін ауыртпайтын бір ауру жөнінде айтайын. Көпшілік адам ол аурудан хабарсыз. Қазіргі уақытта көпшілігіміздің жүрегімізде бұл аурудың белгілері бар. Ол – тәкаппарлықтың кішірегі, жасырын түрі. Яғни, көп адамдар өзін өзгелерден биік ұстағысы келеді…

Мәселен, бір адам қымбат көлік мініп келсе, сізде де сондай көлік болғанына қарамастан, бір артықшылығыңызды еске алып, өзіңізді одан биік санайсыз. Немесе қасыңыздағы кісінің ақшасы көп болса, сіз «мен одан орысшаны жақсы сөйлеймін» деп өзіңізді жоғарырақ қоюға тырысасыз.

Ертеде бір әулие кісі болған екен. Алланың құдіретімен оның төбесінде көлеңкелеп бір бұлт жүретін. Күндердің күнінде сол адам көшеде бұлтымен келе жатса, оны көрген сол ауылдың абыройлы бір кісісі қызығып: «Үстінде бұлты бар, Алланың назары түскен пенде екен. Жүріңдер, соңынан аз ғана еріп жүрейік, жақсылығы бізге де жұқсын», – дейді жанындағыларға. Әулие кісі артына қарап, еріп келе жатқан адамдарды байқап: «Алла тағала менің дәрежемді көтеріп қойғандықтан, маған еріп келеді», – деп өзіне баға беріп қойыпты. Көп ұзамай бұлт иесі оңға, артындағылар солға бұрылады. Ал, бұлт арттағыларға еріп кетеді. Осы күнге дейін бұлт иесі өзін кішіпейіл ұстаған болатын, бір рет өзіне жоғары баға беріп қойып, бұлт өзге адамдарға ауысып кетіпті.
Иә, бір ортада, адамдар арасында өзінің бір ерекшелеу қабілетіне, не дүние-мүлкіне бола, басқалардан өзін биік ұстау, жоғары қою – адамдардың бойында бар жағымсыз қасиет. Өзгелерде сізде бар 100 сипаттың 99-ы болып, біреуі ғана болмаса, соған бола тәкаппарлыққа жол бересіз. Өзін биік ұстауға әуес адамның бойында шын тақуалықтың болуы өте қиын.

Бір ғұламадан: «Қандай кісі тақуа бола алады?», – деп сұрағанда: «Қарама-қарсы тұрған адам менен гөрі Алланың құзырына жақынырақ болса керек» деп өзін одан кіші тұтқан жан тақуа емес, тақуа болуға жарайтын адам», – деген екен. Яғни, өзін кішіпейіл тұта білетін адамның тақуа болуына мүмкіндігі бар деген сөз.

Тағы бір ғалым: «Түнді құлшылықпен өткізіп, ертеңгісін «Мен түні бойы ғибадат қылдым» деп өзіне баға беріп алып ұйықтап қалу, ертеңіне сол үшін өкініп жүру, әлдеқайда, абзалырақ», – деген екен. Яғни, өзімшілдіктің белгісі – міндетті түрде біреуге айтып, мақтану емес, іштей өзіне таңғалып, баға беру де жеткілікті.

Айша (р.а.) анамыздан бір дала арабы келіп: «Мен жақсы адам екенімді қалай білемін?»-деп сұрайды. «Жамандықтарың мен кемшіліктеріңді көре бастағанда, сен жақсы бола бастайсың», – дейді. «Ал, енді қашан жаман адам боламын?»-деп сұрағанда: «Жақсылықтарыңды көре бастасаң, жамандықтың саған да жұққанын біле бер», – деген екен. Бұл өзі сыртқа көріне бермейтін, адамның ішінде болатын дерт. Ал осы аурудың емі неде? Жүрегіне менмендіктің вирусы түскен жан оны қалай жазуы керек? Ол үшін адам баласы келесі нәрселерге мән беруі шарт:

Біріншіден, сіз өзіңізде бар дүние-мүліктің кімдікі екенін ойланыңыз. Қолыңыздағы ақша, мінген көлігіңіз, жеген тамағыңыз сіздікі ме? Жоқ, оның бәрін сізге Алла берді. Ол сізге пайдалану үшін берген Алланың жаратқан заттары. Сіз біреудің көлігін мініп алып, мақтана алмайсыз немесе біреу жеп жатқан тамаққа қарныңыз тоймайды. Ендеше, Алланың уақытша берген дүние-мүлкіне бола өзіңізді басқалардан биік санаудың да еш қажеті жоқ. Қолыңыздағының бәрі Алланікі екенін мойындағанда ғана сіз өзіңізді өзгелермен тең санай бастайсыз.

Екіншіден, сізге берілген аз-кем артықшылықтардың бәрін сынақ деп түсінуіңіз шарт. Байлығыңыз да, сұлулығыңыз да, қызметіңіз де, күшіңіз де, қабілетіңіз де – сізге деген сынақ. Алла тағала осы қасиеттерді сізге бере отырып, құлым бұларды жақсы нәрсеге пайдалана ма, әлде жаман жолға ма,- деп, сондай-ақ, осылар үшін паңданып, өзін биік ұстай ма немесе қарапайым қалпынан танбайды ма,- деп сынайды екен.
Үшіншіден, өз-өзіне баға беріп, жоғары қою – шайтанның ісі екенін ұмытпағайсыз. Шайтан да: «Адам топырақтан, ал мен оттан жаратылдым», – деп өзіне жоғары баға берді емес пе? Осы жайт оны Алланың азабына ұшыратып, жәннаттан қуылуына себепші болған.

Сондықтан, құрметті ағайын, Алланың рақымынан мақұрым етер менмендік, өзімшілдік, шіренушілік сипаттардан бойымызды аулақ ұстауға тырысайық!

 Әшімова Динара Сағитенқызы,
 Павлодар облысы Ақтоғай ауданы
Шілікті негізгі мектебі жанындағы
«Балапан» шағын орталығының тәрбиешісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.