Home » Жаңалықтар » Атырауда филиппин азаматы қазақша ән салды

Атырауда филиппин азаматы қазақша ән салды

Облыстағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Фоман де Лакруз бірнеше жылдан бері қазақ тілін меңгеріп келеді. Оның тіді үйренгені соншалық қазақ эстрадасындағы кез-келген танымал туындыны жаттап алуға қабілеті жоғары.

Қазақстанға осыдан 5 жыл бұрын жұмысқа орналасуға келген Фоман әуелі Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыларға дәріс оқыған. Алайда, металлургтер қаласының суық климатынан жәй таппаған ол, шетелдіктер көбірек шоғырланған мұнайлы өлкеге қоныстанады. Қазақ тілді өңірдің өзіндік ықпалы ма, әйтеуір азғантай уақытта шетелдік мейман ана тілімізді ауыз-екі тілде меңгерген. Фоман де Лакруз әріптестерімен қазақ тілінде, орыс және ағылшын тілінде де сөйлеседі. Күнделікті жұмыста мемлекеттік тілді қолданатын ол отандық эстарда әншілерін сүйіп тыңдайды. Оның репертуарында Ғаділбек Жаңайдың «Ханшайымы», Құрмаш Махановтың «Адам боп жаралған соң» сынды туындылары бар. Ерекшелігі де сол, филиппиндік мейман әндерді жатқа және жанды дауыста орындағанды жаны сүйеді.

Ал жуырда аймақтағы зияткерлік мектептің ұйымдастыруымен бесінші рет өткен «НИШ Фактор» музыкалық байқауында математика пәнінің халықаралық мұғалімі Ашаматай мен Арманның «Жараламағын» әнін орындап көпшілікті сүйсіндірді. Оның қазақ тілінде орындаған әні желіде тез тарап, бірнеше сағатта мыңдаған қаралым жинаған.

-Бұл әнді мен бірден ұнаттым. Музыкалық арналарда жиі жүретін әуенді жаттап алғым келді. Маған бар болғаны бір апта жеткілікті болды. Осылайша мен өз репертуарыма тағы бір жаңа қазақша әнді қостым», — дейді Филиппин елінен келген математика пәнінің мұғалімі Фоман де Лакруз.

Шетелден келген өнерлі ұстаз қазақ тілінен бөлек, өзінің ана тілінде, сондай-ақ орыс, ағылшын және француз тілдерінде де ән айтады. Талай мәрте қазақтың тойында көптің көңілін көтерген ол, ұлтымызда өнерге деген құрмет ерекше дейді.

-Мен әріптестеріммен бірге тойда, ұжымдық думанда ән айтқанды жақсы көремін. Егер бірнеше ән айтсам ең әуелі қазақ тіліндегі әндерден бастаймын. Содан соң орыс, ағылшын тілдерінде орындаймын. Бұл менің қазақ еліне, әнсүйер қауымға, өз әріптестеріме көрсеткен құрметім. Жалпы қазақтар өте дархан, бауырмал халық. Той жиындарында талай ән айтқанымда маған сыйлыққа ақша беретін. Мен мұны бастапқыда түсінбейтінмін. Өнерді сатпаймын. Оның үстіне кейде орындалған ән көңілімнен шықпай жатырса ол үшін жұрттан ақы алу маған ыңғайсыз. Бірақта қазақ халқының өнерді қадірлейтіні соншалық олар мін іздеп кемсітпейді,— дейді Фоман.  

            Әңгіме барысында шетелдік ұстаз өзінің саяхаттаған мемлекеттерінде де қазақ тілінде ән шырқап, біздің ана тілімізді өзгелерге таныстырып жүргенін айтады. Осылайша қазақ тілін тек өз елімізде емес, өзгелерге де әсем әнмен сусындатып жүрген ұстаздың арманы жеке шығармашылық кешін өткізу. Ал ол үшін әрине қомақты қаражат және авторлық әуендердің болғаны да дұрыс дейді сұхбат кейіпкері.

 

Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,

Атырау қ.ХББ-ы НЗМ-ң баспасөз хатшысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.